14 Мамыр, 2015

Сөз сойыл № 7

640 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
жүз сом Келмеске кеткен социализм дәуірі кезінде Қазақстан Жазу­шылар одағында әдеби қор болатын. Сол қордың есебінен жазушылар анда-санда көмек ретінде азын-аулақ болса да тиын-тебен алып тұрушы еді. Сексенінші жыл­дардың аяқ шенінде сол Литфондыны белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің біршама уақыт басқар­ғаны бар. Бірде ақын Жарасқан Әбдіра­шев Сәкеңе арнайы келіп, көмекке ақша сұрайды. Мүмкін сол кезде қаржы болмай қалды ма екен, жоқ жазушы ағамыздың көңіл-күйі он­­ша келіңкіремей отырды ма екен, Жа­расқанды құр алақан шығарып салады. Әбдірашев те қадалған жерінен қан­ алатын жігіт, араға бір апта салып, Литфондыға бас сұғады. Сәкен Жү­нісов бұл жолы да «қаржы болмай тұр» деп, аузын қу шөппен сүртіпті. Сол кез­де Жарасқан Олжастан бас­тап, Ғабеңе дейін әзіл-шыны аралас эпиграмма жазып дүрілдеп тұрған кезі. Бір күні жұмыста отырып, Сә­­­ке­ңе эпиграмма жазып, телефон шалады. – Сәке, өзіңізге арнап эпиграмма жазып едім, соны оқып берсем қай­­­теді? – дейді жазған қағазын ыңғайлап. – Оқы, оқы! – дейді Сәкен Жү­нісов трубканың ар жағынан. Жа­рас­қан көзіне түсе беретін ұзын шашын бір сілкіп қайырып тастап, әлгі эпиграмманы заулатып оқи жөнеледі: – Сәкен ағам ер еді, Сәкен ағам сері еді, Сәкен ағам бөрі еді, Қайдан шықты Литфонды? Литфондыға барды да, Сәкен ағам ит болды. Жарасқан эпиграмманы оқып болғанда Сәкеннің үні шықпай, сәл тым-тырыс бола қалады. Әлден соң: «Әй, бала, мынаны әлі ешкімге оқып берген жоқсың ба?» дейді. – Жоқ, Сәке. Өзіңізге бірінші болып оқып тұрмын. Құдай қаласа, «Жұлдыздың» келесі санына дайындап отырмын. Сіз бұған қалай қарайсыз? – дейді Жарасқан. – Жаныңда ешкім жоқ па? – дейді Сәкен кәнігі барлаушыдай сақ, сыбырлай сөйлеп. – Жалғызбын, Сәке. – Олай болса, айналайын, жаңағы эпиграмманың көзін құрт. Оны менен басқа ешкім де естуші болмасын. Ал қазір тез арада кел де, өзіңе тиісті 100 сомды алып кете ғой, – деп телефон құлақ­шасын асығыс қоя беріпті. Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК. АЛМАТЫ. ********** Түсінікті Автобусым кешіккен соң, уақыт қысқарсын деп аялдама түбіндегі ескі дуалға әлем-жәлем болып жапсырулы тұратын хабарландыруларға назар салдым. Мәссаған! «Концертке келіңіз!» деген үлкен жарнама қағазды тұтас толтырып қолағаштай бір тұмсық тұр. Үкілі бөрік киген. Екі көзі бағжиып, үкілі домбырасын Калашниковтың автоматынша көлденең асынып алған. Біздің жігіттер талтаюға шебер ғой. Мынаның да екі аяғының арасынан ел көш­кендей... Концертіме кел дейді. Жеке концертіне шақырардай бұл кім екен деп төмендегі жазуларға үңілем: Торпақбай Жортақбаев, өзі әнші, өзі күйші, өзі биші, сазгер (так-так!), сықақшы, актер, ақын (ой­бай!), «Бөрібасар» театрының бас режиссері (көтек!), бірдеңе-бірде­ңенің лауреаты (айтақ!)