Фото: dts Nachrichtenagentur/IMAGO
Трамптың сөзінше, АҚШ Иран мұнайын өз бақылауына алуға мүдделі, ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Парсы шығанағындағы стратегиялық маңызды нысандардың бірі – Харк аралын бақылауға алу қажет. Бұл арал арқылы Иран мұнайының басым бөлігі әлемдік нарыққа экспортталады.
Басылым мәліметіне сәйкес, Иран төңірегіндегі қақтығыс мұнай бағасының күрт өсуіне әсер еткен. Сарапшылар мұнай бағасы 1 ай ішінде шамамен 50% өскенін айтады. 30 наурыз күні Азия нарығында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 116 доллардан асты.
Бұл көрсеткіш қақтығыс басталғаннан бергі ең жоғары деңгейлердің бірі ретінде бағаланып отыр.
Ақпаратқа сәйкес, Пентагон аймаққа 10 000 әскери қызметкер жіберуді мақұлдаған. Олардың міндеті – Харк аралын басып алу және бақылауда ұстау.
Қазіргі таңда:
- 3500 әскери қызметкер аймаққа жеткізілген;
- олардың ішінде шамамен 2200 теңіз жаяу әскері бар;
- қосымша 2200 теңіз жаяу әскері жөнелтіліп жатыр;
- сондай-ақ 82-әуе-десанттық дивизияның мыңдаған сарбазы да дайындыққа тартылған.
Дегенмен сарапшылар мұндай операцияның жоғары тәуекелге ие екенін атап өтеді. Бұл әскери шығындардың артуына, адам шығынының көбеюіне және операцияның ұзаққа созылуына әкелуі мүмкін.
Трамп бұл жөнінде: «Мүмкін, біз Харк аралын басып аламыз, мүмкін алмаймыз. Бізде көптеген мүмкіндіктер бар», деп атап өтті.
Соған қарамастан, Трамп Иранмен келіссөздердің жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Пәкістанның ара ағайындығымен жүргізіліп жатқан жанама келіссөздер оң нәтижелер беріп отыр.
АҚШ президенті Иранға 6 сәуірге дейін келісімге келу мерзімін белгілеген. Егер келісімге қол жеткізілмесе, АҚШ Иранның энергетикалық нысандарына соққы беруі мүмкін екенін ескерткен.
Аталған сұхбат барысында Ормуз бұғазының маңызы да сөз болған. Бұл аймақ арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20% тасымалданады.
Трамптың айтуынша, Иран тарапынан белгілі бір жеңілдіктер жасалып, кейбір танкерлердің қозғалысына рұқсат берілген. Алайда бұл деректер тәуелсіз көздермен расталмаған.
Сонымен қатар ол Иранның қазіргі рухани жетекшісі Моджтаба Хаменеи туралы да пікір білдірді. Трамптың мәлімдеуінше, ол ауыр жағдайда болуы мүмкін. Алайда Иран билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның денсаулығы мен жағдайы тұрақты екенін мәлімдеген.
АҚШ пен Иран арасындағы жағдай ушығып тұрған тұста, энергетикалық ресурстарға бақылау мәселесі халықаралық деңгейдегі басты тақырыптардың біріне айналып отыр. Сарапшылар мұндай шиеленістің жаһандық нарыққа және қауіпсіздік жағдайына елеулі әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.АҚШ тарихында алғаш рет: Долларға Трамптың қолтаңбасы қойылады