Осыдан он күн бұрын тәжік-қырғыз шекарасында жұрт назарын аударған қақтығыс болды. Жағдай ендігі реттелгендей де. Сөйтсе де, бұл жайында айтпаса болмайтындай. Сол қақтығысқа жол бермеуге болғандай екен.
Бұл атақты Баткен облысындағы Баткен ауданында болған. Әркез қақтығысып жатады. Неге тыншымайды? Сол қақтығыстан бұлар не табады? Ешқандай қақтығысқа бармай, ауыл ақсақалдарының келісімімен-ақ шешіліп жататын мәселе. Тіпті ауыл демегенде, бұл елдердің басшылары бұларын жөн емес деп, нұсқау айтса да бітіп жататын мәселе. Ал әлдебір арандатушылардың айтақтатуымен екі елдің аты аталғандай дау туып жатқаны масқаралық емес пе дерсің. Қақтығыс былай басталған. Қырғыздардың Көктас ауылының адамдары бір зиратқа тәжіктер мекендейтін Майское ауылы арқылы бармақ екен, Согди облысына қарайтын Чорку елді мекенінің тұрғындары оларды жібермей қояды. Оған жауап ретінде қырғыздар тәжіктер жағына баратын суды жауып тастайды. Бұдан кейін 120 тәжік пен 80 қырғыз белсеніп шығып, бір-біріне тас жаудырады. Тәжіктер мергендеу болса керек, бес қырғызды жаралап, 7 үйді бүлдіріп, 1 автомашинаны қиратады. Содан кейін екі жақтың шекарашылары келіп араға түседі. Бұл төбелеске қатыспаққа 200-300-дей адам іріктеліп те қалады. Жұртты сескендіру үшін мылтық та атылады. Әйтеуір, «әупірім-тәңірмен» қақтығыс басылады. Басылғанда, Қырғызстан Премьер-министрі Темір Сариев демалысынан қайта оралып, қақтығыс болған жерге вице-премьер Маматалиевті жібереді. Ал вице-премьердің оқиғаға байланысты мәлімдемесі мынадай: «Біз шекарадағы қақтығыстың арандатушылары мен шағыстырушыларын іздестіріп жатырмыз, олар жауапкершілікке тартылады». Оларды жазалаған да жөн шығар, бірақ осы бір келеңсіз жағдайға нүкте қоятын адамдарды, ең алдымен екі ел басшыларын іздестірген жөн-ау. Бұл өзі ушықтырмай, елдің шекарасын нақтылап белгілеумен тынатын мәселе ғой. Сол Маматалиевтың айтуына қарағанда, қақтығысқа апарған Көктас ауылының тұсында шекараның азғантай жері, бар-жоғы 20 сотық жері келісілмеген екен, дау содан шыққан. Мұны жақында сарапшылардың кездесуінде шешпек көрінеді. Бұған дейін неге шешпеген? Осында 1989 жылы да суға, жерге талас болып, сонда мәселені Мәскеу араласып шешкен екен. Тәжік пен қырғыз басшылары тағы да басқалардың араласуын күте ме? Иә, арандатушылар қашанда болады. Олардың ықпалында кететін жерде іс оңбайды. Билік тарапынан солардың қолтығына су бүркіп, екінші көрші елге қастандық жасағысы келетіндер табылса, бұл шын мәнінде сорақылық. Шекарадағы шиеленістен ешбір ел пайда таппайды және оны күшпен шеше де алмайды. Бұл жұрттың көзі жеткен шындық. Басқа емес, осы тәжіктердің де, қырғыздардың да, оларға көрші өзбектердің де оған көздері жеткен. Ал шекараларын мықтап реттеген, ондағы шудан құтылған елдер де баршылық. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы. Мақтанды демесін, бізге де қарауларына болады ғой. Дәл осы күндерде қырғыз елінің оңтүстігінде қақтығыс болып жатқанда, солтүстігінде қазақтармен арада кеден кедергілері алып тасталғанына да қараса болар еді.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.