16 Шілде, 2010

КОРОЛЬ ӘЛЕМ КУБОГЫ ТӘЖІН “КИДІ”

607 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Африкада бір ай бойы күндіз-түні жалғасқан футбол тойы тарқады. Әлем чемпионатының соңғы матчында Голландия құрамасымен кездесіп, жеңіске жеткен “Фурии рохи” (“Қызыл фурия”) командасы тұңғыш рет әлем кубогын алақанына аялаған күйі Пиреней түбегіне аттанды. Осы күні Висенте дель Боске бастаған Испания құрамасы біраз тынығып, әлем чемпионы атағын бойларына сіңіріп алғаннан кейін Мадридтің “Барахес” әуежайына бет алды. Бұл жер әлем чемпион­дарын қарсы алуға жан-жақты дайындалғаны бірден көзге ұрады. Интернет-сайттарда испанның фут­бол қаһармандарын қарсы алу рә­сіміне куә болған жанкүйерлер­дің пікіріне қарағанда, әуежайға қау­малаған жұртшылықтың жи­нал­­ға­ны соншалық, олар отан­дас­тарын тіпті футболшылар мінген ұшақтың двигателінің дыбысын он орап кететіндей жағдайда қуа­ныштары қойындарына сыймай қарсы алып­ты. Ал ұшақтың өзінде “Чем­пион­дар” және “Біз ұлттық құрамамен әрқашан мақтанамыз” деген ұрандар жазулы болған екен. Сөйтіп, Испания құрамасын әуежайдан қарсы алу рәсімі аяқ­тал­ған соң команданың барлық мү­ше­сі король Хуан Карлос І мен оның зайыбы Софияның қабыл­дауында болды. Осы жерде ко­роль сал­та­н­ат­ты түрде ұлттық құ­рама­ны тама­ша жеңісімен құт­тықтап, сөз сөйледі. “Испания барлық елдер үшін, әсіресе бо­лашақ ұрпақ үшін нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Біздің жігіттер Испания халқын біріктіріп, ар­ма­нымыздың орын­да­луы­на қомақты үлес қосты. Сіз­дердің барлық­тарыңызға Испа­ния халқы атынан алғысымды білдіре отырып, біздің құрама құрмет тұ­ғы­рының ең биік сатыларынан көрі­не­тініне әрқа­шанда сенімдімін”, – деген пікі­рін білдірді. Салтанатты рәсімде  команда капитаны Икер Касильяс монархқа өзінің аты жа­зылған ұлттық құраманың жейдесі мен уақытша болса да ұстап тұруға әлем кубогын табыс етті. Осыдан кейін әлем чемпиондары Пре­мьер-министр Хосе Луис Родри­гес Сапатероның қабылдауында болды. Кездесуде жылы лебіздер айтылды. Соның бірінде Үкімет басшысы ұлттық құрама­ның фи­нал­да жеңіске жеткенінде көңілі бо­сағанын жасырмады. Кездесуден соң Испания құрамасы Премьер-министрдің резиденция­сынан бас­тап Мадридтің барлық көшелерін автобустың үстіне шы­ғып аралады. Оларды көшенің бойында мил­лиондаған халық ду-қол шапа­лақ­пен шығарып салып отырды. Кей­бір деректерге қара­ған­да, сол күні отандастарына құр­мет көрсеткен жанкүйерлер саны 1 миллионнан асып жығылыпты. Осы күні Мадридтен басқа  Испа­нияның Барселона, Валенсия, Севилья мен басқа да қалаларында әлем чем­пион­дарына құрмет көрсетіліп, түні бойы от шашулар шашылып, бір ай бойы Африкада болған футбол тойы одан әрі жалғасты. Осы кезде әлем чемпиона­ты­ның күміс жүлдегерлері Голландия құрамасын да жанкүйерлері лай­ық­­ты деңгейде қарсы алды. Олар­ды Амстердамның халықаралық әуе­жайы­нан түскен бойда жүзде­ген жер­гілікті жанкүйерлер қарсы алып, гүл шоқтарын беріп, жа­рыста жақсы өнер көрсеткендерін айтты. Онда команда атынан сөз сөй­леген бас бапкер құрама­ның же­ңіске жетуі үшін қолда бар жағ­дайдың бәрін жасағанын атап көр­сетті. Дегенмен, ойыншы­лар­дың Голландия құрамасының осы­мен үшінші рет әлем чемпионы атана алмай, тағы да күміс жүлдені қана­ғат тұтқанына жандары батып тұр­ға­ны жүздерінен көрініп тұрды. Голландияның хавбегі Уэсли Сней­­дер финалдан соң, төреші­лер­дің жұмысын теріс баға­лайтынын, ол бүкіл әлемге ұят болды деп, Ин­ьес­та­ның голы оф­фсайд­тан соғыл­ғанын, ойынның со­ңында төре­шінің Испа­нияға қарай бұрыштама доп беру­дің ор­нына допты қар­сы­лас­тарына әдейі бере сал­ға­нына наразы­лық білдір­ген болса, фи­налда екі тамаша мүм­кіндікті жібе­ріп алған Арьен Роббен Касильяс­пен екінші рет бетпе-бет кел­генінде оны Карлес Пуйоль жейдесінен тар­тып құлатқанын, ал бірінші мүм­кін­дік­ті ол өзінің кінәсінен жіберіп ал­ғанын айтқан болатын. Сөз орайы чемпионаттың ақтық айқасына ке­ліп тұрғанда Андрес Иньес­та­ның Голландия қақ­пасына соққан до­бын әке-шешесінің