Саясат • Бүгін, 08:00

Ел мүддесін қорғау үшін түбегейлі жаңару мен экономиканы нығайту маңызды

10 рет
көрсетілді
98 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төр­аға­лы­ғымен Үкіметтің кеңей­тілген отырысы өтті. Жиында еліміз­дің 2025 жылғы әлеумет­­тік-эконо­микалық даму қоры­тын­дылары талқыланып, алдағы кезеңге арнал­ған негізгі міндет­тері белгіленді. Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Жасанды интел­лект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.

Ел мүддесін қорғау үшін түбегейлі жаңару мен экономиканы нығайту маңызды

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жаңа Конституция жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген

– Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асы­рып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлт­тық құрылтай отырысында консти­ту­циялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ. Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту өте маңызды. Себебі еліміздегі рефор­­малар бұрын-соңды ешқашан дәл осы­лай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсы­нылмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформалар кеңі­нен қолданылды. Конституциялық рефор­маға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі. Осыған дейін Конституциялық комис­сияның он отырысы өтті. Комиссия мүше­лері түзетулердің аса көптігін ескере оты­рып, ортақ пайымға келді. «Ата заңға жеке­леген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабыл­­даған жөн» деген байлам жасады. Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конс­ти­­ту­ц­ия­ның алғашқы нұсқасы жарияланды.

– Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын. Азаматтарымыз Конс­титуция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның сая­си мәдениеті және белсенділігі артып келе­ді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсе­тіл­ген негізгі міндеттердің бірі. Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте ма­ңызды. Сол арқылы қоғамдық диалог­тің дамуына, еліміздің үздіксіз алға ба­суына жол ашылады. Қазірдің өзінде бір нәр­сені күмәнсіз айтуға болады: жұрт­шы­лық назарына мүлде жаңа құ­жат ұсы­нылып отыр. Бұл құжат мемлекеті­міз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріл­генін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітетінін айтты. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Кейінгі жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсыны­лып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы. Кейінгі жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мем­лекеті­міздің конституциялық негізін то­лық қайта құру қажет екенін көрсетеді. Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқару­дың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзырет­терін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси инс­ти­туттардың тиімділігі мен орнықты­лығын жақсартуға мүмкіндік береді.

– Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз. Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір. Бұл – адамдардың және азаматтар­дың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығы­ның қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсеті­летін біртұтас жүйе қалыптастырамыз. Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жоба­сын­да білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті. Ал «Неке – ер­кек пен әйелдің ерікті және теңқұқы­лы бір­лес­тігі, яғни одағы» деген тұжы­рым арқы­­лы қоғамдағы дәстүрлі құндылық­тарды сақтап қалу мақсаты көзделді. Конс­­­ти­­туция жобасында табиғатты қор­ғау мә­се­лесіне де назар аударылды. Менің­ше, бұл – өте маңызды нәрсе, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.

– Меніңше, бұл – жаңа Конституция­ның сипатына толық сай келетін әлеу­меттік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарау­ды сұраймын. Тұтастай алғанда, Негізгі заң жобасында Қазақстанның қарқын­ды дамуына, ұлтымыздың ұйысуы­на қажет­ті іргелі қағидаттар мен құнды­лық­­тар толық қамтылған. Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтары мүлтік­сіз сақ­талатыны сияқты негізгі қағидат­тар нақты көрсетілген. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды. Тәуел­сіздігіміз, егемендігіміз және аумақ­тық тұтастығымыз мызғымас құндылық­тар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар. Ата заңы­мызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституция жобасын шын мәнін­де озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда конс­­ти­­­ту­ция­лық құрылысқа қатысты әлем­­дегі үз­дік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқық­тары және ұлттық мүдде­міз толық қор­ғалған. Әрине, қазіргі Консти­ту­­циямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығар­майды. Соңғы 30 жылда жеткен бар­лық жетістігіміздің бастауында Ата заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы. Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды.

Сол кезден бері еліміз адам танымас­тай өзгерді. Болашағымызға көбі күмән­мен қараса да, Қазақстан халықаралық беде­лі жоғары, мықты мемлекетке айнал­ды. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэконо­ми­калық, технологиялық ахуал түбегей­лі өзгеріп жатыр. Кейінгі жылдары Қазақ­стан да көптеген өзгерісті бастан өткер­ді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті зор сілкініс әкелді десек, қате болмас. Сондықтан еліміздің мақсат-мін­деттерін, құндылықтары мен қағидат­тарын заман талабына сай, конститу­ция­лық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды.

Президент Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес екенін алға тартты. Бұл өзгеріс­тердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбе­гейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғыр­ту. Жаңа Конституцияның жобасына аса қа­жетті әрі озық нормалар енгізіл­ген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынты­ма­­ғы­­мызды, береке-бірлігімізді сақтай оты­рып, эволюциялық, яғни таби­ғи жол­мен дамып келеміз. Бұл – өте маңыз­д­ы. Бұдан басқа жол жоқ. Жаңа Конс­­т­и­туция Қазақ­станды тың қарқын­мен өр­кен­дету­ге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата заңы­мызға қатысты түпкілікті шешім жал­пыұлттық референдумда қабылданады.

 

Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру

Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру.

– Сарапшылар әлем экономи­касының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі аза­йып барады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда. Дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі. Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек. Ұлт мүддесін қорғау үшін экономиканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс. Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет, – деді Президент.

сс

Демек аталған мақсатқа жету үшін бізге бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған экономикалық саясат қажет. Басқаша айтқанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Оған сәйкес, мемлекет нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымыз­ға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.