... майтал­ман асаба, молдалығы да нешауа... Жә, түсінікті... Қысқасы, еш­кім емес. Көп болса Алаяқ Жолая­қовтың көп шәкірттерінің бірі. Жақсы-ақ етікші болатын жігіт екен, әттең. Амал жоқ. Автобусым келді. Байқасам, бүйіріне жаңағы афишаны жапсырып алыпты. Кірсем, іште де сол. Жұмысқа келдім. Көптен бері қабағы келіспей жүрген көрші бөлімдегі әріптесім жолыға кетті. Амандастық. – Менің саған неге ренжіп жүргенімді білесің бе? – деді. – Сіз... ренжіп жүрсіз бе? – Көптен бері дұрыс амандас­пайсың. – Солай ма? – Сен менің азаматтығымды, ғалымдығымды сыйламай-ақ қой, ақын, жазушылығымды, журналистігімді сыйламай-ақ қой, бірақ мен... мен өнер адамы емеспін бе? Тым құрыса, сонымды сыйламайсың ба? – Кешіріңіз, Мәке, білмеген екем... Не өнеріңіз бар еді? – Мен, прежде всего, әншімін... – Сіз... әншісіз бе? – Мен күйшімін. – Сіз... күйшісіз бе? – Мен би де билей аламын! – Сіз... – Мен... Сен осы өзіңнен басқа кімді білесің? Айналаңа қарашы былай! Қарадым. Ұзын коридордың қабырғасы алабажақ афишаларға толып кетіпті. Бәрінде – Мәкең. Жеке концертіне, өнер кешіне шақырады! Қара көзілдірік киген. Басында Элтон Джонның телпегі сияқты бірдеңе. Мәкең де талтаюдан кенде емес екен – рогатканың ашасындай сиықсыз сирақтарының арасына гитарды тігінен қойып, мініп алыпты. Мәссаған! Мәкең – расында да өнер адамы екен. – Мен – осы мекеменің мақтанышы, за­мананың гүлі емеспін бе, біле біл­­­сең... Әй, қойшы сені... Халқым аман болсын. Халқым сыйласын мені! Мәкең менен түңілгендей қолын бір сілтеп, көзінен үзіліп түскен бір-екі тамшыны алақанының сыртымен қағып тастап, бұрылып жүре берді. Түсінікті... Мәкең де қазіргі көп «жан-жақтының» бірі болып шықты. Біздің жігіттер шетінен дарынсыз. Бірақ бәрі – жан-жақты. Дарынсыз ақын, дарынсыз ғалым, дарынсыз әнші, дарынсыз сазгер, дарынсыз... Қысқасы, жан-жақты дарынсыз, әмбебап дарынсыз! Қайтарда жол-жөнекей математик досымның үйіне соқтым. До­­сым біртүрлі, ой үстінде екен. Ка­­бинеті толған ораулы қағаздар. Қо­­быратып үйіп қойып, ортасында отыр. – Бұл не? Досым бір орамның жібін ше­шіп, жазып көрсетті. О, құдай! Афиша! Досым! Басына шалма ораған. Үстінде аппақ шапан. Аққу­дай-ау, аққудай. Қолында диуа­налардың асасы сияқты бір­деңе... Жалма-жан жазуларын оқып жатырмын: досым – әулие, досым – көріпкел, досым – экстра­сенс, досым – бақсы, досым – психотерапевт, телекинездік қасиет иесі... «Уф-суф» дегенде, ауруыңнан құ­лан-таза боласың. Келіңіз, келіңіз! Дәу сарайға сеансқа шақырамыз... Мәссаған! Менің досым – өнер адамы! Менің досым – әмбебап... Уа, дарынсыз ит! Уа, опасыз дүние! Қаштым... Үйге қалай жеткенімді біл­меймін. Келсем... көрші әйелдерді жиып алып, дүниедегі ең дарынсыз деп есептелетін менің бәйбішем... карта ашып, құмалақ салып отыр! Уа! Уа, менің бәйбішем – балгер! Ме­нің бәйбішем – понимаешь, өнер адамы! Менің бәйбішем де жан-жақты. Менің дарынсыз бәйбішем – енді жан-жақты дарынсыз! Қабырғада толған афишалар – біздің бәйбіше: бақсы, балгер, көріпкел, әулие... келіңіз, келіңіз... адрес мынадай да мынадай (яғни, біздің үй). Мен жындандым. Шашымды жұлдым. Аузымнан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Әйеліммен қосып тырқыратып бәрін көшеге қудым. ...