Қоғам • Бүгін, 17:50

TikTok-қа телмірген толқын: Балалар қанша уақытын әлеуметтік желіде өткізеді?

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Цифрлық дәуірде әлеуметтік желі өмірдің бір бөлшегіне айналғаны ақиқат. Қарым-қатынас құралынан бастап ақпарат алаңына дейінгі аралықтағы адам сұранысына жауап беретін желіні ересектер өмірінен сызып тастауға әсте келмес. Десе де оң мен солды анық айыра алмайтын балалар үшін желіні қолданудың шегі мен шекарасын шегелеу маңызды. Ата-ана үшін телефон «баланы тыныштандыратын құралға» айналған тұста балалардың оның пайдасынан теріс әсерін көбірек бойына сіңіріп жатқанына мысал көп, деп жазады Egemen.kz.

TikTok-қа телмірген толқын: Балалар қанша уақытын әлеуметтік желіде өткізеді?

Қоғамның осы тақырып төңірегіндегі дабылы да орынсыз емес екенін нақты зерттеулер айқындап отыр. «Kid Security» балаларға арналған киберқауіпсіздік қосымшасының сараптауынша, қазақстандық балалар күніне орта есеппен 130 минутын TikTok-та өткізеді. Киберқауіпсіздік қосымшасының негізін қалаушылардың бірі Асат Ашамановтың айтуынша, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мәселен Ұлыбританиялық балалар күніне 127 минут TikTok-та отырса, жалпы әлемдік орташа көрсеткіш 112 минутты құраған. Бұдан бөлек ел балаларының виртуалды ойындарға әуестігі де әлемдік көрсеткіштен көп болып отыр. Соның ішінде балалар белсенді қолданатын Roblox ойынына Қазақстан балалары күніне орташа есеппен 150 минутын арнаса, әлемдік көрсеткіш бұл уақыттан 20 минутқа аз.

«Kid Security компаниясы бұл шындықты ата-ана бақылауы қосымшасын пайдаланатын мыңдаған отбасының деректері арқылы күн сайын тіркеп, қадағалап отыр. Ішкі аналитика, соның ішінде DataReportal, Ofcom, Roblox Investor Relations және Kaspersky деректеріне сүйенсек, қазақстандық балалар әлеуметтік желілер мен ойындарға жұмсайтын уақыты бойынша Еуропа мен АҚШ-тағы құрдастарынан айтарлықтай алда екенін көрсетеді», дейді Асат Ашаманов.

Бала және әлеуметтік желі: тыйым басталды!

вв

Әлемде «цифрлық тәуелділік» мәселесі қызу талқыланып, түрлі шектеулер енгізіліп жатқан шақта (оның ішінде Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу бастамалары да бар), еліміздегі жасөспірімдер үшін смартфон жай ғана құрал емес, негізгі әлеуметтік ортаға айналып отыр. «Kid Security компаниясы дерегінше, Roblox пен TikTok-тан бөлек ел балалары YouTube кеңістігі мен WhatsApp мессенжерін де кең қолданып жүр. Уақыт көрсеткіштері YouTube – шамамен 90 минут, WhatsApp – 50 минут. Осылайша, ел балалары үшін смартфон өмірдің өзегіне айналып, Roblox – ауладағы ойынды, TikTok пен YouTube – білім мен контент тұтынуды, ал WhatsApp – құрбы-дос, сыныптаспен тікелей қарым-қатынасты алмастырып отыр.

Әлеуметтік желідегі бетбұрыс: Неліктен оқырманның аз болғаны жақсы?

Маманның түйіндеуінше, еліміздегі балалардың цифрлық белсенділігі мен телефонға тәуелді болуына мына үш негізгі фактор әсер етіп отыр.

«Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Балалар қаржылық кедергілерсіз тәулік бойы онлайн бола алады. Мәселеге климаттық ерекшеліктер де әсер етеді. Солтүстік және орталық өңірлердегі қыстың ұзақ әрі суық болуы балаларды үйде көбірек уақыт өткізуіне мәжбүрлейді. Соның нәтижесінде виртуалды әлем негізгі уақыт өткізу құралына айналады. Телефонға баламалардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Көптеген өңірлерде тегін үйірмелер, спорт секциялары, қауіпсіз аулалар мен демалыс орталықтары жеткіліксіз. Ал бұл бос уақытты әлеуметтік желіде өткізуге себеп болуы ықтимал», деді Асат Ашаманов.

Цифрлық шешім: Интернет – қауіпсіздік құралы 

Асат Ашаманов зерттеудегі ең алаңдатарлық мәселе ретінде ата-аналардың мінез-құлқына ерекше назар аударды. Себебі «Kid Security» деректері бойынша, еліміздегі ата-аналардың қауіпсіздік функцияларын пайдалануы өте жоғары деңгейге жеткен.

«Қазақстандық ата-аналар баласының нақты орналасқан жерін айына орта есеппен 140 рет, күніне шамамен 4-5 рет тексереді. Ал Еуропада бұл көрсеткіш – 2,5 есе төмен. Күніне шамамен – 1,8 рет. Бұл қоғамда балалардың физикалық қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың жоғары екенін аңғартады. Көшеде, мектепте немесе аулада балаға бірдеңе болып қала ма деген қауіп ата-аналарды үнемі геолокацияны тексеруге итермелейді», деп түсіндірді ол.

Киберқауіпсіздік қосымшасының негізін қалаушылардың зерттеуінше, қызығы, ата-аналар бақылауды белсенді қолданғанымен, балалардың онлайн әрекеттері туралы хабарламалардың шамамен 69%-ы еленбей қалады. Яғни ата-ана баласының қайда жүргенін білгісі келеді. Десе де баласының телефонды қолдану кезінде не көріп отырғанына, кіммен сөйлесетініне және қанша уақыт өткізетініне мән бермейді.

16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салына ма?

в

Соған қарамастан, көптеген отбасы үшін мұндай қосымшалар нақты көмекке айналып отыр. Кей ата-аналар дәл осы құралдар арқылы баласының мектепте қысым көріп жүргенін анықтаған.

«Мәселе TikTok-тағы 130 минутта емес. Мәселе – ата-аналардың кейде мұндай қосымшаларды «цифрлық тыныштандырғыш» ретінде қолдануында. Олар баланың орналасқан жерін тексереді, лимит қояды, бірақ интернеттегі қауіпсіздік туралы ашық әңгіме жүргізбейді. Сондықтан «толық бақылау» моделінен «цифрлық тәлімгерлік» тәсіліне көшуді ұсынамын. Тәуелділік қалыптаспай тұрып, TikTok пен Roblox сияқты қосымшаларға ақылға қонымды шектеу енгізу қажет. Сондай-ақ балаға уақыт бөліп, оның қандай контент көріп жүргенін үнемі талқылануы керек. Тек бақылаумен шектелмей, ортақ ережелер мен ынталандыру жүйесін қалыптастыру да маңызды», деп түйіндеді Асат Ашаманов.

Аустралияда балалар 16-ға толғанша әлеуметтік желіні қолдана алмайды

Сарапшылардың болжамынша, балалардың TikTok-қа телміріп, виртуалды ойынға қатысты ойы өзгермесе, 2026 жылдың соңына қарай олардың интернетте өткізетін уақыты тағы 15-20%-ға артуы мүмкін. Бұдан цифрлық дәуірдегі ата-ананың басты міндеті баланы тек бақылау емес, қауіпсіз әрі саналы, онлайн ортада тәрбиелеуге ден қою екені айқындала түседі.

Соңғы жаңалықтар