Пікір • Бүгін, 08:15

Негізгі өлшем – халықтың әл-ауқаты

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Егер елдің тұрмысы түзелмесе, табысы артпаса, баға құрықталмаса, қандай макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізсек те оны нақты жетістік деп есептей алмаймыз.

Негізгі өлшем – халықтың әл-ауқаты

Сурет: digitalbusiness.kz

Ендігі бағалау жүйесі қарапайым әрі әділ болуы керек. Халықтың әл-ауқаты артса, демек нәтиже бар, өспесе, жұмыс жеткіліксіз деген сөз. Осы ұстанымды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте анық жеткізді. Президент 2025 жылғы экономикалық жұмыстың қорытындысын бағалай отырып, декларативті оптимизмнен бас тартып, нақты нәтижеге басымдық берді. «Өсу бар, бірақ сапа жеткіліксіз» деген негізгі тезис – Үкіметке берілген ең маңызды сигнал.

Экономика белгілі бір инерциямен дамып келеді. Бірақ бұл даму халықтың күнделікті өмірінде сезіл­месе, оның сая­си да, әлеу­меттік те салма­ғы азаяды. Жалпы өсім, инвестиция көле­мі немесе жекеле­ген салалардағы көрсет­кіш­тер азамат­тардың нақты табысына айнал­маған жағдайда мұндай жетістіктер шарт­ты ғана сипатта болады.

Президенттің сөзінде инфляция мәселесі ерекше орын алды. Бағаның өсуі жай статис­тика емес. Бұл – әр отбасының азық-түлік себеті, коммуналдық төлемі, күнделікті шығыны. Сондықтан инфляциямен күресті тек Ұлттық банкке артып қоюға болмайды. Бұған  Үкімет тікелей жауапты. Бағаның өсуіне әсер ететін әкімшілік кедергілер, логис­тикадағы әлсіздік, делдал­дардың шамадан тыс үлесі, монополиялық факторлар, импортқа тәуелділік – барлығы кешенді түрде шешілуге тиіс. Әсіресе азық-түлік пен базалық қызметтер нарығында ашықтық пен әділ бәсеке қамтамасыз етілуі қажет.

Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы әлеуметтік төлемдерді механикалық түрде көбейту ұзақмерзімді шешім емес екенін де меңзеді. Егер жалақы мен жәрдемақы өнімділікпен, нақты экономикамен байланыспаса, ол инфляцияны ғана күшейтеді. Нәтижесінде, халықтың номиналды табысы өссе де нақты сатып алу қабілеті төмендейді.

Президент өңірлік теңсіз­дік мәселесіне де ерекше назар аударды. Эко­номи­калық өсімнің пайдасы бар­лық аймаққа бірдей жетіп отыр­ған жоқ. Кейбір өңір­лер­де инфляцияның салдары әл­деқайда ауыр сезі­леді. Сон­дықтан орталық пен жергілікті биліктің жауап­кершілігі күшейтілуге тиіс. Алдағы уақытта әкім­дердің жұмысын бағалауда макроцифрлардан гөрі тұрғын­дар­дың өмір сапасындағы нақты өзгерістер шешуші фактор болуы қажет.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының Үкіметтің 2025 жылғы жұмысына берген бағасы теңгерімді болды. Мұнда дағдарысқа негіз­делген риторика жоқ, бірақ жауапкершілікті күшейтетін салқын прагматизм бар. Ендігі басты сұрақ – осы тапсырмалар қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде іске аса ма? Баға тұрақтала ма, табыс өсе ме, адамдар өз болашағына сеніммен қарай ала ма? Үкі­меттің шынайы тиімділігі дәл осы арқылы өлшенеді. Халық тоқ болса ғана, Үкіметтің жұмысы оңды деп бағаланады.

«Жаңа Салық кодексі тиімді ме?» деген сұрақты былтыр көп қойдық. Ашық айтайық, ол кезде қоғамда да, бизнесте де алаңдаушылық болды. Әртүрлі болжам айтылды, тіпті «кәсіпке ауыр соққы болады» деген пікірлер де жиі естіл­ді. Бірақ бүгінгі Үкімет­тің кеңей­тілген отырысынан ке­йін бұл мәселеге сәл басқаша қарауға негіз бар.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық режімі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында жұмыс істей бастағанын атап өтті. Бұл – өте нақты көрсеткіш. Яғни көлеңкеде жүрген бизнес пен азаматтар біртіндеп заңды алаңға шығып жатыр. Меніңше, бұл жаман нәтиже емес, керісінше, жүйенің жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Үкіметтің есебіне сәйкес, биыл бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге түсуге тиіс. Бұл – құрғақ цифр емес. Бұл – жөнделетін жолдар, салынатын мектептер мен ауруханалар, өңірлер­дегі инфрақұрылым. Ең бастысы, бұл қаражат халық­тың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы керек.

 

Айбар ОЛЖАЕВ,

сарапшы 

Соңғы жаңалықтар