28 Ақпан, 2015

«Назарбаев Ассамблея құруымен-ақ тарихта қалар еді» – дейді түркиялық бауырларымыз

312 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДААстанада «Astana-Ankara» қазақ-түрік медиа-конференциясы өтті. Бұл шараның бағыты – екі елдің ақпараттық кеңістігі аясын кеңейтумен қатар, ашық үнқатысу алаңында мәдени байланыстар қалыптастыру. Медиа-форумды Бас редакторлар клубы ұйымдастырды. Жиынды Бас редакторлар клубының президенті, «Жетінші арна» директорлар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай ашты. Еліміздегі 250-ге жуық БАҚ басшыларын біріктіріп отырған Бас редакторлар клубының жетекшісі, ең алдымен, бұл шараға қолдау танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясына, журналистер қауымы­на алғысын білдірді. «2015 жыл – Қазақстан үшін ерекше жыл. Президент Жарлығымен бұл жыл Ассамбея жылы деп жарияланды. Бүтіндей бір жылды Ассамблеяға арнауымыздың себебі не? Мызғымас бірлік пен бұлжымас татулықты ту еткен еліміздегі ең белді институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының дәл бүгінгі өміріміздегі маңыздылығы қандай? Қоғамдық тұрақтылықты және ұлт­аралық келісімді қамтамасыз етуде БАҚ-тың рөлі қандай? Осы және өзге де сауалдар бойынша біз бас редакторлар, ғалымдар, қоғам, мемлекет қайраткерлері, саясаттанушылар мен түркиялық әріптестеріміз ой бөлісетін болады. Бұл – медиаконференцияның алғашқы талқыға түсетін тақырыбы. Екінші тақырыпты «бұқаралық ақпарат коммуникациялары мен құралдарының аймақтық қауіпсіздік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне» арнадық. Қазіргі таңда дәл осы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері әр үйдің асханасында да, әлемдік жоғары мінберде де жиі қозғалатыны шындық. Жылдар бойы бүкіл жаһанның назарындағы Ауғанстаннан алыс емес Қазақстан үшін де, дүние жүзі секемденіп отырған Сириямен шекаралас Түркия үшін де дәл осы аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық деген жалпылама сөз емес. Әлеуметтік желілердің жанталаса, жағаласа өтірік-шыны аралас ақпарат таратып, табыс пен рейтинг қуған бұқаралық ақпарат құралдарының дәйекті ақпар таратудан қалып бара жатқаны онсыз да дүрліккен дүниенің үрейін ұшырып жатқаны рас. Ендеше, кәсіби әріптестерімізге осы бағытта қандай оңтайлы ой айта аламыз? Инновациялық медиа революцияны бастан кешіп жатқан кезде БАҚ-тың жауапкершілігін, абыройын қалай арттыра аламыз? Медиа-конференцияда талқыланатын бұл тақырып та қызықты да пайдалы болатынына сеніміміз мол», деді Б. Жексенбай. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған Қазақстан халқы Ассамбеясы Төраға­сының орынбасары Ералы Тоғжанов бұл кездесу Ассамблеяның негізі қалануының 20 жылдығына орай өтіп отырғанын, себебі, осыдан 20 жыл бұрын Елбасы ҚХА-ны құру туралы Жарлыққа қол қойғанын тілге тиек етті. «Бұл ұлтымыздың бірлігінің, бейбітшілік саясатының тәуелсіз Қазақстанда қалыптасуының үлкен бір белесі деуге болады. Сол кезде бәлкім кейбір азаматтар күмәнданған шығар. Ассамблеяның негізгі бағыты мен бағдары қандай болады деп ойланған шығар. Өткен өміріміздің, өткен 20 жылдық тарихымыздың өзі Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыты да, бағдары да қоғамдық келісім екенін іс жүзінде дәлелдеп, айқындап отыр. Біз 20 жылдық белесті жай атап отырған жоқпыз. Оның ар жағында сөз жоқ, еліміздің басынан өткен әртүрлі саяси, қоғамдық өмірі көрініс табады», деді Ералы Лұқпанұлы өзінің сөзінде. Ол «биылғы жыл ҚХА-ның жылы деп тектен тек аталып отырмағанын, яғни бұл Ассамблеяның мерейтойын тойлау үшін аталып өтпейтінін, керісінше, ой ойлауға жетелейтін жыл екендігін» жеткізді. Сонымен, бұл күнгі «Қоғамдық және конфессияаралық келісім. Өзара сенім мен өркендеу жолы» тақырыбында өткен 1-ші үнқатысу алаңына қатысқан Түркі академиясының профессоры, ­фи­лология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, ғалым, дінтанушы, филосо­­фия ғылымдарының докторы Ғарифол­ла Есім, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ЮНЕСКО этностық және діни толерант­тылық кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, «Бүгін