*28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні
– дейді «Костанайские новости» облыстық-аймақтық газетінің бас редакторы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Сергей Харченко
– Сергей Васильевич, жақында Ресейдің Карловы Варыдағы консулы Константин Проваловпен жүргізген сұхбатыңызда мәскеулік бір баспадан кітабыңыздың шыққанын айтқан едіңіз. Әңгімені жағымды жаңалықтан бастайық, жаңа туынды не туралы?
– Кітап «Екі ел, екі тағдыр, бір мақсат» деп аталады. Мұнда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин туралы ойларымды жинақтадым. Кітаптың бірінші бөлімі «Нұрсұлтан Назарбаев: Елбасы, еуразиялық ойшыл» деп аталады. Кітаптың «Владимир Путин: барлаушы, саясаткер, патриот» деп аталатын екінші бөлімі көрші ел басшысы туралы жазбаларымнан тұрады. Мен Қазақстан Президентімен жас құралпым шамалас адаммын, бір заманда, бір қоғамда ержеттік. Нұрсұлтан Әбішұлы өмір сүрген, ержеткен қоғамның, уақыттың қиындықтары, жетістігі – барлығы маған да таныс. Мен әлемдік дәрежедегі лидердің өсу жолына үңілдім, ол туралы әдебиеттер, мақалалар, кітаптар мені ерекше қызықтырады. Өз басым лауазымдық биікке көтерілген жандарды екіге бөліп қараймын. Оның бірі биікке көтеріліп алған соң, проблемалардың барлығын өзінен ысырып тастап отырады, демек, өзінің көлеңкесінен арғыны көрмейді. Екіншісі – халық үшін туған адамдар. Олар қызметінің алғашқы күнінен бастап, кішкентай мүмкіндікті жібермей, адамдарға көмекке ұмтылады. Мұны ол қызметтегі міндеті емес, өмір деп ұғынады. Сосын кең көлемде, биік деңгейден халқының болашағын ойлайды.
Мұндай көшбасшылар үлкен-кішінің, алыс-жақынның өзіне деген терең құрметін оятады, нұрымен шуақ шашып тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев осындай дәрежеге көтерілген лидер. Көшбасшының жалпы басшыдан айырмашылығын түсіну де ешкімге қиындық тудыра қоймас. Көшбасшы өзі өмір сүріп отырған қоғамнан озық ойлайды, ісімен де оқ бойы алға кетеді, болашақты болжайды. Мен осы кітапты жазар алдында Америка президенттері Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон, Джордж Кеннеди және тағы басқа да әлемдік тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы көп оқыдым. Қазақстан Президентінің де ел тізгінін қолына алғалы бергі қызмет жолын, баяндамалары мен сөздерін қалт жібермей қадағалап отырамын. Осы кітапқа дайындық үстінде де Елбасы туралы қазақстандық және ресейлік саясаткерлер мен ғалымдардың, журналистердің мақалаларын қолыма алуға тура келді, ол туралы түсірілген соңғы фильмдер Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғасын жан-жақты аша білді.
Назарбаевты уақыт мойындады, болашақ та мойындайтын болады. Мұндай адамдарды уақыт тудырады, уақыт өсіреді. Қарап отырсаңыз, Нұрсұлтан Назарбаев саясат сахнасына шыққан 90-шы жылдар мен оның бүгінін салыстырыңызшы. Мемлекет басшысының мәселені тереңнен ойлауы, әлем бетбе-бет келіп отырған проблемаларды кең қамтуы жөнінен тек алға және биікке өсіп отырды. Заманның адамзат алдына тосып отырған барынша күрделі мәселелерін тереңнен қайырып талдап қана қоймай, оның шешу жолдарын айтады. Елбасы сол үшін де көшбасшы! Мен жаңа кітабымда әлемдік екі лидер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин өмірі мен қызметі туралы айта отырып, көрші әрі бір-біріне ұқсамайтын екі ел – Қазақстан мен Ресей халықтары куә болып отырған бүгінгі күрделі уақыт жайынан да ой қозғадым.
– Қазір ақпарат билеген заманда тарихи құндылықтарға қайта баға беру, тарихты қайта қарау секілді ұмтылыс көп. Осы неге байланысты? Мұның халықаралық жағдайдың тыныштығына кері әсері болмай ма?
