Зайсан ауданы егін, бау-бақша өсіруге қолайлы. Маңырақ жоталарынан Сауыр, Сайқан тауларына ұласатын күнгей жақтағы биік заңғарлардың етегін басып отырған зайсандықтар мұздықтардан ағып шыққан тұнық өзендердің ырысын шайқалтпай, маңдай терімен кәдеге жаратуда. Аудан әкімі Алмас Оңдақановтың айтуынша, Зайсанда әр ауыл егістіктің белгілі бір түріне маманданған. Мәселен, Қаратал, Сарытерек ауылдары жеміс-жидек өсірсе, Кеңсай, Жарсу ауылдары бау-бақшамен, Қарабұлақ ауылы тары шаруашылығымен айналысады. Жақында ауданға жұмыс сапарымыздың барысында сол диқандардың бірқатарымен алқапта кездесіп, әңгімелескен едік.
Бақшашы Рауль
Рауль Мәжитов – Кеңсай ауылының тұрғыны, «Ринат» шаруа қожалығының жетекшісі. Жол жиегіндегі жап-жасыл бау-бақшасы Зайсан қаласын бетке алған жолаушының жанарына бірден шалынады. Мал да өсіреді, егін де егеді. 80 бас ірі қара, 20-ға жуық жылқы, 50-дей ұсақ мал бағып, 120 гектар алқапқа егістік егіп отыр. Оның ішінде әрқайсысы 11 гектардан картоп пен бақша өнімдері (орамжапырақ, сәбіз, сарымсақ, қияр, қызанақ, т.б.) болса, 30 гектары – жоңышқа. Жоңышқаның жартысы – тұқымдық, жартысы – мал азығы. Раульдің әкесі Рафқат та диқан болыпты. Әке жолын жалғастырған жігіт бау-бақшаны нарықтық қатынастар басталған тоқсаныншы жылдары қолға алды.
Жерді де емуге болатынын түсінген қайратты жас бірте-бірте бақшасының көлемін ұлғайта берді. Корейлік диқандардың жерді пленкамен жабулау әдісін меңгеріп алған Рауль игерілетін жер телімін арттыруға мүмкіндік туғанын айтады.
– Жердің бетіне пленка тартып тастаймыз. Мұның ерекшелігі, өсімдіктің айналасына арамшөп шықпайды, ылғал жақсы сақталады. Бұрын бақша суарған соң үш күннен кейін арық кеуіп кетіп, қайта суаруды қажет ететін. Пленка технологиясы бойынша ылғал 15 күнге дейін жақсы сақталады. Қытайда жасалған пленканың жарамдылық мерзімі – бір маусым. Ала жаздай күнге күйіп, үгітіліп, өздігінен жоғалып кететіндіктен қоршаған ортаға зияны жоқ, деді Р.Мәжитов. Біз пленканың қияр-қызанаққа тартылғанын байқадық. Ал қыстық қырыққабат күннің қызуын еркін сезініп, домаланып, күннен-күнге жапыраққа оранып өсіп келеді. Алты жұмыс орнын құрған Рауль балалары Ринат пен Рамильдің де ата жолын қуғанын мақтанышпен айтты. Қолдарында дипломы бар жас жігіттер жеке шаруашылықта жұмыс істеуді жөн деп тауып, әке жанынан табылыпты. Келіншегі Алмагүл де болысып келеді.
Мәжитовтердің өнімі аудан мен облыс көлемінде сатылады. Мектеп пен балабақша, шекара отрядынан мемлекеттік тапсырыс тұрақты түрде түсіп тұрады. Бақшашы мемлекет тарапынан көрсетілер көмектің үлкен екенін жеткізді. Мәселен, гектарына картоп пен бақша өнімдеріне 120 мың, жоңышқаға 12 мың теңгеден субсидия төленеді екен.
– «Ринат» шаруа қожалығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жыл сайын 1 млн. теңгеден астам қаржыға ауыл мектебі мен балабақшасына демеушілік көрсетеді. Асханаға бақша өнімдерін тегін береді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмектеседі, – деді Кеңсай ауылы әкімдігінің бас маманы Нұршат Әшімханова.
Сояшы Болатбек
Болатбек Мизамхан 2005 жылы Қытайдан атамекенге қоныс аударған екен. Жарсу ауылының жанынан «Жоңғар» шаруа қожалығын құрып, соя шаруашылығымен айналыса бастағанына биыл үшінші жыл болыпты. Ағымдағы жылы 130 гектар алқапқа соя еккен. Мамыр айында егілген сояның шығымы жақсы. Жайқалған жасыл алқап белуардан келеді. Күнге тотыққан Бөкең сояны үшінші мәрте суарып жатқанын жеткізді.
– Сояның басты ерекшелігі – базарында. Өткен жылы килосы 70 теңгеден болған еді. Биылғы баға әзірге белгісіз. Барлығын нарық өзі белгілейді ғой, – деді кетпеніне сүйеніп жұмысын жалғастырған жігіт ағасы.
Болатбек өз өнімін Семей қаласына апарып өткізіп жүр. Сояны өңдеп, одан сұйық май, құс жемі, тіпті, шұжыққа дейін жасайды. Қытайда соядан ақ ірімшік жасайтын көрінеді. Көрші елде бұл шаруашылық кеңінен тараған. Өйткені, Қытай халқының басым бөлігінің күріштен кейінгі тұтынатын тамағы – соя. Ал елімізде негізінен күнбағыс сияқты сығып, майын алады. Бір ерекшелігі, аталған өсімдік жерді құнарландырады, топырақ қыртысына азот жинап, тозуына жол бермейді. Болатбек сояны бір алқапқа үшінші жыл қатарынан егіп отырғанын жеткізді.
– Бұл қазаққа таңсық шаруа ғой. Сондықтан, жергілікті диқандар қызығушылық білдіріп, сұрап жатады. Олардың қатары әсіресе, биыл көбейді. Жетісу жерінде сояны жақсы егеді. Жалаң мал баққанша, қосымша егістікпен де айналысқан жөн. Қытайда да соя еккен едім, сондықтан атамекеніме келгенде осы кәсіппен айналысқанды жөн көрдім, – деді «Жоңғар» шаруа қожалығының жетекшісі.
Тарышы Мақсат
Қарабұлақ ауылы – тарының отаны. Кәдуілгі сөк, жент жасайтын керемет тіл үйірер тарыңыз Зайсанның Қарабұлағында өсіріледі. Ауыл агрономы Амангелді Базылхановтың айтуынша, биыл қарабұлақтық диқандар 300 гектарға жуық жерге тары егіп отыр. 2004 жылы Қытайдың Көктоғай ауданынан қоныс аударған Мақсат Зиябайұлы бірге көшіп келген қандастарының басын қосып, тары салыпты. Ол Көктоғай ауданының Күрті ауылында әкім болып, жеті жыл жұмыс істеген. Өзі де ойға жүйрік, тілге шешен азамат екен. Мотоцикліне мінгестіріп алып, тары алқабына жеткенше, біраз әңгіме тиегін ағытты.
– Бір дастарқан тұрмақ, бір нанды біржола жей алмайсыз. Сондықтан, бәріне бірден қол созу әбестік болады. Бір қуанатынымыз, Қазақстан ұшқан құстай тез дамуда. Дархан халықтың санасы нарыққа біртіндеп бейімделіп келе жатыр. Мемлекеттің мал мен егін шаруашылығына деген қамқорлығы зор. Үкімет тарапынан субсидия беру, жебеп, жетектеу саясаты дер кезінде қолға алынды, деді ол.
– Шаруа қожалығының аты – «Асыл арман». Атамекенге келу – асыл арманым еді. Сондықтан, осылай атағанды жөн санадым. Жалпы, тары адам ағзасына өте пайдалы. Нарықта сұраныс жоғары. Қазақстан тарысы табиғи таза өнімге саналатынын шет жұрттар да біледі. Мәселен, біз ешқандай тыңайтқыш бермей-ақ жусан мен изен өсіп тұрған кең даланы жыртып, егіп отырмыз, – деді М.Зиябайұлы.
Айтуынша, 15 отбасы бірігіп, 200 гектар алқапқа тары еккен екен. Мақсаттың өзі 70 гектарға тары салған. Бір гектардан орта есеппен 2,5 тонна өнім алады. Таяуда ескі комбайн сатып алып, тары оруға арнап, қайта жасап шығарыпты. Ресей мен Қытайда тары оруға арналған арнайы техника шығарылмайды. Тары тұқымдас ұсақ дақылдарға арналған комбайн болғанымен, ол қауызы қатты тарыны оруға жарамайды. Мақсат арнайы мамандандырылған комбайнды екі жылда жасап шыққанымен, патент алуға қаражат тапшылығы қолды байлағанын айтты.
– ДСҰ-дан күтеріміз көп. Әлемдік нарықта біздің тарымыз бәсекеге төтеп бере алады деген ойдамын. Бұл біз үшін жаңа көкжиек болуы ықтимал, – деді диқан.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.