– Ашығын айтқанда, мен бұл жа­йында күнде ойланамын, мамандармен кеңесемін, арнайы экономика­лық сараптамаларды оқимын. Эконо­ми­ка­лық және қаржылық саясат­ты қайта жаңғырту бойынша ауқым­ды жұмыс күтіп тұр. Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қам­тамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау. Мұндай моделді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табысын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту болуға тиіс. Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар. Атап айтқанда, тұрақты әрі қалып­ты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвес­тициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек екені айтылды. ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру. Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні дамыту, – ұран емес, бұл экономикалық идео­логияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет.

– Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс. Осы орайда, қазіргі таң­дағы аса өзекті мәселелерге тоқталайын. Біріншіден, инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек деген тапсырма берді. Айтуынша, бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады.

Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді

Екінші. Жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету керек. Жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет. Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режімі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады. Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге түседі. Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн, – деді Президент.

Сонымен қатар жазалаушы менталитеттен арылатын кез келгенін ескертті Мемлекет басшысы. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек.

– Серіктестік әділдікке, өзара тиім­ділікке, тіпті экономиканы дамыту­дың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын. Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгіме­ден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзім­ді де толық түсінбегендеріңіз байқа­ла­ды. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыс­татты. Оның үстіне мәтінді, кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. Бұл өте қауіпті. Сондықтан көп оқыңыздар, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, банктер, агрегаторлар мен маркетплейс­тер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режімде жұмыс істейтін «фискалдық деректер фабрикасына» айналу мін­деті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет.

Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндіру­шілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигіз­бей жасау керек. Министрліктер қабыл­даған жаңа ережелер мен шешім­дер шетелдік және отандық компания­лар­дың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестиция­лық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, хат жазып жатқанын айтты Президент.

– Фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады. Мемлекеттің тиімсіз шығындарын барынша қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет. Біз бұл жайында бұған дейін айтқан болатынбыз, тағы қайталауға тура келіп тұр. Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орындауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық, кәсібилік танытуы керек. Басымдықтардың қайсысы бірінші, қайсысы кейін екенін нақты белгілеп алу қажет.

Бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс. Бұл – маңызды міндет. Жалпы, бюджетті асығыс игеру дұрыс емес. Мұны кім шығарып жүр? Жылдың соңында бюджетті игеру керек деген жарыс басталады. Басқаша айтсақ, бұл қаржыны оңды-солды шашу деген сөз. Жұмыс тәртібін қайта қараңыздар. Өйткені қазір заман басқа.

Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жоба­лар­ға қаржы бөлу тәжірибесін доғара­тын кез келді. Ең сорақысы, мұн­дай шешімдер субъективті түрде қабыл­данып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз. Бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс. Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты. Мен Жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет. Қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Соның бірі – аймақтардағы бюджеттік жоспарлауды сапалы жүргізуге баса мән беру.

– Кейінгі жылдары аймақтардың кіріс қоры айтарлықтай артты, бір­қатар салық пен төлем түрлері респуб­ликалық деңгейден аймаққа беріл­ді. Соның салдарынан жеткілікті қаржы бөлмей, жергілікті бюджетке қосым­ша шығындарды артып қою жағдай­лары жиілеп кетті. Мұндай тәжірибе бюд­жетаралық қатынастардың қисы­нына қайшы әрі қабылданып жатқан шешімдерге сенімді жоғалтады. Сон­дықтан жергілікті атқарушы орган­дарға берілетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен мөлшерлес болуын ескеру өте маңызды. Егер біліктеріңіз жетсе, мұны орындау аса қиын емес. Қазақстан – бір орталықтан басқарылатын унитарлы, біртұтас ел. Сол себепті еліміздің әлеуе­тін нығайтуды, халқымыздың әл-ауқа­тын арттыруды басты мақсат етіп, ақыл-па­расатпен, бір қолдың саласындай жұ­мы­лып жұмыс істеу қажет, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының айтуынша, бюджетаралық қатынастар нақтылық және барлық бюджет деңгейіндегі жауапкершілік тұрғысынан қайта қаралды. Енді осы нормалар өңірлерде іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін байқап көру керек. Егер қолданыстағы құралдар тиімсіз екенін көрсетсе, оны түзету қажет.

– Түптің түбінде, бұл киелі кітап емес қой. Мұнда ешқандай күмән жоқ. Шешімді тез әрі батыл қабылдау қажет. Уақыттың талабы сондай. Жаңа ережелер өңірлердің қаржылық дербестігіне тұсау болмауға тиіс. Ең бастысы, олардың кіріс көздерін ұлғайтуға деген ынта-жігеріне кері әсер етпеуі керек. Мұның маңызы зор. Егер өңірлердің кіріс базасын ұлғайтуға кедергі келтірсек, оның салдары қиынға соғады. Осыны да ойлаңыздар. Үкімет аймақтардың қаржылық орнықтылығын нығайту шараларын қабылдауға міндетті. Бұл – стратегиялық сипаты бар мақсат. Басқарудың түрлі деңгейі арасындағы жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды. Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономи­ка­сы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ ше­шімін таппаған мәселелер бар. Аймақ­тардың инфрақұрылыммен қамтылу дең­гейі орташа есеппен алғанда – 64,1 па­йыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, ай­тар­лықтай алшақтық бар, – деді Президент.

Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына ай­рықша назар аудару қажет.

Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керек, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет.

Бірыңғай цифрлық платформаға көшу – өзекті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үшін­шіден, Цифрлық мемлекет құру мәсе­лесіне айрықша көңіл бөлді. Бұл Қазақ­стан­ның болашағына тікелей әсер етеді.

– Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз. Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады. Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек. Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет. Әйтпесе ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды, – деді ол.

см

Мемлекет басшысының айтуынша, тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.

– Тағы бір маңызды мәселе. Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс. Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер көрінбейді. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды. Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын. Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді. Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді. Цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс. Бүгін бұл мәселені біраз талқыладық, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірыңғай цифрлық платфор­маға көшуге тура келетінін айтты. Бұл – маңызды міндет. Бұған дейін ведомство­лардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты.

