Медициналық кешен 17 гектар жер учаскесінде орналастырылады, ал құрылыстың жалпы ауданы 111 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 50%-ға жетті.
Жобалау және құрылыс жұмыстары қолданыстағы ұлттық талаптар мен медициналық мекемелерді жоспарлаудың заманауи халықаралық тәсілдерін ескере отырып жүргізіліп жатыр.
Қызылорда облысында 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр
Болашақ аурухана емдеу-диагностикалық көмектің толық циклін қамтамасыз ететін заманауи интеграцияланған медициналық кешен ретінде жобаланған. Жоба екі негізгі стационарлық корпусты – терапиялық және хирургиялық корпустарды қамтиды.
Кешеннің негізгі элементі екі стационарлық корпустың арасында орналасатын үш қабатты клиникалық-диагностикалық орталық болады. Бұл орталық аурухананың клиникалық және қосалқы бөлімшелерін біріктіретін бірыңғай платформа қызметін атқарады.
Болашақ медициналық кешеннің құрамына сондай-ақ 38 төсекке арналған қарқынды терапия бөлімшесі, 10 төсекке арналған перзентхана бөлімшесі және 63 төсекке арналған күндізгі стационар кіреді. Жаңа ауруханада жыл сайын 20 мыңнан астам пациент ем алады деп күтіледі.
Жобада медициналық кешеннің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заманауи автономды инфрақұрылым құру да көзделген. Атап айтқанда, жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялау пунктін және шұғыл медициналық эвакуацияға арналған тікұшақ алаңын салу жоспарланып отыр. Бұл ауыр жағдайдағы пациенттерге жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаны іске асыру өңірде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті көрсету мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, медициналық қызметтерді күту уақытын қысқартып, пациенттердің ауруханада болу жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Екі жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталғаннан кейін жобада нысанға бес жылдық техникалық қызмет көрсету кезеңі де көзделген. Бұл инфрақұрылымның сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, медициналық ортаның жоғары сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс жұмыстары жоспарлы режимде жүргізіліп жатыр, ал жаңа көпбейінді аурухана 2027 жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда донор үш пациенттің өмірін сақтап қалғанын хабарлаған едік.