Кеше Астанада Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының ашылуы болып өтті.
Ә.Құсайынов өзінің республикалық сайлауалды штабының басшысы Рүстем Жоламанды таныстырса, ол өз кезегінде штабтың таяу болашақтағы жұмыс жоспары туралы айтып берді.
«Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Ә.Қ.Құсайыновтың штабы өз жұмысын бастады. Алдымызда көп жұмыс күтіп тұр. Президенттіктен үміткерден де өте көп тапсырмалар бар.
Біз үгіт-насихат науқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, баспасөз және электронды БАҚ арқылы жүргізетін боламыз. Біз сайлаушылармен түрлі облыстарда кездесеміз деп жоспарлап отырмыз.
Біз қазір сенім білдірілген адамдармен үлкен жұмыстарға дайындалу үстіндеміз, олар өз кезегінде біздің кандидаттың тұғырнамасын әр сайлаушыға дейін жеткізуге тиіс. Қысқасы, сенім білдірілген адамдар халықтың барынша көп бөлігін қамтуға ұмтылатын болады», деп атап өтті Р.Жоламан.
Үстіміздегі жылдың 26 наурызы мен 24 сәуірі аралығындағы үгіт жұмыстары кезеңінде республикалық және өңірлік штабтар бірқатар ұйымдастырушылық шараларын өткізуді жоспарласа, олардың арасында өңірлерде сайлаушылармен кездесулер, сенім білдірілген адамдармен кездесулер ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлауалды үгіттерін өткізу бар.
Р.Жоламан атап көрсеткендей, штаб тарапынан үгіт жұмыстары жоспарланса, осыған сәйкес көптеген кездесулер өткізілетін болады. Атап айтқанда, жекелеген кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, шаруа қожалықтарымен және фермерлік шаруашылықтармен кездесулер белгіленген. Қазақстанның барлық өңірінде сайлауалды штабы құрылып, сенім білдірілген адамдар тіркелген. Әр ауданда ел заңнамасында қарастырылған үгіт шараларының барлық кешенін өткізу болжанып отыр.
Штабтың ашылуы кезінде Ә.Құсайынов сайлауалды бағдарламасында көтерілетін мәселелердің көкейкестілігін атап өтіп, осы өзекті проблемаларға жұртшылықтың назарын аудару қажеттігін көлденең тартты.
Атап айтқанда, экологияны сақтау мәселелері.
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Ә.Қ.Құсайынов тұғырнамасының негізгі мақсаты туралы айтатын болсақ, онда адам дамуы орайында экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ілгерілеуге көшу міндеттерін қарастыру, кез келген мәселеде экология проблемаларының есепке алынып отыруы қажеттігін көрсету, әсіресе, өнеркәсіп қауіпсіздігі аса өзекті мәселе екеніне назар аудару көзделеді.
Ә.Құсайыновтың пікірінше, экологиялық саясатты жаңғырту және экологиялық дамуға кезең-кезеңімен көшуде азаматтық қоғамның рөлі мәселесіне ерекше назар аударылуы тиіс.
Сондай-ақ, Ә.Құсайынов өзінің сайлауалды бағдарламасында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен техникалық регламенттерді сақтау қағидаттарына мүмкіндігінше баса назар аударылуы қажеттігін атап көрсетеді.
Өсудің негізгі көзі – экономиканы экологиялық таза, қалдығы аз технологияларға көшіру, яғни қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау қағидатын қалыптастыру, деп санайды президенттіктен үміткер Ә.Құсайынов. Осындай жағдайда біздің бәсекеге қабілеттілігіміз, қоғамның әл-ауқаты мен өмір сапасы үдемелі түрде артатын болады. Ал бұған, жоғарыда атап көрсетілгеніндей, қоршаған ортаға оң көзқарас қалыптастыруды қамтамасыз ету мүмкіндік береді.
Экологиялық тепе-теңдік пен өндірістік қауіпсіздікті сақтау идеясын таратуда барлық қоғамдық ұйымдарды қоса алғанда, оның ішінде кәсіби институттар да бар, азаматтық қоғам құрылымдары ерекше рөл атқаруы тиіс.
Осындай институттарды орталықта және өңірлерде дамыту сарапшылық қоғамдастық пен азаматтық қоғамның күш-жігерін экологиялық дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы жаңғыртудың нақты жолдары мен әдістерін айқындауда топтастыра түсуге оң ықпал ететін болады.
Ә.Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасында өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері айтарлықтай орын алады.
Ә.Құсайынов кәсіпорындар қызметінің өнім мен үдерістер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделілігі алғашқы орындардың біріне шығуы үшін жүйелі қоғамдық бақылау қажет деген көзқараста.
Әбілғазы Құсайынов Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына өзінің кандидатурасын 2015 жылдың 12 наурызында ілгерілеткен еді.
Орталық сайлау комиссиясы айқындаған барлық рәсімдерден табысты өткен ол 2015 жылдың 18 наурызында Қазақстан Республикасы президенттігіне үшінші кандидат ретінде тіркелген болатын.
Президенттікке кандидат Ә.Құсайыновты қолдаған 132 мың 152 сайлаушының қолы жиналған-тын және олар дұрыс деп танылған еді.