– Сұрақ маңызды. Ақпарат ғасырында өмір сүріп отырмыз. Қазіргі ақпарат кеңістігінің дамуы әр адамға өзінің айналасында және жалпы әлемде не болып, не қойып жатқанын ой таразысынан өткізуге мүмкіндік береді. Ал тарихи құндылықтарға келсек, олар да қоғамның, ұрпақтың ауысуына қарай өзгеретін болуы тиіс. Өйткені, оның ар жағында мүдде жатыр. Алайда, нақты шындыққа негізделген іргелі тарихи құндылықтар бар. Оны ешкім орнынан қозғалта алмайды. Сосын қоғамның дамуына да, қоғамдық пікірге де ешқандай әсер ете алмайтын, бірақ айтыла беретін әңгімелер де болады.
Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындыларына қалайша қайта баға береміз? Түрлі пікір айтылады. Соғыс және соғыстан кейінгі саяси сахнада аласапыран уақыт болды. Саяси тұлғалар көзқарастарының өзі желге қойған қалқандай құбылып отырды. Фашистік Германияны жеңу үшін Ұлыбритания, АҚШ, Кеңес Одағының әскери-саяси одағы құрылды. Фашизм ұясы жойылды. Ал соғыстан кейін Англияның Премьер министрі, ірі мемлекет қайраткері У.Черчилль өзінің Фултондағы сөзінде Кеңес Одағына қарсы сөйледі. Солай бола тұра Сталин ауырып жатқанда күн сайын елшілігі арқылы оның халін біліп тұрды. «Ол Ресейді соқамен қабылдап, соңында атом бомбасы бар ел қалдырып кетті» деп баға берген де сол. Саясаттағы өз күшін таразылау және құндылықтарды қайта бағалау Черчилльден басталған секілді. Бүгін біз Ұлы Отан соғысында жеңген Ресей емес, Кеңес Одағы екенін жазуға тиіспіз. Бұлай жазбасақ, ол тарихи құндылықтарды бұрмалау болады. «28 панфиловшылар ерлігі – аңыз» деген қаңқу сөздер шығып жүр. 28 панфиловшылардың ерлігі, олардың қазақстандық жауынгерлер, Алматыда құрылған дивизиядан екендігі, генерал-майор И.В.Панфилов, батальон командирі Б.Момышұлы тарихи тұлғалар болғандығы – шындық. Тарихи факт – ешкімнің, ешқандай пікіріне көнбейтін бірбеткей, сол күйінде қалатын құбылыс. Тарихи шындықты лақапқа айналдырғысы келгендердің өзі мазаққа айналады. Оларды тарих та, тарихи тұлғалардың аруағы да кешпейді.
– Қазақстан тарихи тағдырымен көп этносты ел болып отыр. Елбасы саясатының арқасында бірліктің қандай болатындығының қазақстандық үлгісін жасаған елміз. Демократия осы бірлігіміздің, тұтастығымыздың сақталуына қаншалықты қызмет етеді? Сіздің ғалым және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде пікіріңізді білгім келеді.
– Әлемде қоғамдық-саяси өмір тым саясаттанып кетті. Кейбір журналистер, саясаттанушылар кез келген оқиғадан, көріністен саяси астар іздеп тұрады. Бұл түбірімен қате. Мысалы, Батыс елдерінде бір жыныстылардың отбасын құратыны қазір көп айтылады. Адам психологиясында мұндай ауытқушылықтар бұрынғы заманда да болған. Ал Еуропа мұндай некені шарасыздық деп таниды, кейбір елдерде оған рұқсат берілгені де белгілі және олар барлығы да осыған келеді деп ойлайды. Егер өзге елдерде жұрт мұхиттың жағасындағы биік жарға шығып алып, суға секіріп жатса, біз де соны қайталап қырылуымыз керек пе? Демократия мен анархияның аражігі бар емес пе? Демократия деп түсінетін мұндай ағымға немен қарсы тұруымыз қажет. Бұл орайда, қазақтардың даналығы керемет қару. Қазақ халқының тамырын тереңнен тартқан, қанға сіңген дәстүр-салты бар. Үлкенді сыйлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ағайынның татулығын ойлау, ұрпақтар сабақтастығы секілді қасиеттері, түрлі тыйым сөздері, ұл мен қыздың тәрбиесі сырттан келетін саясаттанған азғындыққа жол бермейді. Сонымен қатар, қазақтардың қонақжайлылығы, қарым-қатынастың барлығын адамгершілікке, сыйластыққа құруы – бүгінгі Қазақстандағы жұдырықтай жұмылған бірлік негізінің бірі дер едім. Толеранттылық, өзгенің мәдениетін, кісілігін сыйлап тұрып, өзін сыйлату – қазақ халқынан бөліп болмайтын тағы бір қасиет.
