АСТАНА. 18 тамыз. Бүгін «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесіндегі алғашқы ойынын ойнайды. Қарсыласы Кипрдің АПОЕЛ командасы. «Астана Арена» спорт кешенінде болатын матч жергілікті уақытпен сағат 22:00-де басталады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ойынды «Таң» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді деп күтілуде. Осы ретте, «Таң» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының 2015-2016 жылғы маусымдағы ойындарын тікелей эфирде көрсету құқығына ие еліміздегі жалғыз телеарна екенін айта кетейік.
АПОЕЛ еурокубоктық турнирлерге 1963-1964 жылғы маусымнан бері қатысып келе жатқан тәжірибелі команда. Чемпиондар лигасында іріктеу сынындағы ойындарды қосқанда 66 матч өткізген. Оның 19-ында жеңіске жетсе, 18 кездесуді тең аяқтаған. Ал 29 ойында қарсыластарына есе жіберген.
Кипрдің командасы 2011-2012 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып қана қоймай, доданың ширек финалына дейін жетіп, жанкүйерлердің назарын аударған ұжым.
Өз кезегінде «Астана» бұл турнирдің дебютанты болып саналады. Себебі, 2009 жылы ғана құрылған клуб биылға дейін Чемпиондар лигасында ойнаған жоқ. Команданың кәрі құрлықтағы ең жоғары нәтижесі Еуропа лигасы іріктеу турнирінің плей-офф сатысы. Бұл сында «Астана» өткен маусымда өнер көрсеткен еді. Елордалықтардың жолына ол кезде Испанияның «Вильяреал» командасы тосқауыл болды.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі ойында «Астана» сәл ғана басымдыққа ие. Кейбір букмекерлік кеңселердің пікіріне сүйенсек, біздің клуб 1:0 есебімен жеңіске жетеді.
Айта кетейік, осы ойынға «Астананың» шабуылшысы Патрик Твумаси қатыса алмайды. Ол ХИК-ке қарсы қарымта кездесуде қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын.
Дегенмен, отандық жанкүйерлер болгар маманы Станимир Стойловтан тәлім алатын «Астана» ойыншыларының жеңісіне сенетінін әлеуметтік желілер арқылы білдіруде. Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, матчты стадионнан 30 мыңға жуық жанкүйер тамашалайды.
«Астана» мен АПОЕЛ арасындағы ойынға венгр маманы Виктор Кашшай төрелік жасайды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: 24.kz.