– Бас прокуратурада өткен жиын­да Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс. Проблеманы қолдан жасап, оны шешу үшін мемлекеттен ауқымды инвестиция бөлеміз. Бұлай болмайды. Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек. Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды. Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауы­нан сақтап қалды. Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын. Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі де өте маңызды. Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалық­ты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ туындайды. Сондықтан Үкімет үй шаруа­шы­лықтарының әлеуметтік цифр­лық профилін қалыптастыруға тиіс. Сонда әлеуметтік көмек те шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға беріледі.

Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі банк және төлем инфрақұрылымы­мен тығыз байланысқан «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуге тиіс. Үкімет әкімдіктермен бірге осы тәжі­рибені барлық жерде кеңінен қолда­нуы керек. Сондай-ақ бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосуы қажет.

– Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайда­ланбайды. EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмек­шісін (ассистентін) әзірлеу керек. Бар­лық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көр­сету орталықтарының орнын басады. Әлеуметтік қолдау шараларын басқа­ратын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қор­ғау платформасын нақты айқындап алу қажет. Білім саласында бірқатар жүйе­лік проблемалар бар екенін Ұлттық құрыл­тай отырысында айттым. Олар жеке­меншік білім беру ұйымдарын қолдау­ға да, мемлекеттің мектептер мен жоға­ры оқу орындарын қаржыландыру тетік­тері­не де қатысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігі

Президенттің айтуынша, білім саласындағы «экономизация», яғни қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін түбегейлі арттыруға баса мән беру қажет. Жаңа деректер анықталғаннан кейін бұл маңызды міндетке айналды.

Маман даярлау ісі экономика­ның нақты секторларында жасанды интеллекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр. Оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандық­тар өзгеріп кетіп жатыр. Демек, жай ғана IT-мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз. Елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады.

Осыған орай Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық маман­дық­тар трансформациясы орталы­ғын құруды тапсырды. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі. Өз кезегінде, Үкімет ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алады.

Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы.

– Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдыра­ды. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын. Үкіметке 1 жел­тоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет, – деп бұл салаға баса назар аударды.

Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек. Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады. 

Электр қуаты өндірісі назардан тыс қалды

Президент тағы бір маңызды мәселеге тоқталды.

– Электр қуаты тұрақты әрі жет­кілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифр­ландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтыны анық. Бұл мәселе жөнінде мен Ұлттық құрылтай отырысында пікірімді анық айтып кеттім. Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорт­тауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желі­лерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр. Өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 трлн теңгеден астам қаржы салынды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 900 млрд теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 млрд теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы маңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа. Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет, – деді Президент.

Қазір Қазақстанда 123 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін мүлдем жеткіліксіз. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты то­лық өтеуді көздеп отыр. Тіпті 1,3 млрд киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс.

Сонымен қатар бізде қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналды. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды.

Президент тағы бір мәселе – нағыз энергетика мамандарының болмауында деді. Себебі энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды.

– Мен Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым. Осы бағытта Қытайдың тәжірибесін ерекше атап көрсетуге болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт болатын 85 энергетикалық блок салу жұмысын бас­тап кетті. Бұл – әлем бойынша көмірден алынатын энергия көздерінің 90 пайызы деген сөз. Бір сөзбен, көршілес ел шын мәнінде тиімді, яғни энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өсім тұрғысынан пайдалы шешім қабылдап отыр. АҚШ та көмір игеру және оны пайдалану саясатына көшетін болды. Жалпы, ұлттық электр желісінің сенімді жұмыс істеуіне баса назар аудару қажет. Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Оңтүстіктегі электр желілерін дамыту жобаларын жүзеге асыру тапсырылады. Сондай-ақ Батыстағы қуат жүйесін еліміздің бірыңғай ұлттық энергия жүйесімен біріктіруге тиіс. Заманауи цифрлық тәсілдерді енгізбесек, электр қуатын үнемдеу қиын, энергия жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі екіталай. Осы салада жасанды интеллект көмегімен онлайн-мониторинг жүргізуді жедел қолға алған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Инвесторларды қызықтыратын салаларымыз көп

Президенттің айтуынша, төртінші­ден, толыққанды жаңа инвестиция­лық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Жалпы, қазір елдегі инвестициялық ахуал жақсы деп айтуға болады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты. Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр.

Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет.

Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады.

– Біз «Бәйтеректі» инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс. «Самұрық-Қазына» қорына да дәл осындай талап қойылады. «Самұрық-Қазына» қоры және бірқатар ұлттық компания басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Менің ойымша, қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды, – деп ескертті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады деді. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл қатынас бәсекелестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек.

– Елімізде инвесторлардың қызығу­шылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн. Мысалы, қазір технология­лар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет. Бірақ ашығын айтуымыз керек, инвесторлар­мен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген. Мен былтырғы Жолдауымда бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Осындай тиімсіз жұмысты доғару қажет. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға болмайды, оны тездету керек. Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр. Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет.

Мемлекет басшысы инвестициялар мәсе­лесімен айналысатын арнайы көмекші тағайындады. Айтуынша, шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге «Focal point» ретінде шағымдануға болады.

Ал халықаралық қаржы институттарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста болады.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр. Сондықтан да Президент Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

– Мен Жолдауда арнайы экономи­калық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Қытайда және Вьетнамда мұндай аймақтар экономиканың қозғаушы күші саналады. Ал біздің елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен. Бұл мекемелер экономиканың құрылымын өзгерту­ге қауқарсыз. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Оның 0,3 пайызы – экспортқа, 0,9 пайызы шетел инвестициясына тиесілі. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік шешімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды. Түптеп келгенде, егер нақты нәти­жеге жетемін деген ниет болса, бұл мәсе­лені Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуі керек деген тапсырма да берді.

