Елбасының тапсырмасын орындау кең ауқым алуда. Бұл жөнінде кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифинг барысында мәлімдеген «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаев жыл басынан бері аймақтарда екі мыңға тарта баспана тапсырыла бастағанын жеткізді.
Холдинг басшысының сөзінен белгілі болғандай, үстіміздегі жылы «Бәйтерек» ұлттық холдингі 487 мың шаршы метр немесе 9740 пәтерді пайдалануға бермек. Бұл ретте олардың 50 пайызы (4870 пәтер) жас отбасыларына табысталары ерекше аталды. Бұған дейін үстіміздегі жылдың наурыз айында жалпы ауданы 76,5 мың шаршы метр болатын алғашқы 1357 пәтер холдинг тарапынан Астана, Алматы, Қостанай, Көкшетау және Семей қалаларында сатып алынып, тұрғындарға үлестірілгені де назардан тыс қалған жоқ. Ал сәуірде Шымкент қаласында «Қазақстан Ипотекалық Компания» ИҰ» АҚ-пен салынған тұрғын үй кешенінде жалпы ауданы 56,2 мың шаршы метрді құрайтын 1080 пәтер бөлу басталған.
Қ.Бишімбаев пәтер алушылар қатарында бюджеттік ұйымдар, әскери және мемлекеттік қызметкерлер, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, жетім балалар мен оралмандар да бар екендігін ортаға салды. Оның айтуынша, пәтерлер тұрушыларға дайын күйінде ұсынылған. Сондай-ақ, холдинг басшысы кешеден бастап жалға берілетін тұрғын үйдің алаңы 306,5 мың шаршы метр болатын 5416 пәтер құрылысы мен сатып алу шарты жасалғандығына назар аудартты. Үстіміздегі жылы Астана, Алматы, Семей, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау, Тараз, Қызылорда және Талдықорған қалаларында жалпы алаңы 262,5 мың шаршы метрлік 4596 пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2016 жылы Қызылорда мен Шымкент қалаларында жалпы алаңы 44 мың шаршы метрлік 820 пәтер қолданысқа енгізіледі.
Тарқатып айтқанда, бірінші жартыжылдық соңына таман Ақтөбе (77 пәтер), Павлодар (35 пәтер), Алматы (50 пәтер), Астана (52 пәтер) қалаларында және Алматы облысында (55 пәтер) кезекте тұрғандар арасында тұрғын үйді бөлу жоспарлануда. Холдинг басшысы бағдарламаны іске асырудағы бес жылдың ішінде 1,483 мың шаршы метр немесе 29 мың пәтер жалға беруге ұсынылатын ерекше атап кетті. Құрылыстың барлық кезеңінде тәуелсіз қаржы-техникалық бақылау қызметі тартылатын болады. Бұдан басқа, Ұлттық қордан нысаналы бөлінген қаржыны тиімді жұмсау барысын Мемлекеттік комиссия мүшелері, Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясына тәуелді бағдарламаны іске асыру және бюджеттік қаражаттарды жұмсауды бақылау бойынша арнайы комиссия мүшелері бақылау жүргізеді.
Жалпы, жеңілдік талаптарымен әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйді беруге Ұлттық қордан 180 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде «Бәйтерек» холдингіне жалға берілетін тұрғын үйді салу және сатып алу үшін 145 миллиард теңге, ал 35 миллиард теңге жергілікті атқарушы органдар үшін бөлінері белгілі болып отыр. Бұл қаржылар негізінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жүргізуге бағытталады. Қаржының бөлінісін айтқанда, 2015 жылы 92,5 миллиард теңге бөлу қарастырылса, 2016 жылы 52,6 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр екен. Біртіндеп, сатып алу құны туралы да мәлімет бере кеткен жөн. Мысалы, бір бөлмелі 33 шаршы метр болатын пәтердің ай сайынғы төлемі 34 мың теңгені құрайды. Ал жалпы алаңы 45 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтердің құны 46 мың теңге болса, орташа 62 шаршы метрді құрайтын үш бөлмелі пәтерді жалдау төлемі 63 мың теңге. Сатып алынбайтын, бірақ жалға берілетін бір бөлмелі пәтердің 20 шаршы метрі ай сайынғы төлемі елімізде 10 мың теңгені құрайды. Жалпы алаңы 30 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер құны орташа есеппен 15 мың теңге болса, алаңы 45 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтер құны орташа есеппен 23 мың теңгені құрайды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».