14 Тамыз, 2015

Телеэкспедиция

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13-08-2015-Aktobe 01

Бұл телеэкспедицияны «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырды. Телеэкспедиция құрамындағы шығармашылық топ облыстағы 12 ауданды аралап, тарихи зерттеулер жүргізіп, тың деректерді тауып, бейнебаян түсіреді. Бұл жұмыстардың нәтижесі «Атажұрт» бағдарламасында көрсетілетін болады.

Ғылыми экспедицияның жетек­шісі – тарихшы Бекарыстан Мырзабай, жобаның бас демеу­шісі – «Көл-Авто-Ақтөбе» көлік орталығы, «Атажұрт» бағдарла­масының редакторы, тележүр­гізуші – Ербол Шыма.

– Биыл Керей мен әз Жәні­бек негізін қалаған Қазақ ханды­ғына 550 жыл толады. Біз­дің ұжымның ұйытқы болуы­мен ұйымдастырылған теле­экспе­дицияның басты мақсаты – осы ел өміріндегі елеулі оқиғаның өз деңгейінде аталып өтілуіне үлес қосу болып табылады. Біздің өңірде құнды жәдігерлер, тарихи орындар өте көп. Көненің көзіндей сол тарихи орындарды зерттеп, зерделеп, көрермендерге ұсынуды мақсат еткен экспедиция жұмысы Алға ауданынан басталады, – дейді «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директоры Раукен Отыншин. Шығармашылық топ өз жұ­мысын Есет Көкіұлы кесенесіне барып, ата рухына тағзым етіп, құран бағыштаудан бастады. Одан кейін телеэкспедиция белгілі ақын Ізтай Мәмбетовтің кіндік қаны тамған Табантал-Бесқоспа селолық округіне барады. Жоспар бойынша экспедиция мүшелері әр ауданға бір күннен аялдады. Телеэкспедицияның ғылыми жетекшісі Бекарыстан Мырзабай уақыттың тығыздығын, осы аз уақыттың ішінде мол мәлімет жинап үлгеру керектігін айтады. Біздің облыстың қай өңірі болмасын, тұнған тарих, толған шежіре екенін алға тартады. Мысалы, Алғада әйгілі Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов дәріс берген мектептің орны бар екенін, Алаш көсемінің мұнда атақты болыс Ахметкерей Қосуақовтың арнайы шақыртуымен келгенін жеткізді. Ол ағылшын саяхатшысы Джон Кэстльдің Қарғалы, Жаман Қарғалы өзендерінің бойында бірнеше күн аялдап, қорғандарды қазғаны туралы деректер бар екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, әз Жәнібек ханның ақылшысы болған Асан Қайғы бабамыздан қалған керемет жырлардың халқымыздың жадында сақталғанын еске сала келіп, телеэкспедиция сапары барысында атқарылар шаруа­лардың бірқатарына тоқталды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.