14 Тамыз, 2015

Шаруаның сәтті қадамы

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

шшшщҚазір өз ісімді ашамын деген адамға мүмкіндік мол. Тек тәуе­келің тұрсын де. Мәртөк ау­дан­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамил Сариев әңгіме барысында тәуекелге барып, шаруа қожалығын ашып, кәсіпкерлігінің көкжиегін кеңейте бастаған азаматпен таныстыруға уәде етті. Аудан орталығындағы жұ­мысымыз аяқтала келе, Елек өзенінің бойындағы осы малды ауылға бастады. Мәртөк селосынан шыға жол жиегінде тұрған машинаға көзіміз түсті.

Міне, өзі де күтіп тұр екен, деп Шакең ауыз жиғанша, ашаң жүзді, қапсағай денелі, иықты жігіт келіп амандасты. Біз келе жатқан «Есбол» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхамметхан Қарсақов екен. Шаруа қожалығы мал бағып отырған жайлау да онша қашық болмады, күре жолдан солға бұрылып, қырдан түскен бойда етекте қо­жа­­лықтың жайлауы жамырай кө­рінді. Жаңадан ашылған шаруа қожалығында 100-ден астам ірі қара, 300-ден астам қой ұсталуда. Бірінші көзге түскені екі палат­ка мен мал қамайтын ашық аула ғана. Әріректе қой мен ірі қара жайы­лып жатыр. Жер іріп тұр, көк майса. Біздің көңіліміздің қоңылтақсығанын байқады ма, Мұхамметхан Қарсақовтың өзі әңгіме тізгінін қолға алды. – Алғашқы кездегі қиындықтар ғой. Әзірге малшыларымыз палатада тұрады, геологтар сияқты. Есесіне Електің суы жақын. Бұл жайлауды әкімдік уақытша беріп отыр. Кейін өз жеріміз болады, – деді шаруа қожалығының басшысы. Шындығында да, оның шаруа қожалығын құрғанына көп бола қоймапты. Бәрін жаңадан бастапты. 2012 жылы өзінің ауласындағы 20 ірі қарасымен «Есбол» шаруа қожалығын құрып, бір жылдан кейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдар­ламасы бойынша 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, оған аудандағы асыл тұқымды қыр­дың қызыл сиырын өсіретін «Қызылжар» шаруашылығынан 20 қашар сатып алып, табынға қосыпты. Сол жолғы алған несиені ырғалып-жырғалмай өтеп те тас­тапты. Одан кейін банктен шағын несие бойынша 18 миллион теңге алып, 300 қой сатып алған. Қазір ірі қара 100-ден асқан. Биыл тағы да 70 бұзау табынға қосылыпты. Асыл тұқымды он бұқа сатып алған. Олар­дың әрқайсысына мемлекеттен 104 теңге субсидия алады. – Болашақта сауын сиыр санын көбейтіп, Кеңсахара ауылынан тауарлы-сүт фермасын ашсақ деп отырмыз. Асыл тұқымды қырдың қы­зыл сиырларының барлық мал­дәрігерлік-зоотехникалық ғы­лыми жұмыстары жүргізілуде. Қазір үш электрмен сүт сауатын аппаратымыз бар, 60 сиыр сауамыз, – дейді Мұқамметхан. Шаруа адамы жайылымда күн батареясын пайдаланып отыр. Бұл жолы да «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қолдау көрсеткен. Оны былтыр алыпты. Қазір игі­лігін көріп отыр. Сүт сауады, тартады. Ал, жайлаудағы малдың жауапкершілігі жергілікті төрт малшының мойнында. Әзірге қысқы кезеңге қажетті жемшөпті сатып алуда. Болашақта техника сатып алудың қамын жасауда. Ол өзі 2008 жылы Қарақал­пақ­­станнан атбасын атамекене бұрған екен, осы Мәртөкке табан тірепті. Қателеспегені көрініп тұр. Ежелден осында тұрып жатқан қандастарымыз жүрексініп жүргенде өз күшіне, біліміне сенген ол қолға алған ісін дөңгелетіп келеді. Жоғары білімді экономист болғандықтан шығар, ішкі есебі де жоқ емес, зиянға қалмаймыз, әйтеуір, деп күлімсірейді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы. Мәртөк ауданы.