Спорт • Бүгін, 10:08

Иван Дычко жеңіліс көрмеген британдық боксшымен шығады

2 мин
оқу үшін

Олимпиада ойындарының қос бірдей қоласын иеленген Иван Дычко рингке қайта оралады. Келесі жекпе-жегін ол 6 маусым күні жеңіліс көрмеген британдық Харви Дайкспен өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Иван Дычко жеңіліс көрмеген британдық боксшымен шығады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко келесі жекпе-жегінің өтетін күнін және қарсыласын анықтады. 6 маусымда ол Англияның Борнмут қаласында өтетін Zuffa Boxing 07 турнирінде ауыр салмақта өнер көрсетеді.

Дычконың қарсыласы британдық Харви Дайкс. Ол кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген. Оның есебінде жеті жеңіс және бір тең нәтиже бар. Алайда британдық боксшы әзірге бірде-бір жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтамаған. Яғни, барлық кездесулері төрешілер шешімімен шешілген.

Дычконың жекпе-жегі бокс кешінің андеркартында өтеді. Бұл кештің басты оқиғасы – бірінші ауыр салмақтағы бұрынғы WBO чемпионы Крис Биллам-Смит пен канадалық Райан Розицки арасындағы айқас болмақ.

Былтыр қыркүйекте Дычко Теренс Кроуфорд пен Сауль Альварес қатысқан бокс кешінің андеркартында жеңіліс тапқан еді. Қазақстандық боксшы америкалық Джермейн Франклин-кішіге төрешілер шешімімен ұтылып қалды.

Қазір Иван Дычконың кәсіпқой бокстағы нәтижесінде 15 жеңіс (оның 14-і – нокаутпен) және бір жеңіліс бар. Әуесқой бокста Иван екі мәрте Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2012, 2016), Азия ойындары мен Азия чемпионатының жеңімпазы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Айта кетейік, Zuffa Boxing – UFC президенті Дана Уайт пен ықпалды промоутер Турки Әл-Шейх бірігіп құрған жаңа кәсіби бокс лигасы. Қазақстандықтар арасында Иван Дычкодан бөлек, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов те осы лигамен келісімшарт жасаған.

 

Соңғы жаңалықтар