Сұхбат • Бүгін, 08:55

«Біз үшін су дипломатиясы маңызды»

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің ырысына айналып отырған тіршілік көзінің басым көпшілігі – трансшекаралық өзендер. Су ресурс­тары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан АЛДАМЖАРОВПЕН сұхбатымыз су дипломатиясы төңіре­гінде өрбіді. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мен стратегиялық маңызы бар саланы қорғауда көрші елдермен ынтымақтастық жайын қаузадық.

«Біз үшін су дипломатиясы маңызды»

– Нұрлан Жанұзақұлы, су қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде көр­шілес елдермен байланысты жақсарту­дың маңызы жоғары екенін өмір­дің өзі ай­қындап отыр. Су дипломатия­сындағы ахуал қалай?

– Трансшекаралық су ресурстарын қорғау мен оларды ұтымды пайдалану мәселесі – Су ресурстары және ирригация министрлігі үшін негізгі бағыттардың бірі. Сонымен қатар елдің су қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету тұрғысы­нан стратегиялық маңызға ие. Еліміз­де 8 су шаруашылығы бассейні бар, олардың жетеуі көрші­лес мемлекеттермен шектеседі. Осы 7 су шаруашылығы бассейнінде Қытай Халық Республикасымен, Ресей Феде­рациясымен, Қырғыз Республикасымен, сондай-ақ Орталық Азияның өзге мемле­кеттерімен бірлесіп игілікке жа­ра­татын 58 трансшекаралық өзен бар. Транс­шекаралық су ре­сурс­тарын қор­ғау мен пай­да­ланудағы өзара іс-қимыл қол­­даныс­тағы үкіметаралық келі­сімдер негізінде жүзеге асырылады. Бұл келісімдерді іске асыру мақсатында бірлескен комис­сиялар мен жұмыс топтары жұ­мыс істейді. Комиссия оты­рыс­тарында су ресурстарын бөлу, су пай­далану режімдерін келісу, гид­рологиялық ақпарат алмасу мәселелері талқыланады.

– Трансшекаралық өзен­дердің экологиялық қауіп­сіз­дігін нығайту бағытында қан­дай жұмыс атқарылып жатыр?

– Климаттың өзгеруі, соны­мен қатар шекаралас мемлекеттер­де су тұтынудың артуына орай су ша­руашылығы саласында эко­ло­гиялық тәуекелдерді төмен­­дету­ге ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, министрлік тарапынан Сыр­дария өзені бассейнін­де тұрақты су теңгерімін қамтама­сыз ету, Балқаш көлін сақтау, сон­дай-ақ Жайық өзені бассейнін­­­­­дегі экологиялық жағдайды жақ­сар­­ту мақсатында бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Оның ішін­­­­де трансшекаралық су объектіле­рі­не мониторингті күшейту, ин­женерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ су экожүйеле­рін қалпына келтіруге бағытталған жобалар қолға алынды.

Министрліктің қызметін­дегі басым бағыттардың бірі – транс­шекаралық су ресурста­рын қор­ғау, пайдалану саласында ха­лық­аралық ынтымақтастықты да­мыту. Еліміз трансшекара­лық су ағындары мен халықара­лық көл­дерді қорғау, пайдалану ­ту­ралы Хельсинки конвенция­сы­ның, сондай-ақ Халықара­­лық су ағындарын кеме қатынасы­­­­на жатпайтын мақсаттарда пайдалану құқығы туралы Нью-Йорк конвенциясының белсен­ді қатысушысы. Осы халықара­лық шарттарға қатыса отырып еліміз ­су ресурстарын орнықты әрі ұтым­ды пайдалануға, су экожүйе­ле­рін қорғау қағидаттарына, сон­дай-ақ көршілес мемлекеттер­мен өзара тиімді ынтымақтас­тық­­ты дамытуға қатысты берік ұс­танымынан айныған емес. Біз­дің ішкі, трансшекаралық су ресурстарын басқару сала­сындағы тәжірибеміз бас­қа мемлекеттердің ерекше қызы­ғу­шылығын тудырып отыр. Мәсе­лен, Ирак Республикасы мен Моң­ғолия еліміздің тәжірибесін, оның ішінде институционалдық дамуға, стратегиялық жоспарлау мен суды пайдаланудың интег­рацияланған тәсілдерін енгізуге қа­тысты тәжірибесін игілігіне жа­ратуға мүдделілік танытып отыр.

