Сайлау өтті, сайлауда Қазақстан халқы өзінің сөзін айтты. Сайлаушылардың 97 пайыздан астамы өз болашағын Елбасымызға сеніп тапсырды. Әлем тарихындағы теңдессіз электораттық белсенділік деңгейі халықтың өз көшбасшысымен мызғымас бірлігінің, оның топтасқандығы мен ортақ болашаққа ұмтылысының жарқын мысалы ретінде «қазақстандық ғажайыптың» тағы бір айғағына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауындағы айшықты да иланымды жеңісі Қазақстан Көшбасшысының елімізді мақсатты да тұрақты дамыту жөніндегі орасан зор тынымсыз жұмысының нәтижесі іспеттес. Өзінің Тұңғыш Президентінің басшылығымен Қазақстан мемлекеттік құрылыстың алғашқы екі кезеңінен сеніммен өтіп, орныққан мемлекет жағдайына жетті. Президент сайлауы еліміздің егемен дамуының тұтас бір мерзімін тәмамдап, жаңа, үшінші кезеңнің баспалдағына айналды, Қазақстан қоғамының терең институционалдық транформациясы осы кезеңнің негізгі мазмұны болып отыр.
Әлемдік деңгейдегі стратег ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамның жүйелі жаңғыруының бес қағидатын ұсынды. Солардың қатарында – мемлекеттік аппаратты реформалау, заңның салтанат құруын қамтамасыз ету, әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсу, бірлікті нығайта түсу, ел алдында есеп беретін әрі транспарентті мемлекет құру. Геосаяси және геоэкономикалық тұрақсыздықтың тәуекелдері мен сыртқы қауіп-қатерлерді ескере отырып, жасалған ауқымды жаңғыртулардың президенттік жобасы биік мақсатқа – Мәңгілік Елге жетуге жол ашады. Іргелі қағидаттардың бірі кәсіби мемлекеттік аппаратты қайта құру болып табылатынын ұғыну маңызды. «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау, онда қызметшілер азаматтар құқықтарын құрметтеп және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады», – деп атап көрсетті Президент лауазымға кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде. Мемлекеттік қызмет жекелеген топтар мүдделеріне емес, ең алдымен қоғамдық және мемлекеттік мақсаттарға жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, қазақстандық мемлекеттік қызмет қол жеткізген белгілі бір табыстарға қарамастан, кадр саясатында жеңұшынан жалғасу әлі де басым болып келеді. Елдік көзқарастың болмауы, адамгершіліктің және идеологияның кемшіндігі пайдасы төмен принципсіз төрешілерді, сыбайлас жемқор қызметшілерді туғызады. Кадр резервін арттыру үшін мансаптың сатылылығын, яғни лауазымға бұрынғы жұмыс тәжірибесін ескере отырып тағайындау, шен мен лауазым сабақтастығының дәйекті жүйесін заң жүзінде бекіту маңызды. Билік құрылымдары өкілеттіктерінің әсіре орталықтандырылуы бүгінгі таңда тиімді мемлекет құру жолындағы елеулі кедергі болып табылады. Сондықтан да мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру реформаның түйінді сәттерінің бірі болуға тиіс, ол өкілеттілік пен жауапкершілікті басқарудың төменгі деңгейлеріне және мемлекеттен қоғамдық-кәсіби органдарға беруді көздейді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, қызметкерлерді басқаруды мемлекеттік аппаратта, сондай-ақ, бүкіл мемлекеттік секторда жетілдіру нәтижеге бағытталған басқаруға көшуді талап етеді. Осы орайда, Ұлыбритания мен Канада сияқты бірқатар дамыған елдердің тәжірибесі қызғылықты, мұнда мемлекеттік қызметшілердің қатаң белгіленген лауазымдық ақылары жеке жалақыға және ақшалай көтермелеу жүктелген міндетті атқару деңгейіне байланыстырылатын келісім-шарттық жүйеге алмастырылған. Президентіміз меритократия қағидатын енгізудің қажеттігін орынды атап көрсетеді. Елімізде талантты басқарушылар көп, тек солардың мемлекеттік қызмет қатарына келуін, соның ішінде қоғамдық өмір мен экономиканың түрлі салаларынан неғұрлым табысты жастар үшін «әлеуметтік лифт» жасау жолымен келуін қамтамасыз ету ғана керек. Жоғарыда аталған шараларды орындау ел Президентінің саясатын жүзеге асыруда және тиімді мемлекет құруда мемлекеттік қызметшілер корпусының пәрменді тетік болуына мүмкіндік береді. Қазақстан қоғамын тиімді институционалдық транформациялаудың маңызды факторларының бірі ретінде Президент заңның басымдылығын атап өтті. Көне Рим заманынан бері мағына мен даналыққа толы «Мемлекетті заң басқаруы тиіс», «Заң бәрінен жоғары», «Заң бәріне билік жүргізуі тиіс» деген постулаттар кеңінен белгілі. Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын айғақтау мен қорғаудың жоғары формасы бола отырып, заң басымдылығы мемлекеттің өзінің, оның органдарының, оның лауазымды өкілдерінің жеке тұлғалармен бірдей заңға бағынуын көздейді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда құқықтық қоғам құрылып, елімізде демократия қайтымсыз сипат алды. Сонымен қатар, заң жоғарылығын толық жүзеге асыру жөніндегі жұмыстың аяқталуына әлі ерте. Өмір көрсетіп отырғанындай, халықтың бойында құқық қорғау институттарына деген сенім деңгейі төмен, құқық қорғау қызметтерінің зорлық-зомбылығы мен сыбайлас жемқорлығы мұның негізгі кемшіліктері болып отыр. Мұның барлығы халықты өз түйткілдерін құқыққа қарсы әдістермен шешуге итермелеп, заң бұзудың табиғи мінез-құлық нормасына айналу қаупін туғызады. Президент сот билігі мен құқық қорғау органдарын қоғамдық сұраныстарға және мемлекеттік мүдделерге сай жаңғырту міндетін орынды қойып отыр. Олардың қызметінің тиімділігі және халыққа көрсететін қызметінің сапасы тұрақты қоғамдық бағалау нысанына айналуы тиіс. Мұның өзі судьялар корпусының, ішкі істер органдары қызметкерлерінің білім деңгейіне, адамгершілік қасиеттеріне қойылатын біліктілік талаптарының қатаюымен қатар Қазақстан халқының сенім деңгейін жоғарылатуға және қазақстандық сот әділдігі мен құқық тәртібіне деген сенімін көтеруге мүмкіндік береді. Заңның басымдылығын қамтамасыз ету түптің түбінде мемлекеттің экономикалық өсуі, елге инвестициялар тарту, әлеуметтік және саяси тұрақтылық үшін негіз болады. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты міндеттерін шешудің және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына жетудің негізі экономиканың институционалдық реформасы болатыны сөзсіз. Мақсат айқын: елдің экономикалық дамуына бөгет жасайтын «ресурстар лағынетінен» арылу қажет. Бұл үшін әртараптандырудың негізгі құрамдас бөліктеріне: индустрияландыруға, өңдеуші секторға, ауыл шаруашылығына, қызмет көрсету саласына, туризмге баса назар аударылады. Экономикадағы институттық реформаны жүзеге асыру жоғары дамыған елдер тұрақтылығының негізі, қоғамдық қатынастардың, қалыптасқан құндылықтар жүйесінің және саяси ымыраның шырақшысы деп орынды түрде аталатын орта тапты жедел қалыптастыруға жағдай жасайды. Экономика дамуын ынталандыру мен шикізаттық тәуелділіктен бой тартуда жол-көліктік, өндірістік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың айрықша маңызы бар. Жоспарланып отырған халықаралық магистральдарды пайдалануға беру экономикалық тұрғыдан тиімді болып қана қоймай, еліміз бен аймақтағы тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы ретінде маңызды геосаяси рөл ойнайды. Экономиканы трансформациялау келешегі көп жағдайда отандық университеттерге байланысты. АҚШ, Жапония, ҚХР, Финляндия сияқты табысты дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, жоғары технологиялы өндірісті қалыптастыру мен дамыту қуатты да ірі университеттердің негізінде және олардың белсене қатысуы арқылы жүргізілгендігін көрсетіп отыр. Дамыған елдерде зерттеу университеті түріндегі ірі жоғары технологиялық ареалдар инновациялық жүйенің өсу нүктелеріне айналуда. Осыған орай, Қазақстан университеттері де елдің инновациялық жүйесінің үштік серпінін құруда өзінің зияткерлік орнын тауып, бәсекеге қабілетті мамандар ұстаханасы, жаңа білімдер мен инновацияларды өндіру орталықтары болуға тиіс, сөйтіп, білімге негізделетін экономиканың нақты нысаны болуы қажет. Елбасымыздың Алматы қаласының арнайы мәртебесін заңмен бекіту жөніндегі бастамасының айрықша маңызы бар. