26 Маусым, 2015

Қамқорлықтың нақты көрінісі жұртшылық көңілінен шығып отыр     

253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 25 маусым күні жұмыс сапарымен Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандарында болды. Вице-премьер, ең алдымен, Ақмола облысының әкімі Сер­гей Кулагиннің бастауымен Крас­ногор ауылдық округіндегі Калачи елді мекенінде болып, ұйқы синдромы орын алған ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл бөлді. Осыған байланысты Бер­дібек Мәшбекұлы Калачи орта мектебінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Республикалық жұмыс тобы­ның өкілдері, мүдделес минис­трліктер мен облыстық ве­домстволардың басшылары қа­тыс­қан жиында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров кеңейтілген хабарлама жасады. Оның айтуынша, ұйқы синдромы көрініс берген 2013 жылдан бері осындай 170 оқиға тіркеліп, 133 адам дәрігерлік көмекке жүгінген. Жергілікті дәрігерлік амбулатория­да тәулік бойы жұмыс істейтін, 10 төсектік екі палата жабдықталды. Ол Есіл аудандық ауруханасының дәрігерлік-медбикелік бригадасымен нығайтылыпты. Калачидің әрбір тұрғыны медициналық бай­қаудан өткізіліп, олардың ден­саулығы туралы жеке паспорты мен әлеуметтік картасы ре­сім­делген. 2015 жылғы 1 маусымдағы мә­лімет бойынша, Калачи ауылында 532 адам тұрса, оның 283-і еңбек қабілетіндегі, 130-ы зейнеткер, 15-і мүгедек, 73-і оқушы, 26-сы мектеп жасына дейінгі балалар және бесеуі студент екен. Сондай-ақ, әлеуметтік картаны дайындау барысында тұрғындардың 15 пайызы Калачиде тіркелмегені, 30 пайызының тұрғын үй мен жылжымалы мүлікке құқықтық қамтамасыз ету құжаттарының жоқтығы анықталған. Өкілетті органдар бұл мәселе бойынша қосымша жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылды. Орын алған жағдайға байланысты Ақмола облысының әкімдігі Калачи мен Красногор тұр­ғын­дарын облыстың Есіл және Державин қалаларына, өзге де ауылдық округтеріне қоныс­тандыру туралы шешім қабыл­даған. Бұл жөнінде арнайы жұмыс тобы Калачи мен ірге­лес Красногор кентінің әрбір тұрғынымен ерікті сұрау салу әңгімесін өткізіп, көші-қон мәселесіне қатысты түсі­нік жұмыстары жүргізілді. Нәти­же­сінде, 2015 жылғы 19 мау­сымға дейін 65 отбасы (176 адам, 54 бала) басқа елді мекен­дер­ге қоныс аударыпты. Бұған қо­сымша, «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағ­дар­ла­ма­сымен тұрғын үй салуға бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта Есіл қаласында 118 пәтер­лік екі үйдің құрылысы, Жар­қайың ауданының орталығы Дер­жавин қаласында 75 пәтер­лік тұрғын үйдің қайта құры­лысы жобасы жүзеге асырылуда. Есілдегі үйлерге 101 отбасы (жоспарланғаны 118 пәтер) қоныс­тануға тілек білдіріп отыр. Калачи және Красногор кентіндегі тағы да 165 отбасы мүшелерін Державин қаласындағы 75 пәтерлік үйге көшіру жөніндегі мәселе қа­растырылуда. Жалпы, аталған елді мекендердің тұрғындарын көшіру мен медициналық қамтамасыз ету облыс әкімдігі тара­пынан айрықша бақылауда ұсталуда. Жиналыста ауыл тұрғындары Виктор Крюков, Любовь Говдий, Виктор Лукьяненко, Вера Пры­тика және Ұлттық радиация институтының директоры Сер­гей Лукашенко сөз алып, көші-қон, тұрғын үй мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру, ғылы­ми талдамалардың барысы ту­ралы пікірлерін білдірді. Сон­дай-ақ, республикалық жұ­мысшы тобының жетекшісі, Энер­гетика министрінің орынбасары Талғат Ақсалбиевтің атқар­ған жұмыстары туралы есебі тың­далды. Вице-премьер мен облыс әкі­мі кездесуге қатысушылардың көп­теген сұрақтарына жауап қайтарды. Бердібек Сапарбаев жур­налистерге берген сұхба­тында ауыл тұрғындары мен балалардың денсаулығы бәрі­нен биік тұратындығын, ұйқы синдромының толықтай анықтал­мағынын ескере отырып, оларды облыс әкімдігі белгілеген елді мекендерге көшіру, жұмыспен және әлеуметтік ұсынымдармен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұл мақсаттарға қазірдің өзінде 1,5 миллиард теңге бөліп отыр. Қалған қаржы көздері де қарастырылуда. Сонымен бірге, ол көшірілгендерді қабыл­дап, тиісті жағдай жасап отырған ша­руашылық басшылары мен жергілікті билік өкілдеріне алғы­сын білдірді. Үкімет басшысының орынбасары сапар барысында Есіл және Державин қалаларында Калачи мен Красногор тұрғындарына арналып салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарында, басқа да нысандарда болып, әлеуметтік сала қызметкерлерімен мәжіліс өткізді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.