– Саланы басқаруға қатыс­ты шекаралас көршілерімізбен ынты­мақтас­тық, тәжірибе алмасу мүмкіндігі қанша­лықты артып келеді?

– Еліміз бен Ресей Федера­ция­сы арасындағы су саласын­дағы ынтымақ­тастық 2010 жыл­дан бастап қолданыстағы транс­шекаралық су объектілерін бір­лесіп пайдалану мен қорғау ту­ра­­лы үкіметаралық келісім негі­зінде жүзеге асырылады. Екі ел­дің бірлескен комис­сия­сы, сон­дай-ақ Ертіс, Есіл, Тобыл, Жа­йық өзендерінің бас­сейн­дерін жақ­сар­ту жөнінде құ­рыл­ған жұ­мыс топтары бар. Бұл құ­ры­лым­­дар тараптардың өз­ара іс-қи­мы­лын үйлестіруге, ағым­да­ғы мә­се­лелерді жедел тал­қы­­­лауға әрі тиім­ді шешімдер қа­был­дау­ға мүмкіндік береді. Екі ел ау­ма­­ғында жүргізілген бақы­лау­лар­ға сәйкес 2018–2022 жылдар аралығында Жайық өзе­нінде су деңгейі төмендеді. Осы­ған орай 2020 жылы Қазақстан мен Ресей Жайық, Ертіс басқа да ор­тақ өзен­дер бассейндеріндегі су ресурс­тары жағдайын жақсарту­ға бағытталған бірлескен Бірың­ғай жол картасын қабылдады. Бұл құжат өзен­дердің жағдайын, олардың су режімін климат­тың өзгеруі мен басқа табиғи фак­тор­ларды ескере отырып, бір­лесіп зерттеудің негізі болды. 2024 жылы Ресей Федерациясы­мен шектес трансшекаралық өзен­дер бассейнінде тасқындар­ға байланысты уәкілетті орган­дар­дың әрекеттері үйлестіріліп, алдын алудың кешенді шаралары өткізілді.

Жайық өзеніндегі тасқындық ­су жіберулер экологиялық жағдай­ды жа­сартуға мүмкіндік беріп, шамамен 80 млн м³ су 20 жыл бойы толмаған Камыш-Самар көлде­ріне бағытталса, Каспий теңі­зі­не шамамен 17 млрд м³ су кел­­­ді. Сумен қамтылатын қорларды үй­­лестірілген басқарудың нәти­же­сінде су тасқындары қаупі тө­мендетіліп, трансшекаралық өзен­дерді қауіпсіз әрі тұрақты пайдала­ну қамтамасыз етілді. Ресей­мен транс­шекаралық су ре­сурс­тарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық тұрақты негізде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ еліміздің үкіметі мен Қытай Халық Республика­сы үкіметінің трансшекаралық өзендерді пайдалану, қорғау са­ласындағы ынтымақтастық туралы 2001 жылғы 12 қыр­күйектегі келі­сімі бар. Оның нормаларын іске асыру мақ­сатын­да екіжақты бірлескен комиссия, жұмыс топтары жұмыс істейді. Қытай тарапымен ынтымақ­тас­тық жылдары бірнеше бірлес­­кен жоба жүзеге асырылды. Мыса­лы, Қорғас өзе­нінде бірлескен гидроторап құры­лысы, Сүмбе өзеніндегі су бөлу құрылғы­сын реконструкциялау бұл өзендер­дің су ресурстарын тепе-тең (50/50) бөлуге мүмкіндік береді.