Есікті іштен бекітіп алып, алқынғанымды басып отырмын. Ашуымды басып отырмын... Ойланып отырмын. Сірә, шынымен жынданған шығармын. Өйткені, мен енді былай ойлай бастадым: осы мен ғой Дардай Пәленшеевпін. Үлкен ғалыммын. Әйгілі мекемеде бөлім басқарамын. Демек, әйдік басшымын, қоғам, мемлекет қайраткерімін. Аздап компьютерде жұмыс істей алам. Демек, компьютершімін. Мен жыртылған шалбарымды өзім жамап, үзіл­­­ген түймемді өзім қадаймын. Демек, мен – тігіншімін. Аздап жүгі­ре­тінім, аздап доп қуатыным бар. Демек, спортшымын. Мен кейде достарымның үйінде қонақта отырып, ән де айтып жіберем. Мен – әншімін. Аздап гитар шертемін – гитариспін. Ойбай, айтпақшы, кейде өзім білмейтін бір әуендерді ысқырып, ыңылдап жүретінім бар – сазгер шығармын тегі! Кейде, ішіп алғанда, өлең ұйқастыратыным бар – сірә, мен ақынмын осы! «Бергеніңе тәубе, тәңірім! – дедім. – Мен де ел қатарлы өнер адамы екенмін-ау! Мен – жан-жақты екенмін-ау!» Ризашылықтан тебіреніп көп жыладым. ...Ертеңінде афишаға тапсырыс жасадым. Халқыммен кездесу өткізбекшімін. Халқым мені төбесіне көтерсін... Халқым мені – сыйласын! Мен кімнен кем едім?! Әлгі қолағаш мұрын ғұрлы өнерім бар. Мәкең ғұрлы ел-жұртқа қадірім де бар... Енді не керек?! Бәрі түсінікті. Тұрсынжан ШАПАЙ. АЛМАТЫ. ********** ТОЛАР ЕМЕС АРАНЫ Балпан – Береді, алады, Келеді, барады, Талай сатыдан өтті, Төрге де жетті. Бұл орны жайлы, Ойлағанындай майлы. Жемтік жеуді меңгерген, Өзінікін дәйім жөн көрген: Кадрды – қудалап, Алады, салады, Тексеру жасап тұтқиыл, Содан пайда табады. Араласады тендерге, Ол жерден де тамады, Талайларды қанады... Елдің қамын жегендей, Жұлқынады, шабады, Ойлағаны – қымқыру, Құлқыны мен тамағы. * * * Тірлігі оның тым қызу, Толар емес араны, Алдағы ісі беймәлім, Болашағы қараңғы. БЕДЕЛ «Айбыныңды асыратын бедел керек, Тайғанақтағанда табаның, Ұстап қалатын бедер керек» – Деп талайлар тыртаңдап жүр, Бірінен-бірі асатын бүр таңдап жүр. Былдудың қызметі – Кішкене кеңседе еді, Өзінше, еңселі еді. Бедел деген құс емес, Не, мызғи салып, Көретұғын түс емес. Сызатұғын қағаз емес, Сөзге келер сабаз емес, Қолға қалай қондырамын. Балпаңдатар беделді, Өзімдікі болдырамын? – Деп ойланып түйіндепті. Содан бері сөйлеуі қиын бопты. Ісің түсіп бара қалсаң: – Ертең кел! – деп барқ етер. Ертесіне: – Асығыспын! – деп маңқ етер. Жөніңе кетесің, Ерегіскенде не етесің?! «Көкелеп» жүріп, Жұмысың да тынар-ау. Ығырың да шығады-ау. «Беделім күннен-күнге өсіп келеді. Сандалып жүрген бедел жоқ, Әрекет етсең өстіп келеді», – Деп Былду кісі болғандай, Қиқарлығына көңілі толғандай. * * * Иә, Бәкең «беделді», Көпке тормоз – кедергі. Нұрмахан ЕЛТАЙ. Қызылорда облысы. ******************** Емтихан Көп жылдар бойы теміржол күзетшісі болып істеген Дюпон ақыры табысының жарытымсыз екеніне көзі жетіп, енді жол айырушы болмаққа бекінді. Әрине, ол үшін арнайы емтихан тапсыруы керек. Сол мақсатпен жарты жыл бойы жатпай-тұрмай ережелер жинағын жаттаумен болған. Сынақ алушы оған мынадай сұрақ қойды: – Екі жедел пойыз бір жолмен бір-біріне қарсы ағызып келеді де­лік. Сіздің орныңыз – тура орта­да. Осындай жағдайда не істемексіз? – Бағдартілді ауыстырып пойыздардың біреуін басқа жолға түсіре қоямын! – Ал қыс мезгілі болып, сіресіп қалған бағдартіл ауыстыруға көнбесе ше? – Жалаушамен белгі беремін. – Қараңғы түнде болса ше? – Қызыл шам жағамын. – Әгәрәки кәресін де, балауыз шам да болмаса? – Онда қолыма ілінген қағаз, шүберек, ағаш біткеннің бәрін жолға үйіп саламын да от қоямын... – Сіріңкеңіз де, шақпағыңыз да жоқ делік! Емтихан тапсырушы бір сәтке ойланып қалып, ақыры: – Әйелімді шақырамын! – деді. – Әйелімді? Ондай жағдайда әйелдің керегі қанша? – Қандай ғаламат болатынын ол да көрсін дегенім ғой... Рене МАЛИНАРК.