28 Наурыз, 2015

Елімнің тағдыры – менің тағдырым

2676 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
27-03-05 Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды Жамбылежелден Мәңгілік Ел идеясынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Көпұлтты қазақ даласында бейбітшілік пен тұрақтылық орнықты да орынды мемлекеттік саясаттың арқасында салтанат құрып отыр. Бүгінде бұл өңірде 87 ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүруде. 1995 жылдан бері Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өз шаңырағының астына 25 этномәдени бірлестікті топтастырды. Міне, Елбасы Н.Назарбаев Әулиеата жеріндегі жұмыс сапарын Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты форумға қатысудан бастады. Ал үш мыңнан аса жамбылдықтар мен осы өңірде тұратын түрлі ұлт өкілдері қатысқан бұл патриоттық форумда Мемлекет басшысы ел дамуындағы ұлтаралық келісім мен бірлікті, ынтымақты ерекше атап өтті. – Екі мың жылдан астам уақыттан бері жасап келе жатқан Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығының бірі болып саналады. Облыс пен қаланың тарихи орындары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Осынау қасиетті жерде біз күзде қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл – бірлігіміз бен берекемізді паш ететін маңызды шара, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына да назар аударды. – Мен ұсынған «Нұрлы Жол» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Жаңа индустрияландыру аясында 116 миллиард теңгенің 33 жобасы іске қосылды. Құны шамамен 600 миллиард теңге болатын тағы 23 жобаны іске қосу кезек күтіп тұр. Соның ішінде «Тараз Химпарк» арнайы экономикалық аймағының базасында химия кластерін, каустикалық сода мен хлор өндірісін жолға қою, Ақбақай алтын өндіру комбинатын жаңғырту шаралары бар. Жалпы, осы нысандардың барлығында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өңірде туризм саласы жақсы дамып келе жатқанына тоқталды. – Үш ірі туристік нысанның – «Көксай» тау шаңғысы базасының, «Тау самалы» және «Киіз үй отелі» кешенінің құрылыстары жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы барша Қазақстан халқының күш-жігері арқасында татулық пен тыныштық ХХІ ғасырдағы ел дамуының іргетасына айналғанын атап өтті. – Биыл мен Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған бес халықтық реформаны жүзеге асыру бастамасын көтердім. Біз заманауи мемлекеттік қызметті, әділетті сотты, жаңа индустрияны, болашағы біртұтас ұлтты және есеп беруші мемлекетті қалыптастырып жатырмыз. Осының бәрін біз азаматтарымыз үшін, еңбек адамдары үшін жасап келеміз, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін форумға қатысушыларға ризашылық білдіріп, барша қазақстандықтарға татулық пен бақ-береке тіледі. 27-03-04 Форум барысында облыстың этномә­дени бірлестіктерінің өкілдері де сөз сөйледі. Сондай-ақ, бұл күні Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының жұмысымен танысты. Аталған орталықты есімі елімізге танымал академик Сейітхан Жошыбаев 2008 жылы ашқан болатын. Ғылыми-клиникалық орталықта 7 бөлім бар, 74 адам жұмыс істейді. Олардың 20-сы жоғары білімді дәрігер. Бүгінде орталық ақылы және тегін қызмет түрлерін көрсетеді. Мемлекеттік тапсырыс, қызмет көрсету аясында заманауи оталардың барлық түрлерін есепке ала отырып, жасанды қан айналдыру аппаратын қолдану арқылы жүрекке «жабық» және «ашық» операция жасайды. Сонымен бірге, орталық еліміздің кардиохирургия, кардиоанестезиология және реанимация бойынша жас мамандарын дайындау үшін көптеген медициналық мекемелердің клиникалық базасы болып табылады. Орталық 2013 жылдан бастап Жамбыл облысының тұрғындары үшін медициналық көмек көрсетіп келеді. Басқа аймақтардың тұрғындары ауруханаға орналастыру бюросының порталы арқылы тегін көмек ала алады. Бүгінде емделу кеңесін алу үшін орталыққа еліміздің барлық аймақтарынан, тіпті, көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан да келушілер бар. Жаңа ғимарат Тараз орталығында бес жыл бойы жеке қаржыға салынды. Мұнда 1-2 орынға арналған жайлы палаталар, операция жасайтын, заманауи қондырғысы бар реанимация бөлімі қарастырылған. Сонымен бірге, субұрқақты екі қысқы бақ қамтылған. Елбасы, сондай-ақ, Тараз химия-технология колледжінде болды. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Кәсіби-техникалық және жоғары білім – ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуі керек», деген болатын. Бүгінгі күні Жамбыл облысында 24 колледждің білімгерлері 21 мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесімен білім алуда. Міне, Тараз химия-техникалық колледжі өңірдегі химиялық өндірістерге мамандарды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру мақсатында ашылып, өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Нысанның жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. Дәл қазір бұл білім ошағында 438 оқушы 12 мамандық бойынша білім алуда. Орталық заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталып, оқу орнында 81 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Колледж өңірдегі 12 ірі кәсіпорынмен келісімшарт жасап, дуалды жүйемен білім беруде. Қазақстан Президенті колледжде болған кезінде өңірдегі білім беру саласын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы колледждің оқытушылар құрамымен және студенттерімен әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев технологиялар мен өңдеуші салалар есебінен дамып келе жатқан Еуропа мен Азияның жетекші мемлекеттері үлгісімен елімізде баламалы экономика құрудың маңыздылығын атап өтті. – Индустрияландыру бағдарламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салынды, тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. Осы колледж базасында қуатты техникалық кластер дамып келеді. Елімізге кен өндіру кәсіпорындарында да, өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істей алатын химик-инженерлер, білікті мамандар керек. Қажетті мамандыққа ие болған түлектер Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істей алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Колледжде 12 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Сондай-ақ, мұнда химия өндірісі саласында ашылып жатқан өндірістер үшін қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу және біліктіліктерін арттыру ісі жүзеге асырылады. Оқу орны 600 адамға лайықталған, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Колледж инфрақұрылымы оқу шеберханаларын, зертхана бөлмелерін, компьютер сыныптарын, мультимедия және лингафон кабинеттерін, компьютер залы бар кітапхананы, 200 орынға арналған жатақхананы қамтиды. Шынында, соңғы жылдары Жамбыл жерінде химия өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Еліміздегі химия саласының алыбы – «Қазфосфатта» 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Қаратауда 13 млрд. теңгеге натрий цианиді зауыты салынды. Минералды тыңайтқыштардың әлемдік көлемінің 2 пайызын, Еуропада сатылатынының 4 пайызын өндіретін Ресейдің «Еурохим» кәсіпорны Қаратау бассейнінің бірқатар фосфорит кен орындарын игеру қызметіне белсене кірісіп кетті. Ал Шу қаласының маңынан салынып жатқан «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қолға алғалы жатқан тірлігі тіптен орасан. Жақын жылдарда бұл аймақта 16 кәсіпорын орын теуіп, 2,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз атап көрсеткендей, мамандық мәселесіне байыпты қарап, болашағына бір сәт көз жүгіртіп, бағдарлай білген жанға Жамбылда жұмыс көп. Лайым, бұл жастарымыздың санасын жаңғыртып, еңбекке деген құлшынысын арттыра берсін. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.