14 Тамыз, 2015

Тастақтың тас кеніші

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

000 (15)

Ақмоланың астаналық өңірі Целиноград ауданының Тастақ стансасы қасындағы осы бір кеніш көптен бері қолға алынғанымен, толыққанды игерілмей келіп еді. Халықаралық«Heidelberg Ce­ment» тобына кіретін «Бектас grup» ЖШС оны толықтай өз иелігіне өткізбей тұрып, гео­логия­лық жан-жақты зерттеу жүргізіп, бұл жердегі тас­тың көлемі 25 жылға дейін жұ­мыс орны болатынына көз жеткізген. Оның үстіне табиғи тастың қаттылығы, ғалымдардың пікірінше, барлық іске жарамды боп шықты. – Біздің компания Қазақстан аумағында 2005 жылдан бері жұмыс істеп жатыр, – деді се­рік­­­­тестік директоры Сергей Пчелинцев. – Бізбен үзеңгілес бір мақсатта жұмыс істеп жатқан серіктес кәсіпорындар да осы қазақ елінде жетерлік. «Бұқтырма цемент», «Каспий Цемент», «БайКазБетон» компаниялары солардың алдыңғы қатарларында тұр дер едім. Осы неміс компаниясы келгенге дейін бұл жерде қуаты мардымсыз «Бектас grup» серіктестігі жұмыс істеп келген. Өндірістік өнімділігі шамалы болғаннан кейін олар нарық сынағына тойтарыс бере алмаған. Немістің «Heidelberg Cement» компаниясы әлемнің 40 елінде жұмыс істеп жатыр. Қиыршық тас өндірісі бойынша олар дүние­жүзінде бірінші орынды, ал бетон мен цемент бойынша 3-ші орынды иеленіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, адымы алшаң, белі жуан іргелі кәсіпорын. Олар осы жерде іске кіріскеннен бері жаңа өндірістің қуаты артты. Қазақстан заңнамасы аясында олар жергілікті елді мекендердің әлеуметтік бағдарламаларына да атсалысуды жөн санапты. Эко­логия мәселесі де әрқашанда олар­дың ойында жүреді. Сол себепті, бұл жердегі бұрынғы әлсіз ескі құрал-жабдықтар толықтай жойылып, оның орнына қуатты шетелдік жабдықтар әкелінді. Әлемдік стандарттар шарттарына сәйкес келетін техниканың жұмысы көрген көзді тойындырады. 3 ірі тас өңдеуші машина, 15 жабық конвейерлі тасымал желісі, 100 тонналық электронды салмақ өлшегіш құрылғы солардың бірегейі десе де болады. – Қазіргі кезде біздің зауытта 34 маман жұмыс істеп жатыр, – деп әңгімесін сабақтады Сер­­гей Пчелинцев. – Ал оларға аспаздарды, жүргізушілерді, жұмыскерлер мен тау қопарғыш мамандарды қоссаңыз кісі саны 100-ден асып кетеді. Айлық еңбекақылары да тұрғындардың көңілінен шығуда. 100-120 мың теңге аралығында. Бұған медициналық сақтандыруды, киім-кешек, ақысыз тамақты қоссаңыз – жағдайдың жаман емес екендігін өзіңіз де түсінесіз. Жаңа зауыттың жұмысы вах­та­лық тәсілге есептелген. Қиыр­шық тастың түрі 10-нан асады. Кіші фракциясы 0,5 мм. бол­са, үлкендері 40 пен 70-тің арасында. Астана қаласының құлашын кеңге салып жатқан барлық құрылысына, асфальты мен теміржолына таптырмас материал осы жерде әзірленеді. Зауыттың учаске бастығы Игорь Гришин «Қазақстан Пре­зи­денті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы Жол» бағдарламасы бізге бизнес саласын өркендетуге кең жол ашып отыр», деді. Себебі, біздің мемлекетіміз Шығыс пен Батысты қосатын, бір сөзбен айтқанда, тоғыз жолдың торабында тұрған ел. – Көлік логис­тикасын дамыту үшін алдымен жақсы автокөлік жолдары керек. Біздің жұмысымыз соған негізделіп отыр. Игорь Юрьевичтің пайымдауынша, сапасы жоғары қиыршық тасты сұраушы ірі құрылыс компаниялары Астанада жеткілікті. Солардың бірі «Біріктірілген құры­лыс корпорациясы», «Құ­ры­­лыс конструкциясы» акцио­­­нерлік қо­ғамы мен бірнеше темір­жол салу­шы ірі ұйымдар екен. Зауыт іске қосылғаннан бе­рі Тастақ стансасындағы тұр­­ғын­дарға да едәуір көмек көрсетіліпті. Біріншіден, ауыз су тасымалдайтын жұмыс осы кәсіпорынның еншісіне тиген. Екіншіден, осы кәсіпорын биылғы көктемгі су тасқынынан бұзылған ауданаралық жолдарды жөндеу үшін 3 мың тонна табиғи тас тасымалдапты. Ал, ең бастысы, олар Целиноград ауданының бюджетін көбейтуге қомақты үлес қосып отыр. Әңгіме барысында халық­аралық «Heidelberg Cement» компаниясының бас менеджері Роман Кемпе бұл кәсіпорынның алдағы уақытта Ақмола облы­сының еншісіндегі көптеген елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтар­лық­тай көмек көрсететініне сенімді екендігін жеткізді. Бұл сөзді Тасты ауылдық аймағының әкімі Бейсенбай Аппасов та растап отыр. Себебі, қыс кезінде жолдарды тазалауға, ауызсу жеткізуге зауыт техникамен, сондай-ақ кісілермен айтарлықтай көмек көрсетіпті. Бір сөзбен айтқанда, екі жаққа тиімді істің құлаш жайғанына жергілікті тұрғындар да риза. Маман механизаторлар мен жүргізушілер осы жерден өздерінің тұрақты жұмыстарын тапқан. Бұл «Нұрлы Жолдың» елге беріп отырған үлкен бір берекесі деуге боларлықтай іс.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Ақмола облысы, Целиноград ауданы.