Жиын басында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кеше Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты іс-шара өткенін еске салды. Ол референдум еліміздің Президент бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсеткенін атап өтті.
«Жұртшылықтың осы тарихи іске белсене қатысып, жаңа Конституцияны 87% қолдап дауыс беруі – халықтың Мемлекет басшысына деген зор сенімінің айқын дәлелі. Ата заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новеллалар енгізген Президентіміздің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді. Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар түсуде. Бұл ретте, жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – біз үшін зор мерей. Бұған өңірлердегі кездесулер барысында да нақты көз жеткіздік», деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов депутаттардың жұмысы мұнымен бітпейтінін атап өтті. Кеше Президент Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Депутаттар қысқа мерзімде конституциялық түзетулерді заңнамалық тұрғыда бекітіп, соның ішінде Президент туралы, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы бес жаңа конституциялық заңды қабылдауға тиіс. Спикер әріптестерін бұл жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жалпы отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттарды депутаттарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай таныстырды. Оның айтуынша, жаңарған заң кәсіби, ашық әрі нәтижеге бағытталған мемлекеттік қызмет моделін қалыптастырады, мұнда басты басымдық процесс емес, адам болады.
«Алғаш рет заң деңгейінде мемлекеттік қызметті атқарудың негізгі қағидаттары нақты айқындалып отыр. Отаншылдық, кәсібилік, ашықтық, клиентке бағдарлану, этика, мінсіз бедел және құқықбұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына мүлдем төзбеушілік – бұл абстрактылы ұрандар емес. Бұл әрбір мемлекеттік қызметшінің міндетті орындауы тиіс нақты талаптар», деп түсіндірді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, сервистік қағидат тек дәстүрлі мемлекеттік қызметтермен шектелмейді. Бұл азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін қоршаған ортаны қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, халықтың денсаулығы, білім беру және басқа да салаларды да қамтиды. Олардың сапасы нақты критерийлер бойынша қоғамдық мониторинг арқылы бағаланады.
Дархан Жазықбай заң жобасында мансаптық өсудің жаңа тұжырымдамасы енгізілетінін айтты. Яғни, тек жоғарылау емес, сонымен қатар лауазым шеңберінде кәсіби даму мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мемлекеттік қызметке талантты әрі ынталы мамандарды тарту үшін қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы күшейтіледі. Қызметтік ауысулар кезінде кепілдіктер беріледі, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін міндетті өтемақы қарастырылады, еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндері енгізіледі. Ал кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілерге зейнетке шыққан кезде төрт лауазымдық жалақы көлемінде міндетті төлем көзделген.
Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Марат Башимов өз баяндамасында заң жобасында тәртіптік жауапкершілікке қатысты тәсілдер қайта қаралатынын айтты. Мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тартудың негіздері, шарттары мен тәртібі жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып айқындалады. Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімі құқықбұзушылық анықталған сәттен бастап үш айға дейін және жасалған сәттен бастап бір жылға дейін ұзартылған.
«Мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығару негіздерінің бірі есірткі заттарын қолдану немесе алкогольдік мас күйде автокөлік жүргізу болады. Мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жатады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген қызметшіні кез келген уақытта еңбек немесе оқу демалысынан кері шақырып, оның тәртіптік жауапкершілігін қарау мүмкіндігі енгізіледі», деді депутат.
Сонымен қатар құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жаңа қызмет енгізіледі. Ол тәртіптік комиссияның жұмысын үйлестіріп, қызметтік әдептің сақталуын бақылап, мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарайды, сондай-ақ соттарда олардың мүдделерін қорғайды.
Талқылау барысында депутаттар ұсынылған нормаларды іске асыру үшін қажет қосымша бюджет қаражатының көлемін нақтылады. Жас мемлекеттік қызметшілерді қорғау мен оларға артықшылық беру шаралары, мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыру, жалақыны индекстеу кезінде ескерілетін көрсеткіштер және Еңбек кодексінде белгіленген жұмыс уақытынан тыс артық жұмыс істеуді реттеу тетіктері бойынша сұрақтар қойылды.
Сондай-ақ Парламент депутаттары бастамашылық еткен еңбек заңнамасын жетілдіру жөніндегі түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Оларды депутат Арман Қалықов таныстырды.
«Заң жобасында жұмыскерлер құқықтары қағидаттарының тізбесін кеңейту ұсынылады. Оған қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, жеке өміріне қол сұғушылықтан қорғау кепілдіктерін енгізу көзделген. Жұмыскер еңбекке уақытша жарамсыз немесе әлеуметтік демалыста болған кезде, оның жұмыстан босатылатын соңғы күнін есептеу тәртібін нақтылау ұсынылып отыр. Сондай-ақ ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өту уақытына ақы төлеу белгіленеді», деді заң жобасының бастамашысы.
Сонымен қатар жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгергені турасында қызметкерді жазбаша хабардар ету міндеті енгізіледі. Түзетулер қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін де реттейді, оның ішінде материалдық жауапты тұлғалар үшін еңбек қатынастарын тоқтату күнін анықтау және жұмыс берушінің мүлкін (құжаттарын) тапсыру-қабылдау рәсімдерін аяқтау шарттары белгіленеді.
Әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған түзетулер аясында әкімдіктерге өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясымен, жұмысшылардың және жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысын қамтамасыз ету функциялары беріледі.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қатынастарын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік салаларында біліктілікті тұрақты арттыру міндеті енгізіледі. Сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтары бекітіледі, олар ақпарат сұратуға, бөлімшелерге баруға, жазатайым оқиғаларды тергеуге және тексерулерге қатысуға, сондай-ақ еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы болады.
Түзетулер бойынша жұмыс Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Сонымен қатар депутаттар 2024 жылғы 24 сәуірде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев бұл келісім Ұлыбританияның 2020 жылдың басында Еуропалық Одақтан шығуына байланысты жасалғанын түсіндірді.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, жұмыс тобының жетекшісі Айгүл Құспан аталған келісім екі ел арасындағы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды дамытуға берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.
Құжат аясында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, қауіпсіздік, кәсіпкерлік, кедендік қатынастар, еңбек құқығы, әділ сот, зияткерлік меншік, энергетика, инвестициялар, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету көзделген.
Сонымен қатар салалық комитеттер мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесі мен мәлімдемесін алып тастау туралы құжатқа қорытынды әзірлеу жөніндегі, сондай-ақ ҚР Үкіметі мен БҰҰ арасындағы Қазақстанда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді және осы орталыққа қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау жөніндегі жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланған.