Италиядағы қысқы Паралимпиада 16 наурызда мәресіне жетеді. Милан мен Кортина қалаларында 56 елден келген 600-ден астам параспортшы 79 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр. Еліміздің үмітін арқалаған жеті саңлақ: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев, Анна Грачева, Нұрлан Әлімов бақ сынауда. Спортшылардың арасында жасы кішісі – Владислав Кобаль. 17 жастағы саңлақ парашаңғыдан жарыс жолына шығады. Тәжірибелі Сергей Усольцев – егде спортшы, 51 жаста.
Паралимпиаданың алтыншы күнінде қанжығамызға алғашқы медаль байланды. Ербол Хамитов парашаңғы сайысынан 1 500 метрге классикалық спринтте қола жүлде олжалады. Ол мәреге 2 минут 29 секундта жетті. Бұл қашықтықта Паралимпиаданың алтын медалін Қытай спортшысы Лю Цзысю иеленсе, күміс медаль Бразилия парашаңғышысы Кристиан Вестемайерге бұйырды.
«Ел сенімін арқалап барған төртжылдық додасында қола медаль еншілеп, жанкүйерлерімнің үмітін ақтай алдым деп ойлаймын. Бұл медаль – ұзақ жылғы еңбектің жемісі», дейді Е.Хамитов.
Ербол параспортпен 2018 жылдан бері шұғылданады. Ол 2022–2023 жылғы қысқы маусымда парабиатлон мен парашаңғыдан әлем кубогі кезеңінде бірнеше рет жеңіске жетті. Әлем чемпионатында топ жарды. Әрі ел спортының тарихында осы спорттан жаһандық аламанның тұңғыш жеңімпазы атанды. Бұған дейін бұл меже саңлақтарымызға асу бермей келген еді. Ербол 2024–2025 жылғы маусым қорытындысында парабиатлоннан әлем кубогінің жалпы есебінде үздік атанып, 31 жылдан кейін мәртебелі сыйлық – Хрусталь глобусты иеленді. Енді, міне, Милан төрінде өтіп жатқан қысқы Паралимпиада аламанында жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды желбіретті.
Еліміздің спортшылары қысы Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Бұған дейін 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен қысқы Паралимпиада аламанында Любовь Воробьева парашаңғыдан 10 шақырымға классикалық стильмен жүйткуде күміс медаль еншіледі. Александр Колядин 2018 жылы Пхенчханды (Оңтүстік Корея) дүбірге бөлеген қысқы Паралимпиада сайысында парашаңғыдан 1,5 шақырымдық спринтте чемпион атанып, алтын медаль олжалады. 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен қысқы Паралимпиада сайысында Александр Герлиц парабиатлоннан (10 шақырым) қола медаль еншіледі.