Біздің жұмысымыздың басым бағыты – балалардың құқығын және бостандығын қамтамасыз ету болып табылады. Бізге тұрғындар осы мәселе бойынша ылғи да сұрау салады, сенім телефонына хабарласады. Өткен оқу жылында 30-дан астам телефон шалынып, 26 шағым қаралды. Бұл шағымдардың барлығы да балалардың мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде құқықтары бұзылғанына қатысты.
Қазір республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету мәселесі орын алып отырғаны ашық айтылуда. Бұл мәселе кәмелетке жасы толмағандар құқын қорғау жөніндегі комиссияда ұдайы қаралады. Қалалық ішкі істер департаменті өкілінің мәлімдеуінше, мұндай дерек бірлі-жарым болса да кездесетін көрінеді. Кәмелетке жасы толмағандарды зорлауға баратындар негізінен жұмыссыздар, темір тордың ар жағында болып келгендер екен. Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор. Сондықтан ата-ана балаларының мінез-құлқы, жүріс-тұрысына жете мән беруі керек. Балалардың бақытты өмір сүруі үшін қауіпсіз жағдай жасалды ма? Жыныстық зорлау деректерінің жиілеп кетуі неліктен? Мұның алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынуда? Бұл қазіргі таңда ешкімді де бейжай қалдырмайтын өзекті мәселе екені сөзсіз. Мемлекет балалар өмірінің қауіпсіздігі үшін заңды күшейтіп, барлық жағдайды жасауда. БҰҰ-ның «Балалар құқықтары туралы» конвенциясында «қатаң ұстау» деген түсінікке анықтама береді және балаларды қатаң ұстаудың түрлі тәсілдерінен, соның ішінде, жыныстық зорлаудан қорғау бойынша бірқатар шаралар қолдану қажеттігі айтылады. Елімізде балаларды дене, психикалық зорлық-зомбылықтан, қатаң, дөрекі және намысына тиіп ұстаушылықтан қорғауды қамтамасыз ететін бірқатар заң қабылданды. Олардың қатарына Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» және басқа заңдарын жатқызуға болады. Балалар ата-анасының және төтенше қызметтердің ұялы телефондарының нөмірін білуі керек, ересек адамдар болмаған жағдайда есікті ешкімге ашпағаны жөн, күні бойы кім телефон шалғанын айтуы қажет. Балалар подъезге, лифтіге бөтен адамдармен бірге кіруден сақ болғаны жөн. Облыста қосымша білім беру орталықтары және аула клубтары жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандардың құқын қорғау бағытында біз ата-аналар жиналыстарында және жазғы демалыс лагерьлерінде болып, осы мәселеге байланысты сөз сөйлейміз. Қазір мектептерде «Өзіңе өзің көмектес» стендтері толтырылады. Қарғалы ауданы мен облыс орталығында «Сенім» психологиялық бөлмесі жұмыс істейді. Кәмелетке жасы толмағандарға, жыныстық зорлық-зомбылық көргендерге психологиялық көмек көрсетуде сынып жетекшілерінің, психологтардың, медицина қызметкерлерінің, мектеп инспекторларының, арнаулы педагогтардың рөлі артып келеді. Облыстың білім беру саласында мұғалім, оқушы және ата-ана бірлестігінде жұмыс істеудің тәуір тәжірибесі бар. Алдын алу мақсатында ата-аналар арасында және балалар мен оқушы жастар арасында лекциялар, тренингтер, ашық есік күндері өткізіліп, олардың назарына осы мәселеге арналған фильмдер, дискілер мен роликтер ұсынылады. Мұндай тәрбие және түсінік жұмыстары №32 мектеп-гимназияда, №7 және №39 мектепке дейінгі ұйымдарда, гуманитарлық, көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледждерінде және басқаларында дұрыс жолға қойылған. Бізге құқық қорғау органдары белсенді көмек көрсетуде. Олардың ұйымдастыруымен оқу орындарында «Өзіңді зорлық-зомбылықтан қалай қорғауға болады?» атты шара өткізіліп, арнайы буклеттер таратылды. Бұдан басқа балалар үйлерінде, мектеп-интернаттарда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық», «Адамдар трафигі» деген тақырыпта тренингтер өткізілді. Үстіміздегі жылғы сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен бірінші республикалық съезде балалар қауіпсіздігі, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі мәселелері көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Бала тәрбиесінде ата- анаға басымдылық мәселесі біздің оқу орындарында айрықша орын алады. Балалардың ұстаздар тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауының алдын алу үшін білім басқармасының үстіміздегі жылғы ақпан айында өткен коллегиясында жұмысқа қабылдауда Еңбек кодексі талаптарын қатаң сақтау, соның ішінде сотталғандығы бар-жоқ екендігі туралы анықтама ұсыну қажеттігіне тапсырма берілді. Біздің ертеңі еңселі жас мемлекетімізде жас ұрпақ өзінің болашағына сенімді болуы тиіс. Балаларымыздың болашағы біздің қолымызда. Сондықтан біздер ересектер балалардың жан-жақты дамуы үшін қауіпсіз жағдай туғызуға атсалысуымыз керек. Бұл біздің ата-аналық та, азаматтық та парызымыз болмақ.
Шамшырақ САЙҒАЛИЕВА, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы. Ақтөбе.