(Франция). Орысшадан тәржімалаған Бекболат ӘДЕТ. ************************* БІР  ҚОЯЙЫН  БА? Біздің Торғай табанындағы Албарбөгет ауылында той болып жатады. Үзілісте сыраның буы­на елтіп алған бір жігіт өзінің бұрынғы ұстазына кездесіп қалып, оң қолының жұдырығымен сол қолының алақанына шартылдатып ұрғылап тұрып: «Ағай, сіз баяғыда маған екі қойып едіңіз, мен бір қояйын ба?» – депті... АУДЫҢ  ӘУЖАЙЫ Торғай кеңшарының Құмкөл орталығында Көшербай деген азамат тұратын. Ол өзінен 5-6 жас кішілігі бар жігіт екеуі ауыл іргесіндегі өзеннен балыққа ау құрып, нәпақаларын тауып жүреді. Бір күні әлгі інісі 3-4 күнге бір жаққа кететін болады да, кетерінде ол келіншегіне: «Ауды Көшербай ағаға қаратып ал, әйтпесе мен оралғанша түскен балық борсып кетеді», – деп тапсырады. Ертеңіне сөзге шорқақтау жігіттің жары көрші ағасының үйіне барып, отырған ауыл-үйдің адамдарымен амандасқаннан кейін: «Аға, ауымды қарап беріңізші?» – депті. Отырғандар елең ете қалысыпты... Сонда Көшекең: «Қой, қалқам, ыңғайсыз ғой», – депті. Келін: «Отағасы келгенше сасып кетеді ғой», – десе, сайқымазақ ағасы: «Шыдайсың ғой, қалқам», – деп маңайындағыларын күлдіріпті. ТОҚТЫ  МЕН  ҚОШҚАР Ел адамдары түсіне байланысты көкқасқа деп атап кеткен «ЗИЛ» машинасының жүргізушісі кешке таман заулатып Торғайдан терістікке бет алады. Аудан орта­лы­­ғынан шыға берісте жол шетін­де бір бойжеткен қол көтеріп тоқ­татып, Шиліге ала кетуін өтінеді. Жолсерігін отырғызып алып жүйт­кітіп келе жатып бір кезде жігіт: «Қарындас, атыңыз кім болады?» – деп сұрайды. Қыз: «Есімім Тоқты», – дейді. Біраздан кейін бойжеткен: «Аға, сіз кім боласыз?» – дейді. Жүргізуші: «Атым Қошқар», – дегенде, қыз мазақ қылып отыр деп ойлап қалып, ашуланып: «Ағай, тоқтаңыз, түсемін», – дейді. Азамат қарындасын райынан қайтармақ болып «жеке куәлігін» көрсетеді. Содан кейін бойжеткен жүр­гізуші сөзінің шындығына көзі жеткен екен. Қуанышбай ҚАЗЫМБЕКОВ. АРҚАЛЫҚ. ************************** Екі кәрі қыздың әңгімесі: – Кешегі той маған дым ұнамады. – Не говори, кілең әйелі бар албастылар келіпті... **** Құрбылар кездесіп қалады: – Не істерімді білмей тұрмын. – Не боп қалды? – Мектептегі мұғалім «ата-ана­лар жиналысына міндетті түр­­­­де баланың әкесі келсін» деп еді. – Енді күйеуіңді жібере сал­майсың ба? – Ол білмеуі керек қой... **** Көрші келіншектер жо­лығып қалады: – Көз көгергенде қандай дәрі жағуға болады? – Оны қайтейін деп едің? – Кешке күйеуіммен ақыл­дасатын бір шаруа бар еді. **** Құрбылардың әңгімесінен: – Перзентханаға барғанда сенің қиналмай босануың дәрігердің бір сұрағына дұрыс жауап беруіңе байланысты болады. – Ол қандай сұрақ? – Күйеуің қайда жұмыс істейді? ****   Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР