Қоғам • Бүгін, 09:35

Сарандағы «сары қазақ»

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана тілімізді жатқа соғатын «сары қазақ» атанғандар көп. Бірақ олардың ішіндегі Виталий Фаликтің орны бөлек. Оның қазақ тілінде сабақ беретіні емес, домбыраны жан серігі еткені, ұлттық өнердің жанашыры болғаны және таланты сарандықтарды таңырқатты.

Сарандағы «сары қазақ»

Шет ауданының Ортау ауы­лында туып-өскен Ви­талий қазақтың қара до­ма­лақ балаларымен ойнап өседі. Тілі қазақша шыққан ол мектепке барғанда да қиындық көре қоймапты. Қолы епсекті болғандықтан, Виталий ермексаздан, ағаштан түрлі бұйымдар жасап, мектебіндегі мұғалімдерін, сыныптастарын тәнті ете бастайды. Анасы Юлия Фалик Ортау орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып, сабақ беріпті. Талапты ұлы да анасының ақылымен мұғалім мамандығын таңдайды.

Білім жолында бағытын айқындаған ол Е.Бөкетов атын­дағы Қарағанды мемле­кеттік университеті, «Бей­не­леу өнері және сызу» мамандығына оқуға қабыл­да­нады. Университетте жүріп те, талантын танытып, түрлі ұлттық бұйымдар жасап, көпшіліктің көзіне түседі. Алғаш қазақтың қара қобызын студент кезінде шабады.

Ал қазір Виталий – көркем еңбек пәнінен өңірдегі маңдайалды ұстаздар­дың бірі. Саран қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылардың сүйікті мұғалімі.

 Виталий ән-жырға әуес болып өсіпті. Сыршыл Сәкеннің әндерін қоңыр даусымен айтып жүріпті. Шеберханасында жүріп «Тау ішінде» әнін шырқап, дархан далаға деген сағынышын басатын көрінеді. Бір қызығы, әзірлеп жатқан бұйымы әп-әдемі болса, көңілі тіпті тасиды екен. Бірақ домбыраға деген ынтасы болғанмен, меңгере қоймаған. Сөйтіп,  жүргенде әнші балдызы жездесіне домбыра сыйлап, өзі үйретеді. Қазір бала кезінен ырғағын, сөзін жаттап өскен Виталий халық әндерін, есті әндерді әншілерден кем орындамайды.

«Содан бері домбыра жан серігіме айналды. Бір мезгіл ән шырқап, көңілімді тербеп аламын. Әсіресе қоңыр үнді, баяу әндерді шырқаймын. Қамықсам, шерімді басады. Қуанып қолыма алсам, сезімімді аспандатады. Бала кезімнен ынта-ықыласым ауса да, мүмкін еместей көрінетін еді. Өнерге деген махаббат дегеніне жеткізеді екен», дейді Виталий.

Виталий білгенімен бөліседі. Мектепте домбыра үйірмесінен де қосымша шәкірт тәрбиелейді. Әу баста мектеп оқушылары спортқа әуес болыпты. Содан білгір ұс­­таз олардың ынтасын ояту мақсатында өз қолы­мен «Ортеке» жасап шығарыпты. Бұрын-соңды мұндай өнер түрін көр­меген балалар бірден домбыра үйірмесіне жазы­лыпты.

«Домбырашының он саусағынан төгілген күмбір күйге ағаш жануар билеп қоя берді. Тұрған орнында әрі-бері секіріп, ойқастағанына қарап оқушылар аң-таң болды. Тұяғының дыбысы түгел залға естіледі. «Тық-тық-тық», деп. Әсем әуенге еліткен олар шанақтан төгілген күймен үндесе билеген қуыршақтарға тәнті болып, әр қимылынан көз ала алмады. Сөйтіп, «Ортеке» биі үйір­мем­дегі оқушыларымның санын көбейтті», дейді ол жымиып.

Виталий­дің шеберханасында шебер қолынан шыққан небір шедевр бар.  Ағаштан ойып жасалған тұрмыстық бұйымдар: домбыра, қобыз, бесік секілді. Қу тақтайға жан бітірген шебер ұстаздың шәкірттері көр­кем еңбек пәнінің сабағына қатысуға асығады. Өйт­кені әр сабағын бір-біріне ұқсамай өткізетіндігі ұстаз біліктілігі. «Ер балалар шаруаға икемді болсын дей­мін.  Мектепте қамшы өріп, сап жасап үйренбесе, қазір мұндай тірлікті ауылдың өзінен көрмейміз, өкініш­ке орай», дейді шебер.

Виталийдің анасы Юлия – ардақты ұстаз. Қазір зейнетте. «Тоғызқұмалақ» ойынының бірінші санатты төрешісі және жаттықтырушы. Былтыр ардагерлер арасында өткен ел чемпионатында топ жарды. Білікті жаттықтырушы шыңдаған шәкірттері де талай додадан топ жарып жүр. Ұрпағынан ұлағат көріп отырған ана жақында ғана шөбересінің қолынан су ішті.

Жіптіктей жігіт Виталий «Көршінің қызы» әнін шырқап жүріп, көршісі Жанар­мен сезім жар­ас­тырады. Қазір шат­тықты шаңырақ көпке үлгі. Жары да – руханият ордасы кітапханада білік­ті маман.

Бақыт көріп отырған балалары да шетінен өнерлі. Қызы Аруна да әуелетіп ән айтқанды жақсы көреді. Ұлы Данияр әкесіне тартып, қолөнермен айналысады. Сүйікті немерелері Айлана мың бұралып билегенде, жас ата мен әже ғажайып күйге бөленеді. Сегіз қырлы, бір сырлы Виталийдің шаңы­ра­ғы Ұлыс­тың ұлы күнін қарсы алуға қызу дайын­дыққа кіріс­кен. Әже­­лері наурызкөже әзір­леп, барлығы дастарқан басына жиылып, өнер­лерін ортаға салады. «Біздің сүйікті мей­рамы­­мыз мол­шы­­лықтың, берекенің нышаны», дейді үй иесі.

Виталий «Біздің шаңырақ – Қазақ елінің шағын мемлекеті», дейді. Олай болса, ұлттық құндылықты ұлықтаған шашақты шаңырақтың керегесі кеңейе берсін демекпіз.

Қарағанды облысы,

Саран қаласы

Соңғы жаңалықтар