Бұл жауынгер ару сүйегін Оңтүстік Қазақстандағы археологиялық экспедиция мүшелері тапты
Оңтүстік Қазақстан облысынан алғаш рет жауынгер-әйелдің сүйегін тапты. Олардың айтуларынша, мүрде қаруға толы. Осыған қарап табылған әйелдің жауынгер болғаны пайымдалып отыр. Сондай-ақ, қазба мамандары сүйектің біздің дәуірімізге дейінгі II-IV ғасырларға тиесілі – деп болжам жасады. Археологтар: «Бұл – аз зерттелген Қаңлы мемлекетінің өкілі. Қазақстан тарихы туралы бірде-бір оқулықта онда жауынгер әйел болды деген дерек жоқ», – деді. Қазіргі таңда олар мүрденің әр сантиметрін анықтап өлшеп, елеп-екшеуде. Бір сөзбен айтқанда, жауынгер-әйел толық зерттелуде. Әзірге мамандар сүйектің жас шамасын 2 300 жылға теңеп отыр. Табылған әйелдің оң қолында темір жебенің екі түрі, м-үлгісіндегі садақ элементі, қанжар және кішкене пышақ, ал сол жағында үлкен қылыш, сүйектерден жасалған көптеген бұйымдар бар. Кейбір заттарды мамандар әлі де анықтау үстінде. Археологтар әйел сүйегін Қазақстанның орталық мемлекеттік мұражайына апармақ. Оған және басқа да жәдігерлерге арнайы сараптама жасалады. Айта кетейік, осы Күлтөбе қалашығында екі мың жыл бұрын үлкен қала болған. Арнайы экспедиция 23 жылдан бері бұл жерден өткен дәуірдің жәдігерлерін тауып келеді. Қазір мамандар тағы бір қорғанды қазып жатыр. Ғалымдар бұл жерде әлі талай қызықты дүниелер табатынына сенімді.
Талғат РАЙЫМБЕК.