Кеше «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың президенті Асқар Мамин бастаған делегация Ляньюньган – Алматы тұрақты контейнерлік пойызын шығарып салу рәсіміне қатысты. Шығарып салу салтанатына Цзянсу провинциясының вице-губернаторы Ши Хэпин, Ляньюньган қалалық партия комитетінің хатшысы Ян Синши мен басқа да ресми адамдар қатысты.
Ляньюньган қаласындағы порттағы Қазақстан – Қытай бірлескен терминалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен ашылған. Көліктік-логистикалық терминал Қазақстанның теміржол көлігі арқылы транзиттік әлеуеті мен экспорттық-импорттық жағдайын дамытуға бағытталған. Ол Оңтүстік – Шығыс Азия мен Азия – Тынық мұхит аймағы елдеріне шығатын қысқа бағдарлар мен Орталық Азия елдерін, Парсы шығанағы, Ресей, Кавказ аймағы және Еуропамен жалғайды. Аталған жоба Президент Н. Назарбаевтың «Нұрлы Жол» қазақстандық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қолдаған Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін дамытуға ықпал етеді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы Цзянцу провинциясы мен Ляньюньган қаласы басшылығымен жұмыс кездесуі барысында тараптар Қазақстан – Қытай бірлескен терминалын дамыту динамикасының жоғары екендігін ерекше атап өтті. 2014 жылы 19 мамырда жұмысын бастаған терминалдан 65 мың контейнер өңдеуден өткізілді. Биылғы жылы 250 мың ДФЭ контейнерін өңдеуден өткізу жоспарланып отыр.
Цзянсу провинциясында 74 миллион адам тұрады. Дамыған аймақтың ІЖӨ-сі 100 млрд. АҚШ долларынан асады. Ал Ляньюньган теңіз порты жылына 210 миллион тонна жүк өткізетін әлемнің 20 ірі порты қатарына жатады.
«Егемен-ақпарат».