Катонқарағай – туристік аудан. Биыл Алтайдың асқарлары мен алқымында жатқан ауданның жолдары жөнделіп жатыр. Бұл шаруаның туристік саланы жандандыруға ықпалы зор, дейді аудан әкімі Қалихан Байғонысов. Айталық, аудан аумағындағы туристерді жыл бойы қабылдайтын «Рахман қайнары» және маусымдық «Нұрбұлақ» шипажайлары республикалық жолдың бойында орналасқан. Сонымен қатар, 11 пантымен емдеу орындары, жанармай құю стансалары, сауда орындары, қонақүйлер мен мейрамханалар, қымызханалар да республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда орын тепкен.
Жалпы, Катонқарағай ауданындағы автокөлік жолының ұзындығы 721,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол – 227 шақырым, облыстық маңызы бар – 111 шақырым және аудандық маңызы бар жол 383,7 шақырымды құрап отыр.
«Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» республикалық жолын күтіп-ұстау жұмысы «Қазавтожол» ӨЖУ-27 АМК-ге тиесілі. Бұл бағыттағы жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл мамыр айында аталған жолдың «399-418 шақырым» учаскесіндегі 20 шақырымына қара жабынды төсеу жұмыстары басталды. Күрделі жөндеуді «Катонқарағай өндірістік жол учаскесі» ЖШС жүргізуде. Ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарына 496 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Жақында ауданға жұмыс сапарымыздың аясында Өрел ауылы жанындағы құрылыс жұмыстарымен таныстық. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Өрел өзеніндегі көпір көктемгі алапат тасқынға төтеп бере алмайтындықтан, жиі су алып кете береді екен. Биыл аталған көпір толығымен ауыстырылып, жөндеуден өткізіліп жатыр. Біз мердігерлердің көпірге дейінгі өзен арнасын кеңейтіп жатқанын байқадық. Жол жөндеушілер қажетті материалды жеті шақырым жерде орналасқан тас карьерінен тасып жүргендіктерін жеткізді. Бөгеттің ұзындығы – 300 метр. Құрылыс учаскесінің бригадирі Андрей Трудниковтің айтуынша, көпір күзге дейін аяқталады. Мұнда кран, бульдозер, КамАЗ техникалары жұмыс істеп жатыр екен. Қазіргі кезде көпірдің бетондау-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ал Өрел мен Берел ауылдарының ортасы – 20 шақырым. Биыл осы жолды салуға 2 млн. 800 мың теңге бөлініпті. Ағымдағы жылы 6 шақырымын жасамақ. Екі жолақты болатын жол құрылысында 35 адам, 15 техника жұмыс істеп жатыр, деді мердігер компания өкілі Нұржан Мұсабаев. Әзірге жол жамылғысы салынып, көпір мен құбырлар орнатылуда. Сондай-ақ, ауданда «Үлкен Нарын – Күршім» жолының 23 шақырымына жабынды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 330 млн. теңге қаражат бөлінген. Ал аудандық дәрежедегі жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен «Нарын-Сервис» ЖШС айналысады. Биыл жергілікті желідегі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудан бюджетінен 42 млн. теңге бөлінді. Осы арқылы Жаңа үлгі – Жамбыл – Берел бағытындағы 20 шақырым, Новополяковка – Ульяновка бағытындағы 13 шақырым, Новополяковка – Сенное бағытындағы 14 шақырым жол жөнделмек. Айта кетерлігі, Алтайға алыстан келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Үлкен Нарын ауылында әуежай ғимараты мен ұшу алаңының құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздеме жобасы әзірленді. Егер аталған жоба сәтімен жүзеге асар болса, келешекте туристер мен жолаушылар ауданға ұшақпен келетін мүмкіндікке ие болады.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.