Нидерландықтар Ұлы Жібек жолымен Қазақстанға келді
Сонау Роттердамнан квадроциклмен шыққан екі голландиялық жиһанкез Марк ван дер Верфф пен Сандер Пармантье Ұлы Жібек жолы бойымен Шанхайға кетіп барады. Өткен апта ауа бере олар Қазақстанға жетіп жығылды. Саяхатшылар алты айдың ішінде отандарына қайта оралуды межелеп отыр. Осы аралықта голландиялықтар 30 мың шақырым жол жүріп өтеді.
Жиханкездер осы ұзақ сапарлары бойында көрген қызықтары мен шыжықтарын, тамаша сәттерді, табиғат ғажайыптарын бейнетаспаға түсіріп келе жатыр екен. Олар өткен бейсенбіде қазақстандық журналистермен кездесіп, сапарларының әсерімен бөлісті. Көзбен көргендерін баяндап, “ХХІ ғасырда Ұлы Жібек жолын зерттеу” тақырыбында сұхбат құрды. Голландиялықтар жарты жылдық саяхат барысында жетім балалар үшін құрылған отбасылық SOS Chіldren’s қалашықтарын да аралап келе жатқандарын айтты.
“Біздер тек осындай деревняларға барып қана қоймай, олар үшін қаражат та жинауға ұмтылып келеміз. Балалардың SOS қалашықтары үшін барынша көп ақша жинауға күш сала отырып, өзіміздің ерекше саяхатымызда қиындықтарға душар болсақ та, қоғамда тастанды, жетім балалардың бар екенін еске салуға, осы мәселеге назар аудартуға әрекет етудеміз”, дейді Марк ван дер Верфф.
Ал Сандер Парментьенің айтуынша, саяхатшылардың сайтына кез келген адам кіріп, оларға әртүрлі тапсырмалар орындауға ұсыныс беруге болады екен. Мәселен, жетім балалар үшін садақа жинап жүру де сайтқа енген жұртшылықтың жиһанкездерге жүктеген аманаты. Ұсыныстарға дауыс беру SOS қалашықтарының қорларына жарна аудару арқылы жүргізіледі.
Қазірге дейін олар 3 мыңнан астам евро жинаған. Олардың сапарларын бақылап отырғандардың тағы бір тапсырмасы – екі жиһанкез тұңғыш рет осындай қашықтықты квадроциклмен жүріп өтетіндіктен Гиннестің рекордтар кітабына енулері керек.
Осылайша Роттердамнан 1 мамырда шыққан саяхатшылар 1 қарашада Голландияға қайта оралмақ. Қазақстаннан енді Қытайға бағыт алған екі жиһанкез өздерін қазақ жері осыншалықты ықыласпен, кең дастарқан, тегін жатын орынмен қарсы алады деп күтпегендерін айтады. Олардың сапарларын сәтті жылжытып келе жатқан да жолайғы қайырымды адамдардың ықыласы екен.
Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.