– Су дипломатия саласында Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымыз қай деңгейде?

– Орталық Азия мемле­кет­­­тері­мен Сырдария өзені бас­сей­ніндегі ынты­мақ­тастық тұ­рақты негізге ие. Ынтымақ­тас­тықтың құқықтық негізі 1992 жыл­ы ­18 ақпанда қаланып, Қазақ­стан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан ара­сын­да мемлекетаралық су ресурс­тарын бірлесіп басқару туралы келісім жасалды. Келісім аясында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы тиім­ді жұмыс істеп, суқоймалары­ның жұмыс режімдерін үйлесті­ру, су пайдалану лимиттерін бекі­ту, гидрологиялық жағдайдағы өзгерістерге жедел әрекет етуге арналған негізгі алаң ретінде қыз­мет атқарады. Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс кезеңінде Қыр­ғызстанды электр энергия­сы­мен қамтамасыз етеді. Ал веге­та­циялық кезеңде Қырғызстан Тоқ­тоғұл суқоймасынан төмен­гі ағысты өзендерді тұрақты су­мен қам­тамасыз етуге су жібере­ді. Сол сияқты Тәжікстанмен Бахри-Точик суқоймасынан су жі­беруді реттеу арқылы өзара әріп­тестік жүзеге асырылады. Мемлекетаралық келісім­дерді қа­таң орындау нәтижесінде ке­йінгі үш жылда Солтүстік Арал теңі­зіне 6 км³-дан астам су келді. Нәтижесінде, Сол­түстік Арал көлемі 2023 жылдың басында 18,4 км³ болса, қазір 23 км³-ге жетті.

Көршіміз Қырғызстанмен Шу мен Талас өзендері жөніндегі ынтымақтастыққа 2000 жылы қол қойылды. Осы құжат аясында Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясы тұрақты түрде жұ­мыс істейді, жылына кемінде екі рет су шаруашылығы нысан­да­рын бірлесіп күтіп ұстау мәсе­лесін қарайды, олардың жұ­мыс режімдерін үйлестіреді, веге­тациялық кезеңге су беру кес­тесін бекітеді. Былтыр Шу-Талас өзендері арқылы жалпы 2 млрд 473 млн м³ су келді, оның ішінде Шу өзені арқылы – 1 млрд 733 млн м³, Талас өзені арқылы 740 млн м³ су жиналды. Вегетациялық кезеңде Шу өзені арқылы 160 млн м³, ал Талас өзені арқылы 427,5 млн м³ су келді. Су беру келісілген па­раметрлерге сәйкес жүргізіліп, Жам­был облысының ауыл ша­руа­шылығы өндірушілерінің қа­жет­тіліктерін өтеп, экожүйеге де оң ықпалын тигізді. Сонымен қатар Шу өзеніндегі Чумыш гид­ротехникалық торабын бас­қару мен пайдалану режімі ту­ра­лы бөлек келісім жобасы әзір­­леніп жатыр. Шу мен Талас өзен­дері суын пайдалану фор­маты – трансшекаралық су ша­руашылығы ынтымақтастығы­ның ең табысты практикалық үлгі­лерінің бірі. Былтыр Астанада қа­зақ-қырғыз әріптестігінің ны­ғайғанын паш етер екі ел деле­гацияларының кездесуі өтті. Гид­ро­метеорология саласындағы ын­ты­мақтастықты жаңғырту, сон­дай-ақ Киров, Орто-Токой, Тоқ­тоғұл суқоймаларындағы гид­ро­логиялық деректермен ал­ма­су мәселелері талқыланды. Еліміздің көрші мемлекеттермен трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселесіндегі әрекеті жүйелі әрі сындарлы негізде жүзеге асырылып келеді.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар