26 Ақпан, 2015

Дағдарысты болдырмаудың қайтарымды қадамдары

196 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
IMG_9389Ақтөбе – қойнауы құт қазынаға толы, құйқалы өңір. Соңғы жылдардағы тау-кен саласындағы табысты жүзеге асырылған жобалардың облыстың экономикалық дамуына серпін бергені де шындық. Десек те, әлемдегі геосая­си тұрақсыздық пен экономикалық дағдарыс жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруға өзгерістер енгізуді алға тартты. Өңірде күрделі кезеңнің салмағын жеңілдетудің, дағдарысты еңсерудің сәтті қадамдары жасалып, лайықты жалғасын табуда. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өңір жұртшылығымен дәстүрлі жылдық есеп беру кездесуінде тереңірек баяндалды. Архимед Мұхамбетов облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2015 жылға арналған міндеттер туралы баяндай келе, өткен жылы әлемдік дағдарыстың салдарына қарамастан облыс экономикасының негізгі көрсеткіштері бойынша ілгерілеу болғанын жеткізді. Жыл ішінде 1200 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Алда тек жаңа жұмыс орындары көптеп ашылатын жобаларға ғана басымдық берілетінін де жасырған жоқ. 2014 жылы шағын және орта бизнес нысандарының белсенділігі төмендеген жоқ. Олардың саны өткен жылы 20,0 пай­ызға ұлғайды. Тек «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын дамы­туға ғана 4,7 млрд. теңге бөлініп, 10,0 млрд. теңге көлемінде облыстағы же­ке кәсіпкерлік субъектілерінің 160-тан астам өтінімі мақұлданған. Бұған бі­­рінші кезекте «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» және басқа бағдарламаларды іске асыру ықпал етті. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция өсімі 102,0 пайызды құрады. Біздің облыс Қазақстанның өзге өңірлерінің арасында тартылып отырған инвестициялар көлемі бойынша төртінші орында келеді, деді А.Мұхамбетов. Облыс әкімінің айтуынша, 205,8 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды, 476,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 4,0 мың отбасы қоныс тойларын тойлады. Мемлекеттік бюджетке 235,4 млрд. теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түсті, яғни 2013 жылға қарағанда 16,6 пайызға артты. Жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу­ге, оны тұрақты деңгейінде сақтауға қол жеткізілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен едәуір төмен. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 8,4 мың азамат еңбекке тартылды. Өткен жылы 15,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Өңір басшысы үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылған кезден бастап өнеркәсіп өндірісінің өнімі 32,9 пайызға өскенін мәлім етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі анағұрлым артып, өңір экономикасындағы үлесі ауқымды бола түскен. Облыстың индустрияландыру картасына 691,1 млрд. теңгенің, құрылыс кезеңінде 10,7 мың жұмыс орындарының ашылуымен, 83 инвестициялық жоба енгізілген. Алғашқы бес жылдықта жоспарланған нысандардың 90,0 пайызға жуығы жүзеге асырылып, 547,0 млрд.теңге инвестиция тартылды. Архимед Мұхамбетов екінші бес­жылдықтың негізгі үш мін­детіне тереңірек тоқталды. Ол Индус­трия­ландыру картасына бұрын енгі­зілген, бюджетке қосымша 1,0 млрд.теңгеге дейін түсімді арттыратын, ал жаңа өнім көлемі 165 млрд.теңгеден кем түспейтін, 1,3 мың адам жұмыс жасайтын ферроқорытпа және рельс арқа­лықтары зауыттары сынды ірі жоба­лардың бірінші кезекте жоспар­лы қуатына қол жеткізу, Ақтөбе қала­сындағы қуаттылығы жылына 300,0 мың дана темір-бетон шпалдарын өнді­ретін қазақстандық-италиялық зауыт­ты, қуаттылығы жылына 25,0 мың тонна өнім өндіретін Хромтау ауданын­дағы әк өндірісін, Мұғалжар ауданын­дағы жалпы қуаттылығы 188 МВт екі газ-турбиналы стансаны, ЖГӨЗ үшін­ші кезегін, сондай-ақ, азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Биыл іске қосылатын жобаларға салынатын жалпы инвестицияның көлемі 46,3 млрд. теңгені құрайды. 900-ге жуық жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ақтөбе қаласы және Алға, Хромтау, Мұғалжар аудандарында құрылатын индустриялық аймақтар да өңірдің экономикалық әлеуетінің артуына қызмет ететін болады деп күтілуде. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі де Архимед Мұхамбетовтің назарынан тыс қалған жоқ. Ол 2014 жылы салаға 10,1 млрд. теңге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ, 5,9 млрд. теңге көлемінде субсидия бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырылған кезден бастап 410 фермерлік шаруашылықтар 2,0 млрд. теңгеден астам сомаға 14,5 мың ірі қара малын сатып алған. 2014 жылы «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 2,6 мың қой және «Құлан» бағдарламасы арқылы 320 жылқы сатып алынған. 2014 жылы «Ырыс» бағдарламасымен 2 тауарлы-сүт фермасы ашылып, ал ағымдағы жылы «Айс» ЖШС өз өндірісін кеңейту мақсатында қосымша 1600 ірі қара сатып алуды көздеуде. Өңір басшысы «Ақбұлақ», «2011-2020 жылдарға арналған ТКШ-ны жаңғырту» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Қазірдің өзінде тұрғындардың 92,0 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 83,0 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отырғанын мәлімдеді. Аудан орталықтарын толықтай газдандыруды 2016 жылы аяқтау көзделіп отыр. Облыс әкімдігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ арасында қол қойылған ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, 2015-2017 жылдар аралығында жалпы құны 19,939 млрд. теңгеге 17 жобаны жүзеге асырып, газ бөлу желілерін құрылымдауды жос­парлаған. Бұл 30 елді мекенді қосымша газдандыруға мүмкіндік береді. Көлік инфрақұрылымын дамытуға өткен жылы 15,9 млрд. теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 684 шақырымды құрайтын Самара-Шымкент күре­жолын қайта жаңғырту жұмыстары то­лықтай аяқталды. Үстіміздегі жылы ұзындығы 330 шақырым «Ақтөбе-Атырау» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын дайындау жалғасады. Биыл жалпы ауданы 466,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, яғни 5 мыңға тарта отбасы баспаналы болады. Білім саласының жағдайын баян­даған Архимед Мұхамбетов үш ауы­сымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге маңыз беріліп отырғанына нақты мысалдар келтірді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс өткен жылы ҰБТ қорытындысында өңірлер арасында үшінші орынды иеленген, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 87,0 пайызға жеткен. Есепті кезеңде денсаулық сақтау саласында 10 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, 138 жұмыс орны ашылды, 16 нысан күрделі жөндеуден өтті. Облыста оң демографиялық ахуал қалыптасып, тұрғындардың туу көрсеткіші 0,4 пайызға артып, халықтың табиғи өсімі көтерілді, өлім-жітім көрсеткіші 6,8 пайызға төмендеді. Облыс әкімі өңірдегі жұмыс орындарын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да жүйелей әңгімеледі. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында ірі және орта кәсіпорындармен еңбек қатынасының тұрақтылығы туралы 800-ден астам меморандумдарға қол қойылған. Былтыр 15,7 мың жаңа және 1,0 мың әлеуметтік жұмыс орны ашылған, 10,5 мың азаматтардың жұмысқа тұруына көмек көрсетіліп, 4,5 мың жұмыссыз азамат уақытша еңбекпен қамтылған, жастар тәжірибесіне 615 адам жіберілген. Бұдан кейін баяндаманы талқылау болып, онда сөз алғандар есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді. Архимед Мұхамбетов жиынға қатысушылардың және арнайы жәшіктерге, әкім блогына және облыстық әкімдік сайтына келіп түскен сауалдарға жауап берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.