– Менің шетелге сапарларым және инвесторлармен кездесулерім барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуына баса мән беру қажет. Коммерциялық келісімдердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 млрд доллар болды. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауға тиіс. Бұл жұмысты орындауға Президент Әкімшілігі де жауапты. Ашығын айту керек, бізде мынадай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіссөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады. Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мейлінше дербес болуды сұрады, дербестік берілді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек. Қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы түрде дайындалып, орындалу мерзімдері нақты айқындалуы қажет. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі. Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек. Елге сенім, іскерлік бедел осылай қалыптасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Үкімет Қазақстан­ның инвестициялық әлеуетін көтеруге, бәсекелік артықшылықтарын дамытуға баса мән бергені жөн деген тапсырма да берілді. Мемлекет пен жеке серіктестік – экономикаға инвестицияның келуін ынталандыратын маңызды құралдың бірі. Бұл тетікті оңтайлы пайдалана алсақ, инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге мүмкіндік туады.

 

Мемлекет пен жеке серіктестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр

Президент еліміздегі мемлекет пен жеке серіктестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр деген уәж айтты. Инфрақұрылымдық жобалардың көбі бұрынғыдай тікелей бюджет қаржысына тәуелді. Жеке капитал, банк секторы және халықаралық қаржы ұйымдары оған айтарлықтай атсалыспайды. Бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай тәсіл көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Әлбетте, кез келген қаржы құралы сияқты мемлекет пен жеке серіктестіктің де өз құны бар. Алайда ол өзін-өзі ақтаса, Үкімет аталған механизмді белсенді қолданғаны жөн. Қажет болса, заңнамаға да тиісті өзгеріс енгізуге болады.

Президенттің айтуынша, жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновация­лар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режімін қалыптастыру қажет. Осы маңызды мәселе бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды.

– Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүм­кіндік бермейді. Алайда менің төраға­лығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді. Ойларыңызды сол кезде неге айтпадыңыздар? Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Жұмысты алға ілгерілету үшін тиісті тапсырма беремін. Бірақ менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер түрлі конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман. Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Сондықтан Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек. Шэньчжэнь секілді қалаларды баршаңыз көрдіңіздер. Мен бұл қалаға 1988 жылы алғаш рет барған болатынмын. Ол кезде балықшылардың шағын ауылы еді. Қазір онда заманауи технологияның бәрі бар, 10 миллионнан аса адам тұрып жатыр. Қытай билігі жеңілдіктер беріп, тәуекелге бел буды. Дэн Сяопин «Батыл реформа жасаңыздар» деді. Бұл сөйлем қытай тілінде төрт иероглифтен ғана құралады, – деді Президент.

сам

Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып, 38 пайызды құрады. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Мемлекет басшысы банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заң­ды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөзді талай рет айттық дейді. Айтуынша, бірақ сылтау таусылмайды.

– Нәтижесінде, банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурс­тарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс. Демек экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту. Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе, – деді Президент.

Әлемде банктермен қатар сақтан­дыру және құнды қағаздар нарығы ұзақмерзімді капиталдың көзі саналады. Отандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мардымсыз – 5 пайыз ғана. Мұндай жағдайды місе тұтуға болмайды. Әңгіме цифрлық технологияларды пайдалану арқылы сақтандыру өнімдерінің түрін көбейтіп, олардың қолжетімділігін арттыру жөнінде болып отыр.

Сақтандыру нарығын мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің ықтимал тәуекелдерге ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт ретінде қарастырған жөн. Мұндай тәсілге көшу үшін дамыған елдердің үлгісіне сай міндетті сақтандыру түрлерін көбейту қажет. Банктер мен сақтандыру компаниялары ұзақмерзім­ді қор жинауды күшейтсе, бұл құнды қағаздар нарығының дамуына тың серпін береді.

Құнды қағаздардың дамыған нарығы – макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Ал оның ауқымы инвесторлардың сенім деңгейі қандай екенін білдіреді. Сол себепті де Президент Қ.Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға де­йінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Әрі оны тиімді іске асыру үшін сақтан­дыру және құнды қағаздар туралы жаңа заң­дар қабылдау қажет деді.

Президент, бесіншіден, тағы бір өзекті мәселеге көңіл аударды. Айтуын­ша, жаңа инвестициялар ең алдымен, еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек. Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының бас­ты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Дегенмен бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет. Соны­мен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек.

Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім­нің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек.

– Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, «Qarmet». Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік үдерістерде оң өзгерістер орын алып жатыр. Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, ба­йыпты болуға тиіс. Еліміздің импортқа тәуелділігі туралы айтқанда мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайды. Қазақстанда жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 млн тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз. Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 млн тоннадан 27,4 млн тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Геологиялық барлау жұмыстарына 500 млн доллар бөлінеді

Президент Үкімет жаңа мұнай өң­деу зауытының құрылысына қатысты ба­йыпты шешім қабылдауы қажет екенін атап өтті. Айтуынша, ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Мемлекет басшысы жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы жөнінде әлі де ойлану қажет әрі жобаның құнын мұқият есептеген абзал деген тапсырма берді.

– Қажетті жағдай болса да, осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптасқан жоқ. Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жоба іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақтылы аяқтауға тиіс. Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз. Өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді. Мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру өте маңызды. Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 500 млн долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жылда жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз, – деді Президент.

Демек геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін. Шикізатты терең өңдеу – ауыл шаруашылығына да қатысты өте өзекті мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қабылданып жатыр деуге болады. Соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырмыз, баға да өсуде. Мемлекет басшысының сөзінше, атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шараларға жүгінеді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қарамастан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді. Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп басталған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек. 

Мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылған. Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Президент мұндай әрекетті тоқтату керек деп басып айтты. Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс.

– Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр. Елімізде жемшөп қорын даярлау­дан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз. Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуға тиіс. Енді ақыры не болатынын көреміз. Мен Жолдауымда және «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айттым. Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Нидерландтың жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр. Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауға тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Кейінгі үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды. Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет деп тапсырма берді Президент. Енді Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс.

– Құзырлы мекемелер биыл кейбір аймақта алдымен су тасқыны, содан соң құрғақшылық болатынын айтуда. Үкімет қазірдің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп қоюы керек. Тағы да айтарым, табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады. Мәселе – сонда. Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғауға қажетті шаралар алдын ала қабылдануы қажет. Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай, қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек. Көктем де келіп қалды. Үкімет әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 

Шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту қажет

Президент тоқталған алтыншы мәселе – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүмкіндік береді. Ішкі жалпы өнімінің 40 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Бұл – кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Дегенмен қазір табысқа риза болып отыратын заман емес. Елімізде азаматтардың бизнес­пен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісін­де енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек. Мемлекеттік көмекті бизнестің технологиялық деңгейіне және санатына қарай саралап беру қажет. Шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуға тиіс. Кәсіпкерлерді «күнкөріс режімінен» шығып, тұрақты даму жолына түсуге ынталандыру маңызды. Шикізаттық емес сектордағы даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге ықпал етуі қажет.

Мемлекет басшысы Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуі керек деген тапсырма берді. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс.

– Әрбір кәсіпкер смартфон арқылы тікелей қолдана алатын біртұтас цифр­лық экожүйе жасалуы қажет. Қазіргі реттеу шаралары кәсіпкерлерге әкім­ші­лік кедергі туғызады, материалдық шығын келтіреді. Осы кедергілер мен шығындарды азайту үшін кезінде шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ мораторий мерзімі аяқталған сәтте бәрі қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мысалы, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан. Тіпті, оның 85 па­йызы жоспардан тыс жүргізілген. Шаш ал десе, бас алатын мұндай әрекетті доғару керек. Мұндай тексерулердің орнына медициналық қорды немесе жекеменшік мектептерді, әлеуметтік жеңілдіктер беру жүйесін тексеру керек еді. Реттеушілік реформаның жаңа кезеңіндегі басты міндет – блокчейн мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы цифрлық модельге толық өту. Бұл ретте «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшылыққа алынуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Эко­номиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлықты орындау мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, бұл жұмыс іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалып жатыр. Құзырлы органдар құжатта көрсетілген тапсырмалар­ға атүсті қарайды. Бизнес жүргізуге қолай­лы жағдай жасауды емес, құр есеп беруді ойлайды. Соның салдарынан Жарлықта айқындалған басты мін­деттер толығымен орындалған жоқ. Мысал ретінде мемлекеттік активтерді жеке­шелендіру үдерісін алып қарайық. Үкімет жекеменшікке өтуге тиіс 473 кәсіпорынның тізімін былтыр қазан айында бекітті. Бірақ активтерді саудаға шығармақ түгілі оны сатуға дайындық шараларының өзі әлі басталған жоқ.

– «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң да қабылданбады. «Қандай кедергі пайда болды? Мемлекеттік органдар неліктен өз активтерінен айырылғысы келмейді?» деген сұрақтар болуы мүмкін. Нақты себептер бар шығар, бірақ олар туралы бейхабармын. Шынын айтқанда, маған тиісті мағлұмат немесе ақпарат түскен жоқ. Себебі бұл активтер мемлекет бюджеті есебінен қамтамасыз етіледі, яғни оған қазынадан қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Бұл жағдай жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті тежейтінін ұмытпауымыз қажет. Үкімет Жарлықты орындауға қатысты ұстанымдарды бір айдың ішінде қайта қарауға тиіс. Басты мақсат – бизнеске шын мәнінде қолайлы жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдау, – деді Президент. 

Көлік логистикасын дамыту өзекті

Мемлекет басшысының айтуынша, жетіншіден, жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше.

Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда, бұл – өте маңызды қадам.

Президент қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады дейді. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрық­ша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құ­ры­лысы аяқталды. Теміржол арқы­лы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақса­рып, теміржолдың жалпы жағ­дайы тұрақталды. Қ.Тоқаев еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет деп отыр. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады.

– Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақтылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Үкімет биыл транзиттік тасымал көлемін шамамен 65 пайызға, яғни 55 миллион тоннаға дейін көбейтеміз деген ауқымды міндет қойып отыр. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы өз ақпаратында бұл жоспарға күмән келтіріп отыр. Мәселе – бізде емес, іргелес мемлекеттердің жоспарлары мен мүмкіндіктерінде. Бұл мәселені енді анықтау қажет. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы қажетті шараның бәрін қабылдауға тиіс. Соның ішінде цифрлық жаңғырту, яғни трансформация жұмыстарын аяқтау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жүк тасымалдаушылардың бәріне ашық және бірдей қолдау көрсетілуге тиіс. Ол үшін ұлттық оператордың жүк вагондарын беру жұмысын толық цифрландырып, ретке келтіру керек. Теміржол саласындағы тариф саясатын реформалау – кезек күттірмейтін міндет. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұжырымдамасына қатысты түпкілікті шешім қабылдануға тиіс. Тариф саясаты, бұл – аса маңызды тақырып, көлік стратегиямыздың өзегі саналатын мәселе.

– Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын. Автокөлік тасымалын дамыту туралы айтқанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек. Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр 9 бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады. Бірақ бекет­тердің сапасына да қарауымыз керек, – деді Президент.

Айтуынша, цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыс­тыру керек.

