Соңғы түйін – «Ой зерек» квиз ойыны. Байқау барысында қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті, аяқ астынан тапқырлық танытуы, әзіл-қалжыңға икемділігі, тұтастай алғанда командалық рухты нығайту таразы басына тартылды. Ойынға орталық базаның жеті командасы қатысты. Әр команда төрт қатысушыдан тұратын. Ілкімді іс-шара таза қазақ тілінде өткізілді.
Қатысушылар тілдері жеткенше өз командаларын жан-жақты қырларынан таныстырып, тілді меңгеруге деген ықылас ұмтылыстарын көрсете білді. Ұшқыр ойдың ұшқынын лаулататын «Ой қыздыру» сайысында қатысушылар ойлау жүйесінің дұрыстығы мен жылдам пікір қорыту деңгейлерін танытты. «BRAIN MIX» тақтасында білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеті сарапқа салынса, «Ойлан, тап, аудар» аренасында жергілікті ұлт тілін қаншалықты меңгергендігін көрсетті, ал, «Дәстүр алаңы» ұлттық дәстүрлер туралы таным мен түсінікті безбендеді.
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты ана тілімізді, салт-дәстүрімізді насихаттау, – дейді серіктестік басшысы Досымхан Аралбаев, – өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ынталандыру мақсатында берілетін сыйақы қоры да мол. Еңбек етіп жатқан адамдардың бәрі бір үйдің балаларындай мемлекеттік тілде сөйлеп, жергілікті ұлттың әдет-ғұрпын танып білетін болса, құрметі де артады. Сайып келгенде бұл бірлікті бекемдей түспек.
Әр команда мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін, шығармашылық қуатын және бірлігін аңғарта білді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Білімге құштарлар» командасы лайық деп ұйғарылып, төрт миллион теңге, бірінші орынға «Наурызкөже» командасы көтеріліп, үш миллион теңгеге ие болды. Екінші орынға лайық деп есептелген «Шамшырақ» командасына екі миллион, үшінші орынды еншілеген «Отандастар» командасы бір миллион теңге сыйақыға ие болды. Ерекше көзге түскен бес ойыншыға әрбір аталымдар бойынша сый-сияпат табысталды.
Ақ түйенің қарны жарылған әз Наурыз мерекесінде серіктестіктің аудандағы бөлімшелеріне алты арнаулы техника мен жеңіл автокөліктер табыс етілді.
Көкшетау