Батыс Қазақстан облысында сот өндірісіне кең жариялылық беруді көздейтін бағдарламаның тұсауы кесілді. Бұдан тұрғындар сот істеріне қатысты ақпарат-анықтамалармен егжей-тегжейлі таныса алады. Яғни, облыстық соттың веб-сайты арқылы кез келген адам сот өндірісіне түскен істердің қаралатын мерзімін, қорытынды құжаттар мен іс қаулыларын сотқа келмей-ақ интернет желісі арқылы танысып отырмақ.
– Аталған бағдарламаның бұған дейінгі тәжірибемен салыстыра қарағанда үш түрлі артықшылығын атап көрсетуге болады. Біріншіден, бұл қағазбастылықты азайтып, сот қызметкерлерінің жұмысын әжептәуір жеңілдетеді. Екіншіден, шалғай аудан тұрғындары өздеріне қажетті ақпарат алу үшін текке жол шығыны мен азабын тартпайды. Ең бастысы – жаңа бағдарлама арқылы сот істерінің ашықтығы мен жариялылығына жол ашылып отыр, – деп мәлімдеді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы Амангелді Шахин.
Сондай-ақ, облыстық сот ғимаратының бірінші қабатына қойылған ғаламтор байланысы арқылы да азаматтар өздеріне қажетті ақпараттарды таба алады.
Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.