Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақ елінің атынан қатысқан Халықаралық математикалық олимпиадалар жеңімпаздары жеделхат жолдады.
Онда былай делінген:
“Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Тәуелсіздік алғанымызға келесі жылы жиырма жыл толады. Осы уақыт ішінде Отанымыз төрткүл дүниеге танылды. Сіздің “ХХІ ғасыр – білім-ғылым ғасыры” деген идеяңыз біз сияқты жастардың білім алуына кеңінен мүмкіндік жасады. “Болашақ” халықаралық бағдарламасы бойынша мыңдаған жастар әлемнің өркениетті елдерінің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, қазір еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып жүр.
Біз бір кездері дүние жүзінің өркениетті елдерінде өткен халықаралық олимпиадаларға қатысқанда: “Осындай мәртебеге Қазақ елі қашан жетеді екен?” деп ойлайтынбыз. Сіздің бастауыңызбен қарыштап дамыған еліміз қазір даңғыл жолға түсті. Дәулеті мен сәулеті тең өркендеді. Соның нәтижесінде он жылдан аса уақыт ішінде бой көтерген айбынды Астанамызда 51-ші Халықаралық математикалық олимпиада өтіп жатыр. Әлемнің барлық құрлығынан келген жүздеген талантты оқушылар білімдерін көрсете отырып, аз уақыттың ішінде төрт құбыласын түгендеген Қазақ елінің таңғажайып жетістіктеріне қызыға қарауда. Бұл біздің мерейімізді өсіріп отыр. Аталған іс-шараның өтуі – Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында жүзеге асып жатқанын біздер жақсы білеміз.
Қазақ елінің жастары тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында өз замандастарына Отанын көрсетіп, мемлекетінің мәртебесін асырып, Елбасының сенімінен шығып отыр.
Сіз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында Қазақ елі тек саяси-экономикалық тұрғыдағы қарқынды дамумен шектелмей, сонымен қатар, ғылым мен білім саласында биік жетістіктерге қол жеткізуде.
Оның дәлелі – Қазақстан оқушыларының құрама командасының елімізде 51-ші рет өткізілген Халықаралық математикалық олимпиадада 98 мемлекеттің ішінен оза шауып, 5-ші орынға табан тіреуі.
Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, Астана тойымен бірге өтіп жатқан Халықаралық математикалық олимпиада біздің замандастарымызды жігерлендіріп, келешекке деген талпынысын арттырады.
Біз Сіздің көшбасшылық саясатыңызды қолдаймыз. Сол бір кезеңдерде осындай халықаралық олимпиадаға қатысуға зор мүмкіндік жасағаныңызды еш уақытта ұмытпаймыз. Соның нәтижесінде біз бүгін елімізге бар күш-жігерімізді, білім-өнерімізді жұмсап келеміз.
Алдағы уақытта тәуелсіз еліміздің мәңгілік тұғырын биіктетіп, ел мен жерге адалдық танытып, алдыңғы ағалардың сенімін ақтап, бар күш-жігерімізбен қызмет етеміз”.
Жеделхатқа Халықаралық математикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері – алтын медаль иегерлері: Әлібек Алданғаров (2001), Бауыржан Бектеміров (2001), Аман Жұмекешев (2001), Игорь Ганичев (2001), Қуат Есенов (2003, 2004), Ким Андрей (2004), Егор Клочков (2008), Нұрсұлтан Қажымұратов (2010), Қанат Сатылханов (2010), Денис Овчинников (2010); күміс медаль иегерлері:
Сергей Ументаев (2001), Бауыржан Үргенішбаев (2003), Дәнияр Келбетов (2005), Нұрбол Дүйсенбаев (2006), Игорь Стасий (2007), Нұрсұлтан Қажымұратов (2007, 2008), Еркін Түсіпбеков (2008), Рауан Рахмет (2010), Медет Жанболатұлы (2010) және қола медаль иегерлері:
Михаил Шахматов (1999), Ринат Бекболатов (1999), Алексей Докторович (1999), Рустам Темірбеков (1999), Жандос Есенбаев (1999), Ширәлі Қадыров (1999), Ұлан Мұқашев (2000), Әнуар Қауымбаев (2000), Рүстем Таханов (2000), Мейрам Мырзаболатов (2002), Дәурен Аужани (2003), Дамир Елеусізов (2004), Виктор Сосин (2005), Қайрат Жұбаев (2005), Мерлан Нагидулин (2006), Дәулет Жангузин (2006), Әсет Мұсағалиев (2006), Әлен Баев (2007), Ескендір Қасенов (2008), Әсет Дәлиев (2008), Санжар Оразбаев (2009), Біржан Молдағалиев (2009), Төлеби Сайлауов (2009) қол қойған.