Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Азанғы Айт намазынан басталатын бұл мерекені мұсылман қауымы ерекше ықыласпен күтеді. Таза да сәнді киімін киіп, үстіне иіссуын сеуіп, мешітті бетке алатын мүміннің сол күнгі қуанышы айрықша сезіледі. Мешітте басын сәждеге қойып, мерекелік құлшылығын орындап болған соң, ел-жұрт ет-жақынын аралап, үйді-үйге айттайды, бір-бірін құттықтап, ізгі амалдармен ғана уақыт өткізеді.
Айт күнін айрықша қарсы алатын халқымыз үйді де тап-тұйнақтай етіп жинап, бар дәмдісін қонаққа шығарып, дастарқанды да молынан жаяды. Бауырсақ пісіріп, тіпті ұсақ малын сойып, ет асып, үйіне келер қонағын тапжылмай күтіп отыратындар қаншама. Бала кезден есте қалғаны, үлкендер Айт намазы күні таңертең намазға дейін Алла Тағаланы еске алып, дұға-тілек жасап жататын. Исламтанушы маман Мұхамеджан Естеміров те мұны ізгі амалдардың қатарынан екенін айтты.
«Айт намазына ертерек әрі жаяу барған дұрыс. Тіпті таң намазынан кейін, күн шықпай тұрып барса жақсы. Бұл – алғашқы саптан орын алып, үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы», дейді М.Естеміров.
Ол сондай-ақ сауапты да қайырымдылық істермен айналысу ләзім саналатынын атап өтті. Мәселен, пітір садақасын Айт намазының алдында беру ұнамды амал екен.
«Пітір ол жан садақасы болып саналады. Ғұламалар мұны «жанның зекеті» деп есептеген. Өйткені Айт намазынан соң берілген пітір садақа жай садақа ретінде қабылданады. Сондықтан мұны ұмытпаған жөн. Ал Айт күндері мүмкіндігінше азаматтар бір-біріне сый-сияпат жасауды ұмытпауы керек. Бұл – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті», дейді исламтанушы.
Сондай-ақ ол Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолда басқа көшемен жүрген абзал екеніне тоқталды. Яғни үйге жеткенше жора-жолдастар мен бауырлардың, көршілердің үйіне кіріп, айттап, мерекелеп келген жөн.
«Өз отбасына да сый-сияпат үлестіруді ұмытпаған жөн. Осы күндері жағдайына қарай әдеттен тыс көбірек садақа беруге тырысып, мұсылмандармен жылы шыраймен, жымиып жүздескен дұрыс. Сондай-ақ өмірден озған адамдардың үйлеріне барып Құран оқып, дұға ету ләзім», дейді исламтанушы.
Жалпы, имамдар мұсылман жамағаты ай бойы астан тыйылып, аузын ғана бекітпей, бүкіл нәпсісін бөгеп, ізгі амалдармен ғана айналысқаны абзал екенін айтады. Сол ізгі амалдың бірі – қоғамдағы бірлікке ұйып, татулық төңірегіне топтасу.
Белгілі исламтанушы Бақдәулет қажы Нұрматұлы бүгінгі таңда Айт мерекесінің маңызы одан әрі арта түскенін айтады. Оның пайымдауынша, қоғамда түрлі әлеуметтік, экономикалық өзгерістер болып жатқан кезде адамдар арасындағы бірлік пен татулықтың маңызы ерекше.
«Айт – адамдарды жақындастыратын, қоғамды біріктіретін күш. Бұл күндері адамдар әлеуметтік желілер арқылы да бір-бірін құттықтап, байланысын нығайтады. Дегенмен дәстүрлі айттаудың, яғни ағайын-туысты аралап, хал сұрасып айттаудың орны ерекше екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін жастарға Айттың рухани және тәрбиелік мәнін түсіндіру қажет. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні үлкен. Яғни ол жастарды үлкендерді құрметтеуге үйретеді, адамдар арасындағы сыйластықты арттырады, қоғамда ізгілік пен мейірімділікті қалыптастырады», дейді ол.
Бақдәулет қажы Нұрматұлы балалар үшін де Айт ерекше мереке екенін алға тартты.
«Олардың жаңа киім киіп, үйлерді аралап, тәттілерге қарық болуы – балалардың қуанышын арттырып қана қоймай, олардың бойында мейірімділік пен бауырмалдық қасиеттерді қалыптастырады. Сонымен қатар Айт – ұлттық бірлікті нығайтатын мереке. Бұл күндері адамдар бір дастарқан басында бас қосады. Бұл – қоғамдағы теңдік пен бірліктің белгісі», дейді Б.Нұрматұлы.
Қонақжайлық қасиет өзгелерге қарағанда қанына басымырақ біткен қазақ халқы үшін Ораза айты діни жоралғыдан гөрі ұлтымызбен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан төл дәстүрімізге, ұлттық мерекеге айналып кеткен. Айт мерекесі арқылы өзіміздің рухани құндылықтарымызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп те келеміз.