Жалпы, шопан болу, үнемі мал соңында жүріп, ел игілігін еселеуге үлес қосу – көрінгеннің қолынан келе бермейтін шаруа. Шопан жұмысы сағатпен өлшенбейді. Қыста жүздеген бас қойды бетін қарып, саусақтарын үсітіп бара жатқан ызғырық желдің өтінде жүріп, құдықтан қауғамен суарып, шөбін салады. Күн жылылық танытып күлімдесе, жерде қар болмаса, тебінге шығарады. Көктемде таң ата малын өргізіп, түсте үй алдына иіріп, асығыс тамақ ішіп, кері айдап әкетеді. Қой төлдейтін шақтар шопан судан маржан жинағандай. Ұйқы дегеніңіз жайына қалады. Төлінен безген тұмса тоқтымен алысып, өздігінен туа алмай жатқан талай қойға «акушерка» болып жүргенде, көкжиектен таң шапағы алаулап, күннің қалай шыққанын да білмейді. Ал шопан үшін бұл күнделікті тірлік, үйреншікті қызмет, оның суығына тоңып, ыстығына күйіп, қайыстай қатып әбден ысылған. Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз осындай еңбек майданының алғы шебінде жүрген жан.
Люба Құбаева жолдасы Әдебиет Стамғазиевпен бірге Кеңес Одағы тұсында көп жылдар бойы «Партияның ХХV съезі» кеңшарында мал бақты. Заман өзгеріп «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кездерде де шопан таяғынан ажырамады. Әрине, түрлі қиындықтарды, жоқшылықты басынан өткерді. Әдебиет тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының бірі «Ақжонас» ЖШС-да аға шопан болып, өмірінің жаңа парағын ашты. Нәзік жанды жұбайы оған ұзақ жылдар сенімді көмекші бола білді. Әйел адам ретінде тек үй ішінің шаруасымен ғана шұғылданып қоймай, бағымындағы малды күту, қойды суару, қырқумен айналысып, төлдету кезінде сақманшыларға бас-көз болу және т.б. жұмыстарды денсаулығына қарамай шырқ үйіріп атқарды. Отарына келген көмекшілерге қатаң талап қояды. Көп адам оның отарына барудан бас тартады. Себебі, Любаның мал басының сақталуына, күтіміне үлкен жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етуі және өзгелерден де осыны талап етуі жеңілге ғана үйренген кейбіреулерге ұнамайды. Жолдасы Әдебиет екеуі ерен еңбектерінің арқасында талай мәрте ауданның, облыстың чемпион шопаны атанды. «Еңбек ер атандырады» деген осы. Әдебиеттің зейнеткерлікке шығуына және денсаулығына байланысты 2013 жылы аға шопандық жұмыс Любаның өзіне сеніп тапсырылды. Содан бері қарауындағы малды аман сақтап (жылда 2-3 бас қойдан артық шығын бермей), төл алу көрсеткішін артығымен орындауда.
Люба Зайнешқызы еңбек жолын 1977 жылы бұрынғы кеңшарда көмекші шопан болып бастаған. Сол жылы Әдебиет Стамғазиевпен шаңырақ көтерген. Отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеген ұлағатты ана.
Бұл туралы «Ақжонас» ЖШС-ның директоры, ауданға танымал азамат Мұқар Шаяхметов тебірене әңгімелеп, өткен 2014 жыл елімізді қуаңшылық жайлағанымен есте қалды. Жаз бойы бір тамшы жаңбыр жаумады. Ыстық 40-50 градусқа дейін көтерілді. Жайылымдағы шөптің бәрі күйіп, өзектер мен көлшіктер кеуіп кетті. Құдықтарда су тартылып, малға жетпей жатты. Мұндай жағдай көптеген жылдардан бері кездеспеген-ді. Бірақ, Люба тағы да ерледі! Осылай боларын алдын ала болжағандай, өзінің «Төрт бұрыш» деген Бесшоқы тауының шығысындағы (қандай дегенмен ауа райының қолайсыздығына қарамай ол жердің шөбі шұрайлы, су мол болып тұрады) жаздық орынынан желтоқсанның 16-17-сі күндеріне дейін көшпей отырып, малын семіртті. Адал еңбегі өз нәтижесін беріп, семіз қойларды ұрықтандыру науқаны өте жақсы өтті. 2015 жылғы қой төлдету науқанының қорытындысымен Люба Құбаева әр 100 саулықтан 124-тен қозы алды. Жыл басында оған бекітілген 524 бас аналықтан 200-дің үстінде қой егізден туды. Әйел адамның мұндай көрсеткішке жетуі бойындағы қызметіне деген адалдығының, еңбексүйгіштігінің нәтижесі. Қонақжай Люба қыдырыстап барған адамға қоғам игілігінен емес, өзінің жеке меншігінен қойын немесе ешкісін сойып құрметтейді. Әлдебіреулерге ұқсап: «Маған анау керек, мынаны әперіңдер, жалақымды өсіріңдер», деп қиғылық салмайды. «Құдайдың бергеніне шүкірміз. Жұмыс жасасақ, соның ақысын алып отырмыз», деп тоқмейілсиді. Қазақ «Әйел – үйдің тұтқасы», дейді. Қыруар шаруаның бел ортасында жүрсе де Әдебиет пен Люба ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған өнегелі ата-ана. 40 жылға жуық даланың дарабоздары сияқтанып, электр жарығы мен газы жоқ шоқал арасында, ауа райының небір дүлей бораны мен ыстығына қарамай қой бағып, жоғары көрсеткішке жету, отбасының жоғын жоқтап, бала тәрбиелеп өсіріп, ұлағатты ата-ана атану батырлықпен тең десек, артық айтпаймыз, дейді.
Бұған алып-қосарымыз жоқ. Бүгінде кейбір жігіттеріміз жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге ұмтылған заманда Любаның ерен еңбегін оларға үлгі ретінде ұсынамыз. Адам қандай мамандықта жасаса да оның өз қиындығы бар. Ісіне шын берілгендер ғана дүниеге кірпіш болып қаланады. Шың басындағы шынардай дараланған аға шопанға алда да алар асуларыңыз көп болып, жұлдыздай жарқырай беріңіз демекпіз.
Қанат ҒҰМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы,
Ганюшкин селосы.