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, табиғи жағдайы қолайлы оңтүстік астана Лондон, Дубай, Сингапур сияқты инвестиция тартатын инновациялық магнитке айналуы тиіс. Оңтүстік мегаполиске айрықша мәртебе беру оның қаржы орталығы ретіндегі жағдайын бекітіп, инфрақұрылымды өркендету, бизнес-ортаны, іскерлік ахуалды дамыту мен жақсарту мәселелерін есепке алуға, инвестициялар мен инвесторларды қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстанның одан арғы трансформациясының негіз құраушы тұғыры – Президент ұсынған төртінші институционалдық реформа. Тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудағы еліміз тәжірибесін қазақстандық төзімділіктің ғажайыбы мен этностық және конфессиялық мінез-құлық модельдерінің салиқалы тоғысы ретінде сарапшылар мұқият зерттеп жатыр. Біз ұлттық біртектілігіміз бен даралығымызды бекітіп, ғаламдастырушы үдерістердің жағымсыз ықпалына ұшырамау және әлемдік дамудан шетқақпай қалмау үшін халықтық дәстүрлер мен мәдениетті дамытуға тиіспіз. Қазақстандық біртектілік қазақстандық патриотизмге негізделеді, мемлекеттік тіл қазақстандық біртектілікті қамтамасыз ететін маңызды тетік болып табылады. Ал Президент алға қойған зияткерлік реформасы – болашақтың біртұтас ұлты – Қазақстанды одан әрі дамытудың ұлы негізі, қоғамды Мәңгілік Ел ұлттық идеясы төңірегінде топтастыру әдісі. Елдің өркендеуі мен тәуелсіздігі, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік, әділдік, заңның басымдығы, отбасы және дәстүрлер – бұл құндылықтардың бәрі мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің тұғырлы іргетасы екені сөзсіз. «Біздің ортақ рухани күшіміз және биік мақсатымыз: Мәңгілік Ел. Ол біздің XXI жүзжылдықтағы дамуымызды прогрестің күш-қуатымен толықтырады», – деп атап көрсетті Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, мемлекетті реформалау – мұқият ойластыруды қажет ететін күрделі үдеріс. Халыққа есеп беретін мемлекетке өту оның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Отанға қызмет ету қағидатын мемлекеттік аппаратта дәйекті түрде жүзеге асыру жария билік алдында жауапты мемлекеттік қызмет құруға мүмкіндік береді. Халықтың еркі мен үні азаматтық қоғам және парламентаризм арқылы бұдан да салмақты рөл ойнайтын болады. Мемлекеттік институттар қызметінде жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуына бақылау жасау тікелей халық билігінің бейнесі болуға тиіс. Бұл үдерісте азаматтардың ұжымдық бірлестіктері маңызды болып табылады. Әлеуметтік әріптестік арқылы мемлекет қоғамдық-кәсіби бірлестіктерге еңбек қатынастары жүйесін дамытып, жетілдіруге мүмкіндік береді. Азаматтық қоғамды дамыту мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысуды ғана емес, сондай-ақ, оның нәтижелері үшін жауапкершілікті бөлісуді көздейді. Аталған бағдарламалық құжат оны жүзеге асырудың нақты мерзімдік ауқымын айқындауды талап етеді. Президент жанындағы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жедел құрылғандығы орындау уақытының тығыздығын көрсетіп отыр. Алға қойылған мақсаттарға жету жолы болып табылатын, «мемлекеттік құрылыстың 100 қадамынан» тұратын Ұлт жоспарының реформаларды табысты жүзеге асырудағы маңызы зор. Бұл орайда, уақыт тұрғысынан болсын, мемлекеттік құрылымдар, бизнес пен қоғам тұрғысынан болсын, іс-қимыл бірлігін қамтамасыз ету маңызды. Реформаның әрбір кезеңі елдегі ішкі өзгерістер динамикасын сипаттайтын орта тап үлесінің артуы, сыбайлас жемқорлық пен жұмыссыздықтың кему деңгейі, қоғамның бірігу дәрежесі сияқты нақты көрсеткіштерге жетуге бағытталуы тиіс. Мұндай көзқарас Қазақстанды жаңғыртудың 100 қадамын жүзеге асырудың кешенді моделін жасауға, әлемдегі дамыған елдерді сипаттайтын халықаралық индекстер мен көрсеткіштерге шығуға мүмкіндік береді. Мұның өзі Мәңгілік Ел болудың тікелей жолы болып табылады. Өз мемлекетінің даму болашағын осылай айқын бағдарлай алған ел аз. Бұл стратегиялық бағдарлама шын мәніндегі «халықтық» реформалардан тұрады, өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі – оның еңбегі мен беделіне сайлаушылар тарапынан берілген жоғары баға мен құрмет қана емес, Қазақстан халқы Елбасының қоғамды жаңғырта дамыту мен жетілдіру мақсатындағы реформалау бағдарламасын жаппай қолдады да осы арқылы еліміздің жаңа сапалы өркендеу жолын таңдады. Қазақстанның алдағы дамуы мен өркендеуі ісінде қазақстандықтардың Елбасының стратегиялық бағдары айналасына топтасуы мен өз Президентімен бірге мызғымас бірлікте болуы – жаһандық кеңістікте қуатты Мәңгілік Елдің орнығуына апаратын нақты жол.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик.