Қоғам • Бүгін, 08:25

Қайғылы жағдайдың ащы сабағы

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәуірдің 11-нен 12-не қараған түнде елорданың Есіл ауданын­дағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, салдарынан кәмелетке толмаған үш бала ажал құшып, аналары ауруханаға жеткізілді. Жедел жеткен төтенше жағдай қызметкерлері әбжіл әрекет етіп, бірнеше адамды эвакуациялады.

Қайғылы жағдайдың ащы сабағы

Сурет: astanatv.kz

Түркістан көшесіндегі 21 қа­батты тұрғын үйдің 15-қабатын­дағы пәтерде өрттің неден тұтан­ғаны анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспа­сөз қызметі оқиға орнына ТЖМ күштерінің алғашқы бөлімшелері жеткенде қызыл жалын күшіне мінген еді.

«Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел ме­дициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан кәмелетке толма­ған үш баланың денесі табылды. ТЖМ күштерімен жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуациялан­ды, тағы 40-қа жуық адам ғимарат­тан өз бетінше шықты. Өрт толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі анық­талып жатыр», делінген ми­нистрліктің мәліметінде. Қай­ғылы оқиға құзырлы орындардың бақылауында, әкімдік тарапынан зардап шеккен әйел мен қаза тапқан балалардың отбасына қажетті көмек көрсететіні де айтылды.

Астана қаласы Төтенше жағ­дайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев тілсіз жау шарпыған пәтердің сыртқы темір есігіне бір емес, екі құлып орнатылғанын, құтқару­шылар арнайы құралдың көме­гімен бұзып ашқанын айтты. Өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа автоматты түрде түсірілген. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласының кіреберісі металл қақпамен жабылып, жолдың жиегінде жеңіл көліктің бөгесін болғанына қарамастан, ТЖД күш­тері өрттің көрші пәтерлерді шарпуына жол бермеді. Өрт фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы мен шығу себебін анықтайтын сараптамалар тағайындалды. Астана қаласының полиция департа­менті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қайғылы оқиғаның куәгерле­рі өрт сөндіру техникаларының көпқабатты тұрғын үйдің ауласына жетуіне жол жиегіне қаңтарылған жеңіл көліктің әжептәуір кедер­гісі тигенін айтады. Адам өмі­ріне араша түсер қарбалас сәтте бір минуттың өзі маңызды. Құтқа­рушылар діттеген межеге еш кедер­гісіз жеткенде мүмкін үш бала  аман қалар ма еді? Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығы жолында тәуекелге бел байлайтын құтқарушылардың қысылтаяң шақтағы жанкешті ісіне көлденең болған бұл бірінші дерек емес. Өкініштісі, мұндай келеңсіздік жиі қайталанады. Көпқабатты үй­лердің ауласын жағалай көлік тұрағына айналдырған тұрғын­дардың кейбірі жолды бөгеп, өзгеге кедергі келтіретін жайт жиі болады. Құтқару қызметінің тех­никалары ғана емес, өмір мен өлім арпалысқан жедел жәр­дем көлігіне де көшеде ығыспай жүрісін тежейтіндерге тәртіп­тік шара қатаңдатылуға тиіс. Мәжі­ліс депутаты Қазыбек Иса құтқа­рушылардың қызметіне кедергі келтіргендерге әкімші­лік іс қозғалып, арзымайтын айыппұл салу аздық ететінін айтады.

«Астана қаласында алапат өрттің кесірінен үш бірдей балдырған ажал құшты. 2019 жылы елорда іргесіндегі жер үйде тұтанған өрттен бүтіндей бір шаңырақтың бес бірдей балдырған қызы өртеніп кеткенін білеміз. Мұндай адам өміріне әкеліп соққан оқыс оқиғалар, өкінішке қарай, жиі қайталанады. Тілсіз жауды өшіруге келген, төтенше жағдайда азаматтарды құтқаруға ұмтылған арнайы сала мамандарының жұмысына кедергі болғандарға тағылар жазаны күшейту қажет. Еуропа елдерінде мұндай жағдайда құт­қарушылар көлденең болған көлікті көтеріп, болмаса сүйреп аулаққа апарып тастайды. Ал Аста­надағы өрт кезінде жол жиегіне көлігін қойып кеткен азаматты іздеп тапқанша сүт пісірім уақыт өткен. Мұндай оқиға кезінде айып­пұл мөлшерін арттырып, жазаны қатаңдату қажет», дейді Қ.Иса.

Төтенше жағдайлар қызметі мамандары тұрғындарға қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауды әрдайым ескертеді. Өрт сөндіретін арнайы техникалар мен жедел жәрдем көліктерінің кедергісіз қатынауына жол ашық болуға тиіс. Көлденең жайт уақытты жұтады. Қызыл жа­лынды сөндіріп, тұрғындарды құт­қаруға жұмылған арнайы бөлім қыз­меткерлерінің әр минуты – адам өмі­ріне араша түсер мезет еке­­нін әр­кім жадында ұстағаны жөн.

Мұндай қайғылы оқиға бұдан кейін де қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді. Көк тіреген зәулім ғимарат саларда құры­лыс компаниялары тұрғындарға жай­лы ортаны да ойлаған  абзал. Іркес-тіркес бой көтерген тұрғын үйлердің ауласы да анау айтқандай кең емес, көлік тұрағы да тар.  Әр тұрғын үйдің паркингіндегі орын пәтер санымен есептегенде 20 па­йызын да қамтымайды. Бүтіндей бір отбасы қайғы жамылған қаралы оқиғадан са­бақ алсақ игі. Адам өліміне әкеліп соққан оқиғаға айыптыларды жазаларда заң солқылдақ, үкім үлпіл­дек болмауы керек.   

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Бұйырғаны – жеті жүлде

Күрес • Бүгін, 09:05

Өнер көгіндегі ақиық

Тұлға • Бүгін, 08:55

Қайталап оқу терапиясы

Руханият • Бүгін, 08:50