– Мен Жолдауымда жүк тасымалын басқаратын «Smart Cargo» цифрлық платформасын, сондай-ақ кеден рәсім­дерін жасайтын «Keden» жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режімде жұмыс істеп тұр. Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек. Осылайша, біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасады. Қорыта келе тағы да айтып өткім келеді: алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр. Біз әрдайым бір қадам алда жүруіміз керек. Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Шынын айтқанда, бүгінгі қаралып жатқан мәселелер – белгілі, олар Жолдауымда да, Ұлттық құрылтайда да көтерілді. Үкімет мүшелері, иә, айналамызда жүрген «сарапшылар» ел экономикасының алдында тұрған түйткілдерді шешу жолын тез арада ұсынады деп күтудің қажеті жоқ деген сияқты пайымдаулар бар екенін біз жақсы білеміз. Біз бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті болсақ, болашағымыз да жарқын болады. Негізгі басымдықтарымыз өзгермейді. Азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болып қала береді. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық сезініп жұмыс істеуге тиіс. Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау үрдісін жаңғырту. Ел игілігі және азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақтылы әрі сапалы орындалуы керек. Ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтиже болуға тиіс, – деп қорытындылады Мемлекет басшысы. 

Халық табысына басымдық беріледі

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына ел экономика­сын нығайтуға бағытталған тапсырмалар­дың қалай орындалып жатқанын баяндады. Ол экономиканың тұрақты дамуы үшін атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Үкімет Президент қойған міндеттерге, Жолдауда айқындалған стратегиялық мақсаттарға сәйкес, жүйелі шараларды қабылдап, кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

– Салық, тариф, бюджет саясатында, цифрлық және құрылыс секторларында, сондай-ақ әлеуметтік салада қабылданған шешімдер экономиканы дамытуға тосқауыл болып отырған құрылымдық диспропорцияларды жоюға бағытталды. Салық пен бюджет реформасы Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алмай-ақ, еліміздің үш жылдық бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол 2028-ші жылға қарай бюджет тапшылығын ішкі жалпы өнімнің 0,9%-на дейін қысқартуға ықпал етеді. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді, – деді Олжас Бектенов.

сми

Жүргізілген реформалардың арқа­сында былтыр экономикада тұрақты өсім сақталды. Ішкі жалпы өнімнің өсімі 20,1 млрд долларды құрады. Жалпы, былтыр ІЖӨ 6,5%-ға өсті. Экономика­лық өсімге негізгі салалардың дамуы әсер етті. Атап айтқанда, көлік саласы 17,8%-ға, құрылыс 14,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі 17,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 12,2%-ға, сау­да 26%-ға, ауыл шаруашылығы 5,9%-ға артты. Сонымен бірге микро және шағын бизнесті қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта микро және шағын бизнеске арналған қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шараларын біріктіретін «Іскер Аймақ» бағдарламасы бекітілді.

Премьер-министр қолданыстағы құралдардың шағын және орта бизнестің барлық әлеуетін ашуға жеткіліксіз екенін айтты. Сондықтан Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп, қосымша қаржылық және реттеушілік қолдау шараларын әзірлеп жатыр. Соның бірі шағын және орта кәсіпорындарды заманауи жабдықтармен қайта жарақтандыру бағдарламасы болмақ. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша арнайы бағдарлама іске қосылады. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлер 10 күн ішінде қосымша кепілсіз, заманауи станоктарды сатып алуға жеңілдетілген несие ала алады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Салық кодексіндегі өзгерістердің бір­қалыпты әрі жүйелі іске асуы маңызды екеніне тоқталды. Оны жетілдіру кезінде кәсіпкерлердің нақты әрі пайдалы ұсыныстарын назарға алу қажет. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін барлық салықтық тексеруді тоқтату туралы шешім қабыл­данған. Биыл микро және шағын бизнеске жіберілген заңбұзушылықтар жауапкершілікке алынбайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5%-ға артып, 2,2 млн кәсіпорыннан асты. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 3,9%-ға өсіп, 4,5 млн адамға жетті. Яғни бүгінде еңбек етіп жүргендердің шамамен 46%-ы осы секторда жұмыс істейді. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығын құрайды. ШОБ-тың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40,5%-ға жетіп, өндірілген өнім көлемі шамамен 73 трлн теңгені құрады.

Үкіметтің 2026 жылы негізгі басым­дық беріп отырғаны – халықтың нақты табысының өсуі. Бұған жаңа өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға әрі тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар кіреді. Бірақ азаматтардың табысы экономиканың өсу қарқынына сай артпай отырғаны да белгілі. Қазір еңбекақының ішкі жалпы өнімдегі үлесі шамамен 31%-ды құрайды. Бұл Орталық Азия елдері арасында жоғары көрсет­кіш саналғанымен, негізгі мақсат – оны әлемдік орташа деңгейге, яғни 40%-ға және одан жоғары көрсеткішке жеткізу болып отыр.

– Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр. Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары бар. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған, – деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысына көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

– Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысы мен 2,9 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл транзиттік тасымал көлемін 60%-ға ұлғайтуға, ал транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады. 11 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл ретте транзиттік әлеуеттің серпінді дамуын тежейтін бірқатар факторлар белгіленген. Солардың бірі теміржол инфрақұрылымдарының тозуының жоғары деңгейі болып қалып отыр. Осыған байланысты магистральдық теміржол желісін жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру Үкіметтің тұрақты бақылауында. Инфрақұрылымды қоса алғанда авиация саласын дамытуға назар аударылды. Биыл Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысын бастаймыз. Оны іске қосу 20 жыл бойы жөндеу көрмеген бірінші жолақты жаңғырту жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді. Бұл Астана әуежайының өткізу қабілетін 4 есе арттырып, 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді. Биыл шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Өткізу қабілеті 14 млн жолаушыдан 19 млн-ға дейін артады. Ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталады, – деп түсіндірді Үкімет басшысы. 

