Қостанайда ірі көлемде ақша жымқырғысы келген алаяқтықтың жолы кесілді. Кеден органдарындағы нысанның киімін киген біреу Қостанай облысы бойынша қазынашылық департаментіне келіп, жасанды қаржылық құжаттар ұсынған. Сол арқылы кедендік бақылау департаментінің депозиттік шотынан 100 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңды тұлғаның есеп айырысу шотына аудартуға ниеттенген.
Кеденші кейпіне кірген алаяқ ұсынған құжаттарға күдіктенген қазынашылық департамент қызметкері дереу кедендік бақылау комитетіне хабарласқан. Ал оңай олжаға батқысы келген арам ниетті азамат ізін жасырып үлгерген. Сот-криминалистік сараптама қорытындысы Қостанай облысы бойынша қазынашылық департаментіне ұсынылған құжаттарға қойылған мөр де, Қостанай облысы бойынша кедендік бақылау департаменті басшыларының қолдары да жасанды екенін анықтады.
Осы оқиға бойынша облыстағы кедендік бақылау департаменті Қылмыстық кодекстің 24-бабы (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға қастық ойлау) және 177-бабы, 3-бөлімінің “б” тармағы (ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі кезде кеденшілер мен қаржы полициясы бірігіп, шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.