ТВ» ток-шоуы­ның жүргізушісі Еркам Туфан Айтав, Ан­карадағы қалалық «Жаңа ғасыр» газетінің өкілі Ахмет Такан осы мәселе төңірегінде өздерінің ой-пайым­дарымен бөлісті. Бұл отыры­с­қа модераторлық жасаған «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиа­лының директоры Арсений Дүйсенов қоғамдық келісім, этносаралық татулық мәселесінің өте нәзік әрі өзекті екеніне тоқталды. «Қай заманда да, қай мемлекетте де болсын, қоғамның бірыңғай, біртұтас, бір ойлы, бір пікірде болуы мүмкін емес. Дегенмен, түрлі үдерістер мен құбылыстарға байланысты қоғамдағы әртүрлі топтардың бір-біріне ұқсамайтын пікірлері мен қағидаларының, ұстанымдарының болуы заңды. Бірақ, кез келген қоғам біріге алады, келісімге келе алады. Сондық­тан, тұрақтылық пен келісімге қандай жол арқылы баруға болады деген сауал бүгінде өте өзекті болып тұр», деді ол өз сөзінде. Арсений Дүйсеновтің сөзін жалғас­тырған Ғарифолла Есім қоғамдық келісімнің өте ауқымды ұғым екеніне тоқталды. «Конфессияаралық келісім, діни келісім мәселесі Президенттің бастамасымен халықаралық деңгейге көтерілді. Бұған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 4 съезі өткені дәлел. Бұл – әлемнің ешбір жерінде, ешбір аймағында болмаған оқиға. Әр діннің өкілдерін бір үстелдің басына отырғызу – ауыр жұмыс. Оларды бір мақсатқа жұмылдыру, бейбітшілік, тұрақ­тылық, келісім, азаматтық құнды­лықтар ұғымдары аясындағы ой-пікірлерін тыңдау – сирек кездесетін жағдай. Бүгінде бұл бастама нәтижелі жүзеге асып келеді. Яғни, біз осы арқылы мұндай үнқатысу сұхбатының халықаралық деңгейге көтерілгеніне көз жеткіземіз», деді ғалым. Әділ Ахметов Астана мен Анкара­ның арасында осындай іс-шараның ұйым­дастырылуы өте құптарлық жайт екенін атап өтті. «Мен мұндай шара­ның Анкарамен басталғанына қуанып отырмын. Өйткені, Түркия мен Қазақ­стан Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақ­тастық кеңесіне кіретін мемлекеттер», деді. «Жаңа ғасыр» газетінің өкілі Ах­мет Такан бүгінде Түркия үшін этнос­ара­лық топтар арасында туындайтын түсініспеушіліктер мен кикілжіңдер өте өзекті мәселе болып саналатынын жет­кізді. «Бүгінде Түркияда түріктер мен күрдер арасында түрлі кикілжіңдер болып тұрады. Мұны ашық түрде айту керек. Бұл мәселелер қоғамдағы жағдайлармен де тығыз байланысты. Біз әрине, қиындықтардың алдын алуға барынша тырысамыз. Қазіргі таңда бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – өзара түсіністік және үнқатысу», деді А.Такан. «Бүгін ТВ» ток-шоуының жүргізу­ші­сі Еркам Туфан Айтав Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассам­блеясын құрған еңбегіне ерекше жоға­ры баға берді. «Назарбаев Ассамблея құруымен-ақ тарихта қалар еді», деді түркиялық қонақ. «Бұқаралық ақпарат коммуникациялары мен құралдарының аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз етудегі рөлі» тақырыбында өткен 2-ші үнқатысу алаңында да көптің көкейінен шыққан пікірлер айтыл­ды. Отырысқа қатысушылар бүгінде ақпа­рат­ – алып қару екеніне, сондық­тан, оның рөлі де айрықша болып отырғанына тоқталды. Мәселе, Қазақстан азаматтық Альянсының президенті Нұрлан Ерім­бетов «Ақпарат біздің санамызға әсер етпей қоймайды. Кез келген ақпарат соғыс өртінің тұтануына да, я болмаса, татулықтың орнауына да әсер етуі мүм­кін. Бұл – өте нәзік мәселе», десе, Ұлт­тық музейдің директоры Дар­­хан Мың­бай: «Қазір дүниеде ең қым­­бат нәрсе – ақша емес, ең қым­бат нәрсе – ақпарат. 2012 жылы Жур­­налистер әдебінің кодексі қабыл­дан­ған болатын. Дәл осындай халық­ара­лық әдеп кодексі де бар. Ең алды­мен, осы кодекстің қаншалықты жұмыс істейтінін, қаншалықты пайда әкелетінін журналистердің өзі анық­тауы керек. Бұл қатып қалған заң емес. Бірақ, адамға рухани, мәдени, тіпті, адам­гершілік, имандылық тұрғысы­нан жауап­кершілік жүктейді. Сондықтан, осы мәселе алдыңғы қатарға шық­қанда ғана, журналистер өздерінің жауапкершілігін айрықша сезіне бас­тайды деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, қазір журналистикада шек жоқ», деген ойымен бөлісті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».