Цифрлық ел болу жауапкершілігі

Президент халыққа Жолдауында үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойған болатын. Сондай-ақ 2026 жыл Жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған байланысты Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды. Биыл цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған жаңа заңнамалық бастамалар әзірленеді. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ел аумағында Starlink компаниясы салған gateway-стансалар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Сонымен қатар пойыз бен ұшақ жолаушылары да интернетке қосыла алады.

– Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-стансалар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Мысалы, Тәжікстанға трафик биыл беріледі. Келесі кезекте – Моңғолия мен Қырғызстан тұр. Ал Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Өзбекстан қазірдің өзінде оффтейк-келісімшарт ұсынып отыр. Цифрлық экономиканың тиімділігі байланыс инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Былтыр осы бағытта барлық негізгі жоба іске қосылды. Жұмыстардың басым бөлігі биыл аяқталады. Атап айтқанда, қосым­ша 1 900 ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қол жеткізеді. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады. Барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі. Президент тапсырмасына сәйкес, былтыр желтоқсанда барлық өткізу пункттері интернетпен толық қамтылған, –деді Ж.Мәдиев.

Сондай-ақ вице-премьер жолаушылар тасымалындағы интернет мәсе­лесіне де тоқталды. Оның айтуын­ша, биыл Қазақстан темір жолы ком­паниясының негізгі бағыттарындағы пойыздарда интернет қолжетімді болады. Министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні сәтті енгізу үшін сапалы салалық деректер қажет. Өйткені деректер – жасанды интеллектінің негізгі ресурсы. Қазір бірқатар мемлекеттік органдар деректерді цифрландырудың жеткілікті деңгейіне жеткен. Бұл түрлі цифрлық шешімдерді жасанды интеллект көмегімен дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Жаслан Мәдиев салалық ЖИ модельдерін әзірлеу жұмыстары басталғанын айтты.

– Ендігі кезеңде біз салалық ЖИ модельдерді құруға кірістік. Осындай модельдер негізінде жасалған жасанды интеллект өнімдері жылдамырақ, дәлірек жұмыс істейді әрі оларды өндіріс орындарында жергілікті деңгейде пайдалануға болады. Ал экономиканың нақты секторында жасанды интеллектіні енгізу үшін деректерді цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Қазіргі уақытта салалық деректердің орташа цифрлық дайындық деңгейі 57 пайызды құрайды. Жасанды интеллектіні табысты енгізу үшін цифрландыру деңгейі 90 пайыздан жоғары болуы қажет. Сондықтан биыл салалық мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп осы бағытта жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларының орнына өндірістерді цифрландыру бойынша өзара міндеттемелер тетігін енгізуге басымдық беріледі, – деп атап өтті.

 

Елдегі барлық ведомстволық ақпарат­тық жүйелерді QazTech бірыңғай платформасына көшіру жұмыстары басталды. Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрінің айтуынша, цифрлан­дырудың қарқынды дамуы мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымда бірқатар мәселе туғызған. Соның бірі – ақпараттық жүйелердің бытыраңқы болуы.

– Жүйелердің бытыраңқылығын жою үшін оларды QazTech бірыңғай платформасына кезең-кезеңімен көшіру басталды. Өткен жылдың соңында мемлекеттік ақпараттық жүйелердің толық түгендеуі аяқталды. Ескірген және бірін-бірі қайта­лайтын ақпараттық жүйелер оңтайлан­дырылады. Аудит нәтижесінде кейбір ведом­стволарда жүйелердің тым көп екені анықталған. Мәселен, Денсау­лық сақтау министрлігінде 30-дан астам ақпараттық жүйе болған. Оңтайлан­дырудан кейін олардың саны 8 жүйеге дейін қысқартылып, барлығы QazTech платформасына көшіріледі, – деді ол.

Министр Қазақстанда екі ірі тілдік модель бар екенін айтты. Олар – KazLLM мен AlemLLM. Қазір бұл жүйелер 40-тан астам платформаға енгізілген және IT-компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Сонымен қатар олардың сапасын тұрақты түрде жетілдіру қажет екенін жеткізді. Жаслан Мәдиев бұл бағытта халықаралық сарапшылармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол ірі технологиялық компаниялардың, соның ішінде OpenAI сияқты ұйымдардың өз өнімдерін үнемі жаңартып отыратынын мысалға келтіріп, отандық модельдер де осы қарқыннан қалмауға тиіс екенін айтты. 

Мемлекетіміздің алтын резерві 345 тоннаға жетті

2025 жылы инфляция Қазақстан экономикасы үшін негізгі сын-қатерге айналды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында инфляция деңгейі 12,9 пайыздық ең жоғары шегіне жеткен. Алайда қабыл­дан­ған шаралардың нәтижесінде жыл соңына қарай инфля­цияны 12,3 пайызға дейін баяу­латуға мүмкіндік болған. Инфляциялық қысымның күшеюіне сыртқы факторлар да айтарлықтай әсер етті. Атап айтқанда, әлемдік нарықтағы бағаның өсуі мен геосаяси белгісіздік жағдайы ел ішіндегі инфляцияның ушығуына себеп болды. Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы ішкі факторларға да тоқталды. Оның сөзінше, экономиканы бюджет және квазимемлекеттік сектор арқылы ынталандыру, сондай-ақ тұтынушылық несиенің қарқынды өсуі бағаның көтерілуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі болған.

