Мәжіліс депутаты өз сауалында Мемлекет басшысының 2024 жылғы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында айтқан тапсырмаларын негізге алды.
«Мемлекет басшысы отандық агросектордың өзекті мәселесі – минералды тыңайтқыштарды жеткілікті деңгейде қолданбау екенін атап өткен болатын. Отандық өндіріс сұраныстың тек жартысын ғана қамтамасыз етеді», деді депутат.
Депутаттың мәліметінше, ішкі нарықтың минералды тыңайтқыштарға деген қажеттілігі жылына шамамен 2,3 млн тоннаны құрайды. Алайда отандық өндірушілер сұраныстың тек бір бөлігін ғана өтеп отыр.
«ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаты жылына 330 мың тонна болғанымен, ішкі нарыққа іс жүзінде жеткізілетін көлем 170 мың тоннамен шектеледі. Ал «Қазфосфат» ЖШС-ның қуаты 1 млн тонна аммофос өндіруге жетеді. Бірақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша 748 мың тонна өндіріліп, оның тек 186 мың тоннасы ішкі нарыққа жіберілген, 500 мың тоннадан астамы экспортқа кеткен. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ішкі нарыққа небәрі 27,8 мың тонна ғана сатылған», деп атап өтті депутат.
М. Ескендіров өндірістік-технологиялық факторлардың, соның ішінде сұраныстың маусымдық сипаты мен аммиак селитрасын сақтау мерзімінің шектеулілігі (6 айға дейін) өнімді жинақтауға мүмкіндік бермейтінін айтты.
«Бұл минералды тыңайтқыштар импортының 2023 жылғы 552,3 мың тоннадан 2025 жылы 699,7 мың тоннаға дейін өсуіне әкелді. Импортқа тәуелділік жылдан жылға артып келеді. Бұл әлемдік бағаның әсерін күшейтіп, өнімнің қолжетімділігін төмендетеді. Мысалы, Ормұз бұғазының бір айға жабылуы әлемдік бағаны екі есеге – 300 доллардан 550 долларға дейін өсірді», деді ол.
Депутат Қазақстандағы тыңайтқыш қолдану деңгейін басқа елдермен салыстырып, статистикалық деректерді келтірді:
«Бір гектар егістікке себілетін тыңайтқыш мөлшері әлемде орташа есеппен 150-160 кг құраса, Қытай мен Вьетнамда 350-460 кг, Еуроодақта 140-180 кг, Беларусьте 180-200 кг, Өзбекстанда 200 кг. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 25-35 кг деңгейінде қалып отыр. Бұл біздің ауыл шаруашылығының өнімділігіне кері әсер етеді».
Сондай-ақ Мұқаш Ескендіров шикізатқа (күкірт пен табиғи газға) қолжетімділіктің шектеулі екенін және бағадағы теңсіздікті өткір сынға алды.
«Теңізшевройл» күкіртті «Самұрық-Қазына» кәсіпорындарына 2031 жылға дейін жеңілдікпен (38-57 мың теңгеден) берсе, «Қазфосфат» пен «Еврохим-Қаратау» үшін баға 85-164 мың теңгені құрайды. Ішкі тұтынушылар үшін бірыңғай баға саясатын орнату қажет. Әйтпесе, импортқа тәуелділік пен шикізат тапшылығы азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді», деп түйіндеді депутат.
Депутаттық сауал аясында Үкіметтен мынадай жүйелі шаралар бойынша ақпарат сұралды:
- Агрохимия саласын дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру;
- Отандық өндірушілерді стратегиялық шикізатпен (күкірт, газ) арнайы баға бойынша қамтамасыз ету;
- Жаңа өндіріс орындарын ашу және импортты алмастыру.