Владислав КОСАРЕВ,
Парламент Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер» депутаттық фракциясының жетекшісі:
– Коммунистік партия аталған шешімді толықтай қолдайды. Елдегі басты сайлау науқанына алдын ала дайындық жасау ағымдағы әлеуметтік-экономикалық саясаттың көкейкесті мәселелерін шешуге ден қоюға мүмкіндік береді.
Бұған қосарым, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасы көкейкестілігімен және дер кезінде көтерілуімен ерекшеленеді. Бұл орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімнің де маңыздылығын атап көрсеткен жөн.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Әлемдік қаржы-экономикалық тұрақсыздық жағдайында бізге жұдырықтай жұмылып, барлық күш-жігерімізді әлемдік дағдарыстың ел экономикасына теріс ықпалын еңсеру жолында жұмсағанымыз маңызды.
Қалыптасқан жағдайда Қазақстанға салмақты және, бірінші кезекте, ұлттық мүддеге бағдарланған саясат жүргізу аса қажет. Осы себептерге байланысты біздің партия Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 26 сәуірде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін толықтай қолдайды.
Ғани ҚАСЫМОВ,
Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы:
– «Қазақстан Патриоттарының партиясы» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешіміне қолдау білдіреді. Аталған мәселенің өзектілігі қалыптасқан күрделі халықаралық жағдайға байланысты әлденеше есе арта түседі. Қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде турбулентті, яғни тербелісті жағдайлар ушыға түсіп отыр. Осы себепті біз өз Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуымыз керек. Тағы да қайталап айтайын, бүгінгідей халықаралық күрделі кезеңде мұның маңызы өте зор.
Серік СҰЛТАНҒАЛИ,
«Бірлік» саяси партиясының төрағасы:
– Қазақстан Республикасының азаматы, «Бірлік» саяси партиясының жетекшісі ретінде мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін толықтай қолдаймын. Қазақстанның көпұлтты халқының тыныштығы мен бірлігі – біз сақтауға тиісті нөмірі бірінші мәселе.
Екінші мәселе, қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты. Мұндайды алдын ала болжаған Мемлекет басшысының Өкімімен Ұлттық қор құрылса, бүгінде ол қалыптасқан жағдайдан көп қиналмай шығуға мүмкіндік беретін қауіпсіздік «жастықшасы» болып табылады. Қысқасы, барлығы да тыныштық пен бейбітшілік үшін жасалып жатқан шаруалар.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:
Сыртқы сын-қатерлерге төтеп беру үшін барлық мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар және барша халық қабылданған жоспарлар мен бағдарламаларды жүзеге асыру жолында топтасып, күш біріктіруі керек. Біз ғылыми орта өкілдері мен студенттер қауымы қабылданған шешімді толық қолдайтынымызды жария етеміз.
Яғни, Елбасының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі шешімін еліміздің ғылыми орта өкілдері толықтай қолдайды деген сөз. Ел Президентінің шешімі халықтың мүддесінен туындап отыр. Сондықтан оны жүзеге асыру тұрақты даму үстіндегі экономикасы күшті мемлекеттің маңызды қадамы болады деп сенеміз.
Эндрю КАЧИНС,
АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры:
– Мен Қазақстан Президентінің кезектен тыс президенттік сайлауды биыл өткізу туралы шешімін дұрыс деп есептеймін. Өйткені, өздеріңіз қараңыздар, ел төңірегінде және тұтастай Еуразия өңірінде миға қонбайтын оқиғалар орын алып жатыр. Ресей мен Украинадағы жағдай, сондай-ақ, мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі экономикаға теріс ықпал етуде.
Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан тұрақтылықты, өсу мен дамуды қамтамасыз ете білді. Сондықтан кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мерзімін тағайындау – өте дұрыс шешім.
Алессандро ЛУНДИНИ,
Италия жоғары геосаяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері:
– Іс жүзінде қазіргі кезде елдің саяси және экономикалық тұрақтылығын кепілдендіру қажеттігі байқалады. Бұл кезең, геосаясат тұрғысынан келгенде, өте күрделі және Қазақстан үшін өзге елдерде болып жатқандай түрлі ауыртпалықтарға себеп болуы ықтимал.
Сондықтан кезектен тыс президенттік сайлауды биыл өткізу туралы шешім елге ол мұқтаж болып отырған тұрақтылық кепілдігін бере алады ғой деп ойлаймын. Осыған сәйкес, Қазақстан қалыптасқан күрделі кезеңді еңсеретіні күмәнсіз. Бұған қоса, қабылданған барлық бағдарламалар табысты аяқталады деуге толық негіз бар.