– Сергей Васильевич, қазақстандықтардың арман-мұраты – қазақстандық патриотизм туралы не айтар едіңіз?
– Кеңес Одағы кезінде, біздің жастық шағымызда пионер, комсомол ұйымдары болды. Пионер, комсомол батырларды пір тұттық. Олардың барлығы да саясатпен жасалған еді. «Жас гвардияның» өзі партияның Орталық комитетінің тапсырмасымен жазылды. Бұл фашизмге қарсы жастардың қарсылығын, рухын көтеру үшін жасалды ғой. Сол кездің өлшемімен қарағанда дұрыс та болар. Әр заманның өз мұраты болады. Менің бір байқағаным, қазақстандық патриотизм бар. Мысал айтайын. Жеңіс күні Қостанайда жаңбыр сүмектеп құйып тұрды. Соғыс құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қою үшін Жеңіс саябағына халық сыймай кетті. Мен кіре алмай кезек күтіп, саябақтың сыртында бір жарым сағат жүрдім. Мен сияқтылар құйған жаңбырдың астында тырп етпей кезекке тұрып, саябаққа кірді. Жаңбырға малшынған қостанайлықтарды сол күні ешкім ескерткішке гүл шоғын қой деп қыстаған жоқ. Қарттар да, жастар да Мәңгілік алауға тағзым етіп, қабырғада жазылған боздақтардың аты-жөнін сипап өтеді. Міне, бұл көзіңе жас үйірер көрініс еді. Бұл патриотизм емес пе?
Мен сол күні мынандай ойға келдім. Өткеніңді білу, ұмытпау патриотизмнің бастау бұлағы болса керек. Сондықтан, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы өте өзекті әрі уақтында көтерілген даналық шешім дер едім.
– Сіз отыз жылға жуық уақыт бойы аймақтағы ірі газетті басқарып келесіз. Бүгінгі журналистика және шығармашылық ұйымды басқару жөніндегі пікіріңіз де қызықты болар еді.
– Журналистика – өмірдің, қоғамның айнасы ғой. Қазір халықаралық саяси өмір өте күрделі. Осы тақырыпқа жазатын журналистер елдер мен мемлекет басшылары арасындағы қарым-қатынасты бұзбайтындай, елдестіретін елшідей мақала жазуы тиіс. Әлеуметтік, экономикалық тақырыпқа жазатындарға тақырыпты сауатты талдап, іске пайдаң тиетіндей етіп жаз дер едім. Журналистика саласы жақсы кадрларға зәрулігін де айтқым келеді. Қазіргі журналистер қызыл сөзге берілмей, өмірді бақылап, адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп жазса деймін.
Ал ұжымға басшы ретінде мен журналистердің жұмыс істеуіне жағдай жасауды алдыңғы орынға қоямын. Сосын олардың күнделікті ісіне араласа бермеймін, жазғанына өзі жауапкершілік алуына үйретемін. Журналистерді өзін өзі тәрбиелеуге, өздігінен ізденуге, білім алуына итермелеймін. Бүгінгі журналистер коммерциямен айналыспауы тиіс. Бұл дұрыс бағыт емес. Сондықтан, бүгінгі газет редакторлары – менеджер болуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, басшының жоғары ішкі мәдениеті ұжымды тәрбиелейді. Мен мұны өзімнен талап етіп отырамын.
– Соңғы сұрақ. Сергей Васильевич, Елбасының замандасымын, ер жеткен уақытымыз қатар дедіңіз әңгіме басталғанда. Өзіңіз туралы айта кетсеңіз.
– Заманымыз бір дейтінім, біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр уақытқа тап келді. Мен 1945 жылы Украинаның Житомир облысында туғанмын. Өзім өскен Рясное селосы фашистердің қолында үш рет болып, үш рет кейін қайтарылыпты. Аштық, күйзеліс. Бала кезімде соның шет жағасын көрдім. Жасөспірім кезімде комсомолдық жолдамамен Қостанайдың Жітіқара ауданындағы асбест комбинатының құрылысына келдім. Мұндағы жұмыстың ауырлығы да адам айтқысыз еді. Комсомолдық екпінді құрылысқа келген бір жарым мың жастың 500-і үш күннен кейін қашып кетті. Мен мұндай ауыр жұмыстан тек оқу арқылы кететінімді түсіндім. Мектепті сырттай қысқа мерзімде бітіріп, ҚазМУ-ге оқуға түстім. Содан бері кітаптан бас алмай оқумен келемін. Білгенім үшін кітапқа, өмірді үйренгенім үшін жолымда кездескен жақсы адамдарға ризамын.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.