28 Наурыз, 2015

Тарихшы мақсаты – сананы сілкінту

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
28-03-15-amonzolАманжол Күзембайұлы университет қабырғасында жүргенде-ақ Қазақстан тарихымен, археологиясымен, антропологиясымен айналыса бастаған. Талабы бар жасқа жақсы жолбасшы-ұстаз жолықты. Белгілі ғалым, антрополог Оразақ Смағұлов экспедициясының құрамында Қазақстанның көп облыстарын аралады, зерттеу жұмыстарына қатысты. Оразақ Смағұлұлы – тек қазақтың ғана емес, әлем тарихының қыр-сырын терең меңгерген ғалым. Күндіз зерттеулер жүргізген экспедиция мүшелері кешке Оразақ ағаның ғылым тұңғиығына тартатын қызықты әңгімелерін тыңдайтын. Үш жыл бойы Оразақ ағасының экспедициясымен жүру Аманжол үшін жөні бөлек университет болды. Аманжолдың тарихшы болып қалыптасуына белгілі ғалым Манаш Қозыбаевтың ықпалы орасан еді. 1972 жылы Қарағанды уни­верситетінің ашылуына орай жаңа білім ордасында «Қарағанды тарихшылар мектебі» деп аталатын ғалымдар тобының қалыптасуына үлес қосқан, бастауында тұрған да өзі болды. 1986 жылғы жас­тардың Желтоқсан дүмпуі, одан кейін егемендігіміздің, Тәуелсіздігіміздің келуі тарихшы ғалым санасында да жаңғырудың болуына ықпал етті. Сондықтан халқымыздың, мемлекетіміздің тарихына жаңа көзқараспен қарауды бастағандардың ал­ғашқы легінде Аманжол Күзем­байұлының болуы заңды еді. Оның тарихымызға жаңа көз­қарасы нақты ғылыми еңбек­термен және жас ұрпаққа керекті игілікті істен көрінді. Ол Қазақстан тарихын енді ар жағынан күн көрінетін жұқа оқулықпен оқытуды жас ұр­пақ алдындағы күнә деп білді. Оқулық жазуға кірісті. Ол оқулықта қазақ тарихының күрделі мәселелері жаңа көз­қараста талданып, ұлттық тұр­ғыдан көрініс тапты. Аманжол Күзембайұлы 80-жылдардың аяғында алдымен Оқу министрлігі мен сол кездегі Қазақстан Компартиясы  Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке хат жолдап, Қазақстан тарихын балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі мекеме­лердің оқу жоспарына енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Көп кешікпей, ол министрліктен орта мектептер үшін пән бойынша оқу бағдарламасын жасауға тапсырма алды. – Біздің тарихшыларды дайындайтын мемлекеттік стандарттарда «Тарих теориясы» деп аталатын пән мүлде жоқ. Ал бұл пән тарихшы мамандарды дайындау үдерісінде ерекше орын алады. Өкінішке қарай, тарихтың әдіснамасының ХІХ ғасыр басында негізгі ұғымдары қалыптасқанымен, осы күнге дейін оған мән бе­рілмей келеді, – дейді тарихшы Аманжол Күзембайұлы. Ғалымның пікірінше, тарих факультетінде тарихты оқыту «тарих ғылымының теориясы» пәнінен басталуы тиіс. Өйткені, осы ғылымды түсінбей, тарих деп аталатын сан қырлы, әр салалы, ХІХ ғасырдың орта шенінде «ғылымдар патшасы» атанған ғылым саласын толық меңгеру мүмкін емес. Тарихшы ғалым қазір осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Қостанай мемлекеттік педаго­гикалық институтында 2004-2005 оқу жылынан бастап, «Тарих ғылымының теориясы мен әдіснамасы» пәнінің оқы­тылуына мұрындық болды. Ең бастысы, ол жазған оқулық Қазақстан жұртшылығының тарихи санасының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Аманжол Күзембайұлы – Тәуелсіздік алған соң қазақ тарихына алғашқылардың бірі болып, жаңаша көзқараспен талдау жасаған ғалым. Ол Қазақ хандығы тікелей жалғасы болып табылатын Алтын орда мемлекетін кеңестік дәуір құ­лаққа сіңірген теріс пікір­лерден аршып алды. – Алтын орда – орыстар қойған ат. Оны сол кезеңде Ұлық ұлыс деп атаған, яғни Шыңғыстың үлкен ұлы Жошының ұлысы дегенді білдірген. Кеңес Одағы кезінде біздің тарихымыз туралы империялық қана көзқарас «патшалық» құрды. Орыс ға­лымдары Алтын орданың тек көлеңкелі жағын ғана айтты. Ал оның жақсы жақтары көп болды. Мысалы, көшіп-қонып жүрген барлық түркі тайпаларының басын қосып, мемлекет құрды. Әртүрлі дінге бағынған түркі тайпаларының барлығын ис­ламға бағындырды. Ұлы далаға исламмен бірге мәдениет, араб алфавиті арқылы білім, араб философиясы, географиялық, астрономиялық, медициналық, тағы басқа ғылымдар келді. Алтын орда заманында Еуразия даласының 90 пайызын түркілер ұстады. Ал Ноғай ұлысы мен Сібір хандығы қазақ тарихының бөлінбес бір бөлшегі, – деп таратады қазақ жерінің тарихын ғалым. Жаңашыл тарихшы Аман­жол Күзембайұлы Қазақ хан­дықтарының Ресейге өз еркімен қосылуы туралы қызыл империя кезінде әбден құлаққа сіңіп, орнығып қалған пікірді тас-талқан етті. Ол ХVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ даласындағы көтерілістерді Ресей патшалы­ғының отаршылдығына қар­сылық деп тануды ұсынды. Бұл қарсылықтар отаршылдыққа үлкен соққының нышаны болатын. Ақиқатында ХVIII ғасырда қазақ хандары мен Ресей арасындағы қатынас шектелді, ешқандай да өз еркімен қосылу болған жоқ. Ғалым осылай тұжырымдайды. Аманжол Күзембайұлы Қарағанды, Қостанай, Петропавл қалаларындағы жоғары оқу орындарында жастарға білім берумен қатар, ғалым шәкірттер дайындады. Қостанай тарихи зерттеу аймақтық институтын ұйымдастырды. Ол Қазақстан тарихының өзекті мәселелері жөнінде 200-ден артық ғылыми мақала жазды. Бүгін жеті белеске көтерілген ғалым әлі де жастарды білім нәрімен сусындатып келеді. «Әр пенде үй салуы, ұрпақ өсіруі, тал егуі керек» деген даналар сөзінің де үдесінен шықты. Жұбайы тарих ғылымдарының кандидаты Тамара Қайыржанқызы екеуі үш ұл өсіріп, немере сүйіп отыр. Тарихшы үшін басты марапат – сананы сілкіндіру. Бұл ғалымның өзіне төбенің басына шыққандай мерейлі сезім сыйлайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.