Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдағы табиғатты өзіне жақындатып, орманды, бау-бақшалы етіп жасалған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақты аралап көріп, жуырда ғана ашылған шаһардағы ең ірі әрі биік субұрқақты тамашалады.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының бастамасымен ару қала Алматының ғажайып табиғатына, көркіне көрік қосқан, қаладағы ең әсем демалыс орындарының бірі болып табылатын дендросаябақтың іргетасы қаланып, бірнеше кезеңдермен іске асырылған болатын. Бір айта кетерлігі, осыдан бір ай бұрын Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында алматылықтар мен қала қонақтарының демалыс орнына, көз қуанышына айналып үлгерген бұрынғы Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысындағы ең көркем дендросаябаққа Тұңғыш Президенттің есімі берілген-ді.
Жуырда Арқа төсіндегі бас қаламыз – Астана күніне орай саябақтың көз тартқан жаңа келбетін одан бетер ажарландырған биіктігі 21 метрге жуық жаңа субұрқақ атқылап, қала жұртшылығы көзайым болды. Бұл күңгейдегі бас қаламыздағы ең ірі субұрқақтың жалпы су сыйымдылығы 2820 текше метр, диаметрі 52 метр, 8 сорғы топтамасынан және түрлі жарықтандырғыштардан құралған. Әсіресе, алуан түсті, суды сазды әуенмен түрлі формада сан құбылтып тұратын субұрқақ кімді болса да қызықтырары хақ.
Алматы қаласының бас сәулетшісі Сайран Фазылов Мемлекет басшысына саябақтың макетін көрсетіп, аумағы 73 гектардан астам жерді алып жатқанынан, ондағы отырғызылған 8 мың алуан түрлі ағаштың жасы он жыл шамасында екендігінен хабардар етті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы саябақтың аумағындағы алдағы уақытта атқарылатын жоспарлармен танысты. Сондай-ақ, саябақ аумағында гольф-алаңын орналастыру мүмкіндігін қарастыруды, демалыс орнын одан әрі сәулеттендіруді тапсырды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.