Жамбыл облысы ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қолына жол сөмке ұстаған Қырғыз Республикасының тұрғынын тексеру барысында, одан Калашников автоматын, Макаров тапаншасын, магазині мен ұңғысына дыбыс тұншықтырғыш орнатылған ПСН тапаншасын, әртүрлі калибрлі 55 оқ дәрілерін тәркіледі.
Жедел іс-шара ІІД бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетовтың жеке қадағалауымен өткізілді. Өйткені, атыс қаруларын алып өтпек болған күдіктіні тұтқындау бойынша арнайы операция екі аптаға созылды. Аса қырағылықты талап ететін осы жауапты күндері жамбылдық полицейлер ҚР ҰҚК 2035 әскери бөлімінің шекарашыларымен бірге шекара бұзушы өтуі мүмкін аймақты бірлесіп күзеткен. Ақыры Меркі ауданындағы Гранитогорск бекеті маңындағы су бөгетінен өтпекші болған Қырғыз Республикасы Шу облысының тұрғыны қолға түсті. Шекара бұзушының айтуынша, Александровка ауылының белгісіз екі азаматы оған қаруы бар сөмкені бес мың сомға (шамамен 15 мың теңге) өткізіп беруді өтінген.
Қазіргі таңда 63 жастағы күдікті қамауда отыр. Ол тиісінше қаруды заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны немесе қаруды алып жүргені және оны кедендік шекарадан өткізгені үшін ҚР ҚК 250 және 251-баптары бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.