көре алма­ға­нын атап өткеніміз ар­тық етпес деп ойлаймыз. Оның әкесі Ис­па­нияның барлық ойындарын көр­ме­генін айтса, шешесі Фуэи­теаль­бильи деген Андрес Иньеста туған қаладағы кафе-барлардың бірінде Голлан­дияның ұлына қарсы “дө­рекі” ойындарын қарай алмай, бірнеше секөнтке сыртқа шығып кет­кенінде баласының соққан голын жіберіп алыпты. Ал Иньес­таның өзі финалда соққан осы добын өзінің өткен жылы қайтыс болып кеткен досы, “Эспаньол” коман­дасында өнер көрсеткен Дани Харкеге арнағаны белгілі. Енді Испания келесі ойынын Аргентина құрамасымен өткізеді. Осы жылдың 7 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өтетін жол­дастық матчта “қызыл фурия” “аль­бисе­лес­таны” тағы да же­ңетіні­не сенімді. Естеріңізге сала кетсек, қос коман­даның арасында болған ал­ғашқы ойын 2:1 есебімен испан­дардың пайдасына шешілген бо­ла­тын. Ал Марадонаның құрамасына келетін болсақ, олар келесі ойы­нын 11 та­мыз күні Ирландияға қар­сы өт­кізеді. Қазір Аргенти­на­ның футбол ассо­циациясы Диего Армандо Мара­до­намен тағы да төрт жылға келі­сім-шартты ұзар­туды жоспар­лауда. АФА прези­ден­ті Хулио Грондо­на­ның айтуынша, Марадона сияқты ғасырда бір туа­тын ғажап ойыншы­ны отандас­та­ры бапкер ретінде де бағалап, әр­қашан онымен мақта­нып жүретін болады. Енді әлем чемпионатына қа­тыс­ты тағы бір дерек келтірсек, биылғы дода ең көп ойын ережесі бұзылған жарыс болып отыр. Мұнда Жапонияның  ойыншысы Кейсуке Хонда 19 рет ереже бұзса, голландиялық Марк Ван Боммель мен испан Серхио Рамос 17 рет ойын ережесіне қарамаған болып шықты. Жалпы чемпионатта 261 рет ойын ережесі бұзылыпты. Соң­ғы жарыстармен салыстырсақ, 2006 жылы Германияда өткен додада 346 рет ойын ережесі бұ­зы­лып, фут­болшыларға 26 рет қы­зыл қағаз көр­сетіліпті. Ал биылғы чемпио­натта төрешілер ойыншы­лар­ға 17 рет қалтасынан қызыл қа­ғаз алып шыққан екен. Тағы бір атап өтетін нәрсе, осы жылғы жа­рыста 145 доп соғылса, 2006 жылы қақпашылар қақпадан – 147 рет, 2002 жылы – 161 рет, 1998 жылы – 171 рет доп­ты алып шыққан. Дастан КЕНЖАЛИН. Бәсекенің бюджеті Жұмсалған жерлері          көлемі (АҚШ долларымен.) Көлік      1,2 млрд. Стадиондар          1,12 млрд. Ұйымдастыру комитеті    428 млн. Тікелей көрсетілім             387 млн. Әуежай, вокзал   200 млн. Қауіпсіздік           89 млн. Телекоммуникациялар    40 млн. Мәдени шаралар               20 млн. Еріктілерді дайындау        3 млн. Футболға қатысты басқа жобалар    45 млн. Барлығы               3,5 млрд. Мундиаль терминдерінің мағынасы Бафана-Бафана – жергілікті жан­күйер­­лердің атайтын ОАР құрама­сы­ның атауы. “Бафана” – зулус тілінде “жігіт­тер” деген мағынаны білдіреді. Сонда “Ба­фана” зулусша екі рет қайталанса “мықты жігіттер” деген мағынаны береді екен. “Вака-вака” – ағылшын тілінен ау­дарғанда мундиальдің ресми әнінің атауы. Ағылшын тілінде ол “Thіs tіme for Afrіca” (“Африка уақыты”) деп аталады. Вувузела – африкалықтардың фут­­болға апаратын бір метрлік ұлттық аспа­бы. Ол ызың шығарып, алаң ие­ле­ріне қарсы ойнап жатқан коман­да­ның ызасын шығару үшін арналған ба дейсіз. Қазір осы үлкен сыбызғыны әлем­нің бар­лық жеріндегі жанкүйер­лер сатып алып жатқан көрінеді. Оның көбін Ұлыбританияның жанкүйерлері ин­тер­нет арқылы сатып алуда деген дерек бар. Джабулани – чемпионаттың рес­ми добының атауы. Зулус тілінде ол “мерекелеу”, “тойлау” деген мағына береді. Сонда қақпашылардың осы допты ұстағанының өзі мереке болады екен ғой деген ой келеді. Закуми – леопард белгіленген турнирдің талисманы. Макарапа – жанкүйерлердің шахтерлердің каскасына ұқсас бас киімі. Ол “жұмысшы мигрант” деген мағына береді. Кезінде жанкүйерлер бір-біріне ыдыс және басқа да заттар лақтырғанда қорғану үшін каска киіп, футболға баратын болған деседі. Сол кезде кейбір фанаттар оны түрлі-түсті бояуға бояп, сурет салып, ою-өрнектермен өрнектегенді жөн көріпті. Содан макарапа шығыпты. Соуэто – Йоханнесбургтің үш қауіпті ауданының бірі. Мұнда жүрген адам талтүстің өзінде де қалтасынан қағылуы әбден мүмкін.