14 Тамыз, 2015

Билік пен бизнестің келісімі

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15-04-2015-aksha 01

Қарағанды қалалық кәсіп­кер­лікті қолдау және үдемелі ин­­дустриялық-инновациялық да­­муды қолдау жөніндегі үй­лес­тіру кеңесінде бизнес өкілдерінің бірнеше жобасы талқыға түсті. Мысалы, «Сарыарқа Нан Қара­ғанды» ЖШС-нің бас директоры Данияр Манамбаев кәсіп­орынның ғимараттан таршылық көріп отырғанын айтты. Яғни, Қарағандыға жаңа нан зауытын салу керек.

Қарағанды нан зауытының жұмыс істеп тұрғанына 30 жыл­дың мұғдары болыпты. Осы уа­қыт аралығында ол Қарағанды облысындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорынның біріне айналған. Зауыт қабырғасынан тәулігіне 50 мың тоннаға дейін өнім – кәдімгі бидай нанынан бастап, майқоспа тоқаштың 12 түрі шығады. Ал енді жаңа зауыт салынар болса, тұтынушылардың күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысын қана­ғаттандыру өз алдына, жа­ңа жұмыс орындарын ашып, 230 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады екен. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығын нанмен қамтамасыз етіп келген кәсіпкер енді жақын маңдағы қала­лар мен аудандарға да өз өнімін шығармақшы. Кәсіпкер Данияр Манам­баев­тың айтуынша, бұл жобаның құны 1 млрд. 499 млн. теңгені құрайды екен. Оның 20 пайызын өз қалтасынан салса, қалған 80% қаржыны несиеге алуға дайын. Кәсіпкер мемлекеттен «Грин технолоджи» жылыжай ауданынан жер телімі мен «Биз­­нестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойы­нша инфрақұрылым тартып беруді сұрап отыр. Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында 10 жылға 6 пайыз жыл­дық үстемемен несие алудан да үмітті екенін жеткізді. Данияр Манамбаев жаңа нан зауытының Италия, Франция, Швеция және Даниядан әкелі­не­­­тін энергияүнемдегіш құ­рал-жабдық­тармен жарақтан­дырылатынын айтты. Сәтін салса, жаңа зауыт құрылысын келесі жылы аяқтамақ. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров бастаған үй­лес­тіру кеңесінің мүшелері жо­баның маңыздылығын атап өтіп, оны Индустрияландыру кар­тасына енгізуді жөн деп тапты. Өз жобасын таныстырған келесі кәсіпкер Рафаэль Алеев болды. Ол қаладағы «Таир» деп аталатын ірі сауда үйінің иесі. Кәсіпкер төменгі пайыздық үстемемен несие алып, «Таир-5» деп аталатын сауда-ойын-сауық орталығының құрылысын бастамақшы екен. Оның айтуынша, бұл жерде заманауи кинотеатр орналасады. Сондай-ақ, кәсіпкер кеңесте қарызды қайта қаржыландыру мәселесіне қатысты сұрақты да көтерді. Үйлестіру кеңесінің мүшесі Са­ран Сыздықова «Таир» сау­да үйіндегі дүңгіршек­тер­дің арендалық бағасының жыл­­­дан-жылға көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етті. Осы­ның сал­да­ры­­нан ұзақ жылдар сау­да жасап келе жатқан ұсақ кәсіп­керлер жалға алу ақысының қымбаттығына шыдай алмай, орындарын тастап кетіп жатыр екен. Алайда, кәсіпкер Рафаэль Алеев мұндай фактілерді мойы­н­­­- да­май, керісінше, сауда үйі­нің аренда құнына үнемі жеңілдіктер жасап, ұзақ уақыттан бері жалға берудің бағасын көтермей келе жатқанын алға тартты. Қала әкімі Нұрлан Әубә­кіров жобаның дамуына өз ұсы­ны­сын енгізді. Ол «Таир» сауда үйі мен жолдың екінші қа­ба­ғында орналасқан «Алтын Арба» базарының арасын жерасты жолымен жалғаудың ма­­ңыз­­дылығына тоқтады. Со­лай болған жағдайда қала­дағы орталық көше Бұқар жырау даң­ғылы бойындағы кө­лік кептелісі жойылып, жол-кө­лік қозғалысы тәртібін бұзу оқиға­ларының азая­тынын атап өтті. Кеңесте талқыланған үшін­ші жоба қауіп­ті жүктерді тасымал­дауға арналған еді. «Еуро­тех­ногаз» ЖШС директоры Елена Павлова мемлекеттен өзі­нің компаниясына екі жүк көлігін сатып алуына көмек­тесуін сұрады. Есе­сіне кәсіпкер ханым жаңа жұ­мыс орындарын ашуға уәде берді. Үйлестіру кеңесінде қаралған үш жоба да мақұлданып, үдемелі индустриялық-инновациялық да­­му жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесіне жіберілді.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.