Елбасы өткен жылдың тамызында Алматы облысына келген жұмыс сапары барысында облыс прокурорына жер телімдері дауы мен басқа да күрмеуі көп күрделі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген еді. Осыған байланысты не атқарылды? Міне, осы мәселелердің орындалуы жайында Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразовпен әңгімелескен едік.
– Ғабит Төреұлы, Елбасы дүйім жұрттың алдында сізге берген тапсырмалар қалай орындалуда?
– Мемлекет басшысы жерлердің нысаналы мақсатта қолданылмай жатқандығы үлкен мәселе болып табылатынын атап өтіп, бұл жер телімдеріне қатысты қатаң тексеру жүргізу керектігіне нұсқау берді.
Елбасы берген тапсырмалар шеңберінде 2014 жылы облыс бойынша кадастрлық құны 341,9 млн.теңге болатын көлемі 26,0 мың гектардан астам 403 пайдаланылмаған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінгі күнде көлемі 40,9 гектар болатын 124 жер телімін қайтару бойынша талап арыздар соттарда қаралуда. Сонымен қатар, белгіленген мақсатта пайдаланылмай жатқан кадастрлық құны 6 млрд. теңгелік жалпы көлемі 255,2 мың гектар болатын үш мыңнан астам жер телімі анықталды. Мәселен, қадағалау актісі бойынша, Сарқан ауданындағы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан бір мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, жерді күтіп пайдалануға, алқаптарда ауыл шаруашылығы дақылдарын алмастырып себудің белгіленген талабының сақталуына ерекше назар аударылды. Ақсу, Алакөл, Кербұлақ, Сарқан, Ескелді, Көксу және басқа да бірқатар аудандарда жер иелері жыл сайын мақсары егеді. Бұл дақыл өз кезегінде топырақтың мелиоративтік жағдайы мен өнімділік деңгейін төмендететіні белгілі. Осы саладағы қадағалау қызметі Үлкен Алматы айналма автожолының және Алматы қаласының 4 серіктес қаласының құрылыстары үшін жер телімдерін қайтарып алудағы заңнамалардың сақталуына қатысты әкімдіктер жұмысын тексеру барысында заңсыздықтарды анықтады. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерінен мемлекетке 2 млрд. теңге көлемінде шығын келтірілген.
Алматы қаласының маңындағы елді мекендерде бос жерлерді белсенді түрде бөлгеннен кейін лауазымды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылығы саласы жұмыстарын жүргізуге ешқандай қатысы жоқтығына қарамастан, өзге мақсаттарға ұсынуға «кіріскенін» атап өту керек. Нақтылай түссем, жер телімдері 6-10 сотықтан бөлініп сатылған. Бұл заңсыздықтардың орын алуына жергілікті атқарушы органдарда елді мекендердің бас жоспарларының болмауы себеп болған. Ел тәуелсіздігі жылдарында облыс бойынша бас жоспармен қамтамасыз ету 12,6 пайызды құрады.
Өткен жылы Бас прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асыру департаментінің басшысы Қанат Сейдғапбаровтың қатысуымен алқа жиыны өткізілді. Онда қадағалау актісі енгізіліп, мақсатты жұмысты жүзеге асыру үшін қосымша қаржы бөлінуіне қол жеткізіліп, бас жоспармен қамту көрсеткіші 6 есе ұлғайды. Жалпы, облыстық прокуратура органдары тарапынан соңғы жылдары 4 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, 174 наразылық қанағаттандырылды. 1,7 мың заңсыз актілердің күші жойылды және өзгертілді, 231 адам, оның ішінде аудандар мен қалалардың әкімдері түрлі жауапкершілікке тартылды, 8 қылмыстық іс қозғалды, 500 млн. теңгеден астам көлемдегі залал өндірілді.
– Елбасы көтерген тағы бір мәселе, яғни «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2002-2010 жылдары 355 нысанға жөндеу жүргізілуіне, қайта жаңғыртылуына, жасалуына 14 млрд. теңгеге жуық бюджет қаржысы жұмсалған. Ал «Ақ бұлақ» бағдарламасының 2011-2015 жылдары бірінші кезеңін жүзеге асыру шеңберінде 350 нысанда жұмыс жүргізу көзделген, бұл жұмыс 55,5 млрд. теңгені қажет ететіні анық.
«Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламаларының орындалу барысына жүргізілген тексерулер шеңберінде өткен жылы 3 қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, Ақсу ауданының прокуроры тарапынан Арасан ауылындағы сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары кезінде 4 015 216 теңгеге құрылыс жұмыстарын орындамау фактісі бойынша ҚК 307-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудағы заң бұзушылықтарға сот-құрылыс сараптамасын тағайындау туралы 10 қаулы шығарылды. Мысалы, Панфилов ауданы, Қорғас ауылындағы сумен қамту жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыс құны 192 440 000 теңгені құрап, тексеру кезінде 11 829 211,6 теңге көлемінде құрылыс жұмыстарының орындалмағаны, шын мәнінде, бұл соманың ұрланғаны және мақсатсыз жұмсалғандығы анықталды. Сондай-ақ, Панфилов ауданы, Көктал ауылындағы сумен қамту нысанына қатысты 15 656 477 теңге көлемінде, Сарқан ауданы М.Төлебаев ауылында 10 442 000 теңгеге, Ақсу ауданы Қопа ауылында 9 044 598 теңгеге құрылыс жұмыстарының орындалмағаны анықталды. Оған сай бірнеше тексеру құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолданды. «Ақ бұлақ» және «Ауыз су» бағдарламасының тексеру қорытындысы өткен жылы облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде қаралып, анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Аталған бағдарламаның өз мақсатында заңнама талабына сай орындалуы прокуратура органдарының қатаң бақылауында тұр.
– Кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғалуда?
– 2014 жылы кәсіпкерлікке қатысты заңнамалардың сақталуын қадағалау барысында 257 бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды. Қадағалаушы органдардың кәсіпкерлерді тексеруді көздеген 117 заңсыз жоспары анықталып, күші жойылды. Кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін 104 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз 6 нормативтік-құқықтық актілерді шығарған ауылдық әкімдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның жедел топтары мен кәсіпкерлер палатасы бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде 33 заң бұзушылықтың, 16 заңсыз тексерудің күші жойылды. Қадағалау актілері бойынша Жер кодексінің 43-бабына сәйкес барлық аумақтық жер комиссияларының құрамына кәсіпкерлер палаталарының өкілдері енгізілді. Прокурорлық қадағалау бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі субъектілерді субсидиялауға қатысты заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданды. Мәселен, 2000 ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне бөлінген субсидияны 237 556 252 теңге көлемінде толық төлемеу, сол сияқты 1 272 кәсіпкерге 280 808 485 теңге көлеміндегі субсидияны дер кезінде төлемеу фактілері анықталды. Осы заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 2014 жылы облыс прокуратурасы және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылды. Демек, тапсырыс талабы – нәтижеден көрініп тұр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.