Өндіріс • Бүгін, 08:15

Өңделген тауар – басты табыс көзі

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемдік нарықтағы бәсеке сипаты түбегейлі өзгерді. Бұрын көлем мен баға шешуші рөл атқарса, қазір заманауи технология, өңдеу сапасы, қаржылық шарттар алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде шикізат жөнелтумен ғана шектелу экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан тауарды өңдеп, жоғары сапа деңгейіне көтеру бас­ты құндылыққа айналды. Осы бағыттағы жүйелі қадамдардың бірі – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» (ЭКА) АҚ ұсынып жүрген қаржылық сақтандыру құралдары.

Өңделген тауар – басты табыс көзі

Жалпы сатып алушыға төлем мерзімі, қаржыландыру құны, келісім қауіпсіздігі де маңызды. Ұзартылған төлем кестесін ұсынған жеткізуші жиі басымдыққа ие болады. Мұндай жағдайда қаржы тәуеке­лін басқару ұлттық экономиканың страте­гия­лық міндетіне айналады. Экспорт­тық-­­кре­диттік агенттіктер осы олқылықтың орнын толтырып, өндірушінің мүмкіндігін кеңейтеді.

Экономикалық саясаттағы институцио­налдық өзгерістер сыртқы сауда құрылы­мының жаңаруына әсер етті. Мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі рәсімдердің ашықтығын арттырды. Шешім қабылдау уақыты қысқарды. Бұл өңдеуші сектордың белсенділігін күшейтіп, жаңа өндірістердің іске қосылуына ықпал етті.

Өткен жылдың қорытындысы нақты нәтижені көрсетті. Өңделген тауар жет­кізушілеріне көрсетілген қолдау көлемі 650 миллиард теңгеден асты. 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе өсім бар. Қолдау аясында іске асқан жобалардың жиынтық экономикалық әсері 2,3 триллион теңге деңгейінде бағаланып отыр. Мұндай көрсеткіш қаржы құралдарының мультипликативтік ықпалын айқындайды. Бір келісім бірнеше өндірістің кеңеюіне, жұмыс орындарының көбеюіне, салық түсімінің ұлғаюына ықпал етеді.

Қолдау алған 121 кәсіпорынның 20-сы осындай тетіктерге алғаш рет жүгінген. Жобалардың басым бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі. Металлургия, агроөнеркәсіп, химия, тамақ өндірісі бағыттарының белсенділігі өнеркәсіп құрылымының біртіндеп күрделеніп келе жатқанын аңғартады.

«Халықаралық саудадағы басты кедер­гінің бірі – айналым қаражатының жетіспеуі. Шетелдік сатып алушылар төлемді кейін­ге қалдыруды талап етеді. Мұндай жағдай­да кәсіпорын өндіріс  ырғағын сақтауда қиындыққа тап болады. Экспорт алдын­дағы қаржыландыру осы мәселені шешу­ге бағытталған. Екінші деңгейлі банк­тер арқы­лы ұсынылатын қолжетімді қаржыланды­ру өндіріс шығындарын уақтылы жабу­ға мүмкіндік береді», деді ЭКА басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.

Бұл құралды пайдаланған «RG Brands Kazakhstan» жеткізілім тұрақтылығын сақ­тауға қол жеткізген. Компанияның өн­діріс­­тік алаңдарының жиынтық қуаты жүз­­­деген миллион литрге жетеді. Қаржы­лан­дыру мен қайта сақтандыру тетіктері шетелдік сауда үйлерімен жұмыс барысында тәуекелді төмендетіп, келісім тұрақтылығын қамтамасыз еткен. Соның нәтижесінде өнімді сыртқы нарыққа шығару қарқыны сақталған.

«Дебиторлық берешекті сақтандыру жаңа серіктестермен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі сатып алушыға қолайлы жағдай туғызады. Бұл құралды пайдаланған «Баян сұлу» компаниясы экспорт ауқымын кеңейтіп, жеткізілім көлемін ұлғайтты. Компанияның икемді төлем құрылымы сыртқы нарықтағы бәсекелік мүмкіндікті күшейтті. Нәтижесінде, жаңа серіктестер саны артты», деді А.Шәйжүнісов.

Қаржы тәуекелін төмендету өндірісті кезең-кезеңімен кеңейтуге жағдай жасайды. «Прима құс» кәсіпорны өндірістік нысандар құрылысын жоспарлы түрде жалғастыруға мүмкіндік алғанын жеткізеді. Қаржылық тұрақтылық ішкі әрі сыртқы нарықтағы позицияны нығайтқан. Компания өкіл­дері сенімді қаржы құралдарының болуы кәсіпорындарды жаңа келісімдерге батыл шығуға ынталандыратынын айтады.

Химия өнеркәсібіндегі жобалар да экспорт құрылымының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. «ЖЖФЗ» кәсіпорны кен өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Сары фосфор жеткізілімі Еуропа, АҚШ, Үндістан бағытына жол тартқан. Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізілімге қатысты сақтандыру шешімі экспорт ауқымын кеңейтуге ықпал еткен. Мұндай мысалдар қосылған құны жоғары өнімнің сыртқы нарықтағы үлесі артып келе жатқанын дәлелдейді.

Қарыздарды сақтандыру кепіл базасы жеткіліксіз кәсіпорындарға қаржы тартуға мүмкіндік береді. Moody’s агенттігінің Baa1 деңгейіндегі рейтингі сақтандыру жабынының сенімділігін арттырады. Бұл теңгемен берілетін несиенің қолжетімділігін жақсартады. Қаржы институттарына тәуекел деңгейі төмендейді.

Тәуекелдерді басқару жүйесінің нығаюы қайта сақтандыру бағытымен байланыс­ты. Халықаралық серіктестермен жасал­ған келісімдер сақтандыру портфелінің тұрақтылығын күшейтті. Қайта сақтандыруға берілген міндеттемелер көлемі 237,7 миллиард теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 217 пайызға артқан. Мұндай тәсіл ірі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтеді.

 «Цифрлық инфрақұрылым рәсімдер­ді жеңілдетті. Экспорттаушының жеке кабинеті құжат айналымын толық онлайн форматқа көшірді. Өтінім беру, келісім рәсімдеу, мәртебені бақылау бір жүйеде жүзеге асады. Платформаны пайдаланушылар саны тұрақты өсіп келеді», дейді ЭКА басшысы.

«Export BS» компаниясы цифрлық сервистің тиімділігін атап өтеді. Жүйеде өтінім мәртебесі ашық көрінеді, кеңес алу жедел жүзеге асады. Бұл жеткізілімді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Әкімшілік жүктеме азайып, уақыт үнемделген.

«Nurym Group» ЖШС директорының орынбасары Махсут Шиғамбаев: «Онлайн өтінім келісім жасау мерзімін қысқартты. Құжаттарды бір жүйеде жолдау процесті айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ жедел кері байланыс өндірістік жоспарлауға оң әсер етіп жатыр», десе, «Прима құс» ЖШС бас директоры Алексей Залевский «Экспорттаушылар витринасы» платформасы дайын өнімді шетелдік сатып алушыға тікелей ұсынуға мүмкіндік береді. Каталогте агроөнеркәсіп, металлургия, химия, машина жасау бағыттарындағы ондаған кәсіпорынның жүздеген өнімі орналастырылған. Бұл сыртқы нарықтағы ақпарат қолжетімділігін арттырады», дейді.

Қаржы институттарының өзара ықпалда­суы өндіріс жобаларын толық қамтуға жағдай жасайды. Даму институттарының байланысы өндірісті іске қосудан бастап дайын өнімді жеткізуге дейінгі кезеңді бір жүйеде үйлестіруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл рәсімдерді жеңілдетіп, уақыт шығынын азайтады.

«Қазіргі жағдайда экспорт тәуекелді әрекет емес, нақты есепке негізделген страте­гияға айналып келеді. Қаржы құралдары­ның жетілуі өндіріс құрылымының күрделе­нуіне ықпал етеді. Қосылған құны жо­ғары өнім үлесінің артуы экономиканың жаңа сапалық кезеңге өткенін көрсетеді», деді А.Шәйжүнісов.

Ұзақмерзімді перспективада мұндай институттар технологиялық жаңғыруды жеделдетіп, өнеркәсіптің бәсекелік қабіле­тін арттырады. Тәуекелді басқару мәде­ниеті қалыптасқан сайын сыртқы нарық­тағы тұрақтылық күшейеді. Экспорт құры­лымының жаңаруы экономиканың орнықты дамуына негіз қалайды.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Бұйырғаны – жеті жүлде

Күрес • Бүгін, 09:05

Өнер көгіндегі ақиық

Тұлға • Бүгін, 08:55

Қайталап оқу терапиясы

Руханият • Бүгін, 08:50