25 Маусым, 2015

Ақтөбе тұрғыны алаяқтығы үшін үшінші рет сотталды

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
25-06-2015-alayak 01АҚТӨБЕ. 25 маусым. Ақтөбеде алаяқтығы үшін екі мәрте абақтыға отырып шыққан 38 жастағы қылмыскер тағы да темір торға қамалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Тергеу барысында Дінмұхамбет Әділшіновтің бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін екі рет абақтыға отырып, 10 жыл жазасын өтеп шыққаны анықталды. Бірақ, бұл оған сабақ болмаған. Енді оның қоныс колониясында жүріп-ақ Ақтөбедегі «Биос» медицина орталығының дәрігерін алдап соққаны әшкереленіп отыр. Бастапқыда ол өзінің Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігін дәрігердің зауыттан 1995 жылы шыққан Mitsubishi Pajero көлігіне үстеме ақымен ауыстыруға көндіреді. Кейін Бөкенбай батыр көшесіндегі үйлердің бірінен пәтер алуға ұсыныс жасайды. Дәрігердің 5 440 мың теңгеге жуық қаражатын жымқырған ол уәдесінің бірде-біреуін орындамаған. Тергеу кезінде алаяқтың дәрігердің ақшасын өз қажеттілігіне жұмсағандығы мәлім болды. Ал көлікті танысына қарызын өтеу үшін беріп жіберген. Бұдан бөлек алаяқ 36 жастағы есепшіні алдап, тақырға отырғызып кеткен. Танысының сеніміне кірген ол 3 миллион теңгеге арзан пәтер алып бермек болады. Алайда, келісілген ақшаның тең жартысын алған ол өз сөзінде тұрмаған. №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Рауия Кустанова оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алаяқтықтың ақыры осылай бітері бесенеден белгілі. Енді ол осыншама уақытын темір тордың ар жағында өткізетін болады. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: tengrinews.kz.