– Биыл біз жұмсақ теңге бағамын қалып­тастырудың икемді режімін сақтай­мыз. Бұл – біздің сыртқы шоктарға қар­сы табиғи тұрақтандырушымыз. Дей тұр­ғанмен, қажет болған жағ­дай­да валюталық интервенция сияқты шешімтал шаралар қабылдауға да­йынбыз. Алтын-валюта қорымыз оған мүмкіндік береді. Сыртқы нарықтағы құбыл­малылық пен валютаға деген сұра­нысқа қарамастан, теңге бағамы жыл қорытындысы бойынша 3,7 пайыз­ға нығайған. Бұл көрсеткішке Ұлт­тық банктің ақша-несие саясаты мен мемле­кеттің жалпы макроэкономикалық саясатына деген сенімнің артуы оң әсер етті, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қатар Т.Сүлейменов елдің төлем балансы жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, сауда профицитінің қысқаруы байқалып отыр және бұл жалпы төлем балансына қысым түсіріп жүр.

– Елдің төлем балансына келсек, сау­да профицитінің қысқаруы байқалып жатыр. Бұл жалпы төлем балансына қысым көрсетіп отыр. Төлем балансын жақсарту үшін дайын тауарлар экспортын арттыра отырып, белсенді сауда сая­сатын жүргізу керек және қазақстандық тауарлар үлесін өсіріп, импорт алмас­тыруды күшейту қажет деп санаймыз. Логистикалық инфрақұрылым мен кедендік басқаруды жетілдіру де маңызды, – деп атап өтті.

Былтыр Қазақстанда экономиканы несиелендіру көлемі 51 трлн теңгеге жетті. Мемлекет басшысы қол қойған «Банктер туралы» жаңа заң заманауи әрі технологиялық банк жүйесін қалыптастыруға негіз қалайды. Кейінгі жылдары экономиканы несиелендірудің жалпы динамикасы оң көрсеткішке ие болып отыр.

 – Экономиканы несиелендірудің жалпы динамикасы жағымды – 21 пайыз, 51 трлн теңгеге дейін өсім бар. Нақты секторды несиелендіру озыңқы қарқынмен өсіп келеді. Фискалдық ынталандырудың инфляцияға әсерін төмендетіп, бюджетке қысымын азайту үшін биыл «Бәйтерек» қаржы бағдарламасын бірге іске асырудың Үкіметпен келісілген тетігі қабылданып жатыр. Басымдықтарды нақты айқындап, ірі стратегиялық жобаларға ғана көңіл бөліп, нарықтағы өтімділікті барынша тарту маңызды, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстанның алтын резерві 345 тоннаға жетті. Өткен жылы Қазақстан алтын-валюта резервтері бойынша тарихи ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Алтын мен валюта қорының жалпы көлемі 65,4 млрд долларды құрап, кіріс деңгейі 43 пайызға жеткен. Осыған байланысты Тимур Сүлейменов:

 – Өткен жылы алтын-валюта резерв­тері 65,4 млрд доллар болып, тарихи максимал мәнге жетті. Кіріс 43% бол­ды. Былтыр ішкі нарықта 66 тонна алтын сатып алып, алтын сатып алу операция­лары бойынша әлемде екінші орын­ға шық­тық. Жыл соңында алтын резерві 345 тон­наға жетті. Биыл олар өндірістік ай­на­лым­ға енгізіліп, реттелетін крипто­валюталар айналымы іске қосылады. Мамыр айына дейін Орталық депозитарий базасында цифрлық активтерді сақтауға арналған ұлттық крипто-кастодиандық сервис құрылады. Қаржылық инновацияларды практикалық тұрғыда іске асыру үшін реттеу ортасы іске қосылды. Қазір онда 10 бағыт бойынша 22 жаңа жоба бар, – деп атап өтті.

Биыл банктер бюджетке қосымша 0,5 трлн теңгеден астам салық төлейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржы секторының бағыты қайта қаралып, банктердің ресурстары нақты секторды қаржыландыруға көбірек бағытталып жатыр. Осы өзгерістер аясында фискалдық шаралар да күшейтіледі.

– Сіздің тапсырмаңыз бойынша қар­жы секторының бағытын өзгертіп жа­тыр­мыз. Осылайша, банктердің ресурс­тары нақты секторды қаржыландыруға бағыт­тай­мыз. Кредит нарығындағы екі негіз­гі сегментті салыстырсақ, былтыр нақты эко­номиканың кредиттері кепілсіз тұтыну кредиттерінен жылдам өсті. Биыл фискалдық шаралар да күшіне енеді. Банктерге салынатын корпора­тив­тік табыс салығы көтеріледі. Мемле­кет­тік бағалы қағаздарға салық салынады. Банктердің мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысына бір реттік салық енгізіледі, – деді бас банк төрағасы Мемлекет басшысына.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қабылданып жатқан бұл шаралар бюджетке жарты триллион теңгеден астам қосымша кіріс әкеледі. Сонымен қатар банктердің капитал жеткіліктілігін күшейтуге бағытталған талаптар да енгізіледі. Айтуынша, сәуір айына дейін банктер жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша шамамен 500 млрд теңге көлемінде қосымша капитал қалыптастырады. Ол сондай-ақ резервтік талаптар кезең-кезеңімен арттырылатынын айтты. Бұл шаралар нәтижесінде нарықтан 3,9 трлн теңге артық өтімділік алынып, инфляциялық қысым төмендейді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, банктерге бұрын мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды мерзімінен бұрын қайтару жұмыстары жалғасуда. Қазір банктер 738 млрд теңгені бюджетке алдын ала қайтарып берген.

Соңғы жаңалықтар

Қауқарлы құс фабрикасы

Экономика • Бүгін, 09:05

Талап пен тәжірибе

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:55

Қазақ тойының төлқұжаты

Руханият • Бүгін, 08:53

Бір тәулікте – 8,3 миллион дана

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:45

Тәлімгер тәлімі

Қоғам • Бүгін, 08:38

Табыл Құлыяс қазынасы

Қоғам • Бүгін, 08:30

Ең үлкен кітап дүкені

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:23

Сыр сүлейлерінің сарқыты

Руханият • Бүгін, 08:18