16 Шілде, 2010

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ДАҢҒЫЛЫ

606 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қызылорда облысы әкімдігі мен “Самұ­рық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен аймақ кәсіпкерлеріне арналған бизнес-форум өткізілді. Индустриялық-инновациялық бағдарла­маның басым бөлігін жүзеге асырып отырған “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ даму институттары­ның жетекшілері мен аймақ кәсіпкерлерінің кездесуін ашқан облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов Елбасының “Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы­нан кейін елімізде экономиканы әртарап­тандыруға баса мән беріліп отырғанын жеткізді. – Елбасы Жолдауы жаңаша өрлеудің өрелі мүмкіндігі, жаңаша бағыттың бастауы болды, – дейді ол. – Бағдары мығым, мақсаты айқын осы құжат Қазақстанды дағдарыстың дауылынан аман алып қалды. Осының арқасында ел экономикасын дағдарыстан кейін де тұрақты қалыптас­тырудың жолы табылды. ҚР Үкіметінің қаулысымен елдің ұзақ мерзімді даму жоспары бекітілді. Қазір “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша экономиканың шикізат емес секторындағы жұмыс орындарын сақтау, тұрақты өндіріс орындарын ашу мен аймақтардағы кәсіпкерлік саланы дамытуда игілікті істер жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігі мен “Самұрық-Қазына” ҰЭҚ бірлесе ұйым­дастырып отырған бұл шара сол бағыттағы басым міндеттерді белгілеуге арналып отыр. Даму инс­титуттары мен облыс іс­керлерінің ба­сын қосқан форумда ай­мақта индус­триялық-ин­но­вациялық ба­ғыттың жү­зеге асырылу барысы да баян­далды. Аймақ бойынша республикалық индустрия­ландыру картасына жалпы құны 245 млрд. теңгеден асатын 54 жоба ұсынылса, қазір 10 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Серік Сермағамбетов осы жобалар қатарында Ақшабұлақта екінші газ өңдеу зауыты, Құмкөл кенішіндегі газ­турбиналық қондырғы, битум зауыты, “Ша­пағат сүт” ЖШС-нің нан зауыты, Қазалыдағы сүт-тауарлы фермасы тұрғындарын атап өтті. Елбасы бастамасымен өндірістің шикізат емес секторын дамыту шаралары Сыр бойында осылайша жүзеге асырылып жатыр. Үстіміздегі жылдың бірінші маусымында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша аймақтағы кәсіпорындарға 2-дәрежелі банктер бөлген несие 3,7 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, республика бюджетінен мақсатты трансферт есебінен қаралған 571 млн. теңге бизнес құрылымдары несиесін кепілдендіру, субсидиялау мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту секілді шараларға бағытталды. Бизнес форумда “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының қаржы және даму институттарын басқару жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеевтің сөзі бүгінгі шара мақса­тын тағы да айқындай түсті. Даму институт­тарының “Ашық есік” күні осыған дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ұйымдас­тырылған. Ел экономикасын әртараптандыру, индустриялық-инновациялық өрлеу жолында ресурстарды жұмылдырып отырған ұлттық әл-ауқат қоры мамандарының пікірінше, аймақтағы кәсіпкерлерге даму институттары жайлы ақпараттық түсіндіру әлі де толық жетпей жатыр. Осыған байланысты олар әр облыста ұтымды ұсынысы бар кәсіпкерлермен жеке кездесулер өткізіп, бизнесті дамытудың мүмкіндіктерімен таныстырды. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының даму институттары кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі тиімді бағыттарын ұсынады. Бизнес құрылымдарының өкілдеріне қазір қордың несиені қайта қаржыландыру, кепілдеме беру, лизингтік несиелеу қызметінің шарттары түсіндірілуде. Сонымен қатар қор сервистік көмек берумен де айналысады. Дағдарыс салқыны сезіле бастаған тұста “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ жергілікті тауардың ішкі рыногтағы айналымын қамтамасыз ететін шара қабылдады. Елбасы тапсырмасымен қорға қарайтын ұлттық компанияларды отан­дық өндірісті қолдауға міндеттеп, “қазақ­стандық үлес” деген ұғымды қалыптастырды. Жалпы, аймақта кәсіпкерлікті дамытуға демеу жасайтын даму институттарының негізгі талабы – жүйелі жоба, ашықтық және нақты кепілдеме. Форумға қатысушыларды “Қазақстан даму Банкі” АҚ басқарушы директоры Руслан Қыдырысов шағын кәсіптен ірі бизнеске дейін қолдаудың негізгі шарттарымен таныстырып өтті. Банк жалпы құны 5 млн. АҚШ долла­рынан асатын ірі жобаларды қаржыландырады. Сонымен қатар агроөнеркәсіптегі ірі жобаларды несиелендіреді. Бұл негізгі тіршілігі ауыл шаруашылығына байланысты біздің аймақ үшін тиімді ұсыныс. Бірақ жоба құны 20 млн. АҚШ долларынан жоғары болуы керек. Бизнес өкілдеріне банктің кәсіпорын­дарға несие беріп, әрі капиталына ортақтасып, қосымша қаржы құю арқылы қолдау шаралары да кеңінен таныстырылды. Қазір Ақшабұлақ кенішінен салынар ГТЭС құрылысын осы “Қазақстан Даму Банкі” АҚ арқылы қаржыландыру жоспарланып отыр. Форумда “БРК Лизинг” АҚ басқарушы директоры Рүстем Қарағойшин қандай да бір құрылғыны немесе өндірісті лизингке алу тәртібін түсіндірді. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқарушы директоры Ғабит Лесбеков кәсіпкерлерді шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар оны талдау мәселелерімен таныстырды. Осыдан 13 жыл бұрын құрылған қор мамандары жүргізілген зерттеу жұмыстары аймақта жалпы өнімнің 11 пайызы орта және шағын бизнес саласына тән екендігін көрсетіп отыр. 2007-2009 жылдары мемлекет шағын және орта кәсіпті қаржылай қолдауға 410 млрд. теңге бөлсе, соның 12 млрд.-ы біздің аймақтан 400-ден астам кәсіпорынды қаржыландыруға жұмсалды. Хабарламашы “Даму аймақтар-2” бағдар­ламасына орай кәсіп иелерінің жергілікті әкімдіктер басымдық берген жобаларды жүзеге асыруға қатысса, 10 пайыздық сыйақымен несие алуға мүмкіндігі бар екендігін де айтып өтті. Сонымен қатар “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” V әйелдер форумында Мемлекет басшысы көтерген мәселеге орай бизнестегі нәзік жандыларды қолдаудың  тетігін қалыптастырды. Ол бойынша кәсіпкер әйелдердің екінші дәрежелі банктерден 14 пайыздық сыйақымен несие алуға мүмкіндігі бар. Қордың “Бизнес-кеңесші” бағдарла­масына сәйкес облыста 370 адам білім алды. Осыдан кейін “Инвестициялық қаржылық корпорация” АҚ басқарушы директоры  Асқар Сытыш, “Қазына капитал менеджмент” АҚ департамент директорының міндетін атқарушы Бақтияр Батырбек және “Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру және мемлекеттік корпорация” АҚ департамент директоры Қаныш Баешов өз құрылымдары бойынша кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралар жайында айтып берді. Форумға қатысушылар облыстағы инвес­тициялық жобалармен танысты. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аймақ бойынша 16 жобаны даму институттары жетекшілерінің назарына ұсынды. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА. ҚЫЗМЕТТІК ЖАҢА КӨЛІКТЕР Тәртіп бар жерде табыс бар. Осы орайда қоғамдық тәртіп сақшыларына жүктелетін міндет пен жауапкершілік ауқымы зор деуге болады. Ал, осы үдеден көріну үшін әлбетте сала қызмет­керлерінің кәсіби шеберлігі мен табандылығына қоса оларды материалдық-техникалық жағынан нығайту қажеттігі туындайды. Облыста бұл мәселенің күрмеуі шешіліп, ағымдағы жылы осы мақсатқа бюджеттен 388,5 млн. теңге бөлінсе, оның 250 млн. теңгесіне әртүрлі маркадағы жаңа автокөліктер сатып алынған. Талдықорған қаласында өткен жиында облыс әкімі Серік Үмбетов халықтың тыныштығы мен заңдылықты сақтау полиция­ның басты міндеті екенін айтып, осы реттегі қалыптасқан жағдайды ортаға салды. Салтанатта 32 автокөлікті жол полициясы басқармасына, 62 автокөлікті патрульдік полицияға, 15 автокөлікті жедел қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Жайлаубек Кембаев адам құқығын сақтау мен қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту, қылмыстың алдын алудағы атқарылған шараларға, алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды. Бүгінгі салаға көрсетілген қомқорлық – азаматтардың жеке мүмкіндіктері мен Конституциялық құқықтарын қорғаудағы жұмысты одан әрі жақсартуға ықпал ететіндігін де атап айтты. Шаһардың көрікті келбетін қалпында ұстау мен коммуналдық қызметті одан әрі жақсарту үшін қоқыс тазалайтын, жүк тиейтін, бульдозер, автокран, тағы басқа 12 автокөлік те осы күні аталған сала меншігіне берілді. Жалпы коммуналдық шаруашылық саласына қажетті құрал-жабдық алуға облыстық бюджеттен 152 млн. теңге қаржы бөлініп, апатты жағдай бола қалғанда құбырдың қай жерінен жарылғанын жедел анықтайтын экранды қондырғы, жылу трассасына диагностика жасайтын автокөліктермен толықтырылған. Жаңа автокөліктердің кілтін алған жүргізушілер өздеріне жасалған қамқорлыққа алғыстарын айтып, өз міндеттерінде жауапкершік танытатынын жеткізді. Күмісжан БАЙЖАН. БІЛІМГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ Білім және ғылым қызмет­керлерінің ІІ сьезінде Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең ойшыл, білгілеріңіз келсе, ең “сынампаз” бөлігі болып табылады. Білім саласы қызметкерлерінің отаншылдығы халықтың басқа буындарымен салыстырғанда анағұрлым ауыр қиындықтарды бастан кеше оты­рып, жастарға өзінің бойын­дағы бар білімін беріп қана қоймай, оларды адамдық, адал­дық, тазалық, гуманизм, Ота­нын сүйе білу секілді асқақ сезімдерге тәрбиеленуімен танылады” деп, ұстаздың қоғам өмірінде алатын орны мен атқа­рып отырған асқарлы міндетте­рінің айрықша маңызын ашып көрсеткені мәлім. Жуықта елі­міздің солтүстік облыстарға жа­саған сапарында Үкімет басшы­сы Кәрім Мәсімов те ұстаз, мектеп пен денсаулық мәселесі Үкімет жұмысында қашанда болсын басты орында тұратын­дығын айтты. “Халық біздің жұмысымызды осы салалардағы жетістіктерімізге байланысты бағалайды” деді. Осы сөздің растығына, ел басшылығының білім мен денсаулыққа мән беретіндігіне мен жас маман ретінде куә болып жүрмін. Мен қызмет ететін Астана қаласындағы №51 мектеп жаңа ғимаратқа орналас­қан. Бұл мектепті 2005 жылы Елбасының өзі келіп ашқан болатын. Иә, білім саласының дамуы ең алдымен осы салаға жаса­латын қамқорлыққа көп бай­ланысты. Қазір бізге мемлекет тарапынан мүмкіндігінше қам­қорлық жасалуда. Жуықта ғана біздің мектепке “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы жаңа спорт алаңын салып берді. Осындай жақсылықтардың нәтижесі мектептегі білім сапа­сынан көрінуде. Мектебімізде соңғы үш жылдан бері ғылыми жұмыстар республикалық дең­гейге шықты. Қоғамдық жұмыс­тар деңгейі де жоғарылай түсуде. Әртүрлі білім жарыстарында оқушыларымыз бен түлекте­ріміздің қол жеткізген жетіс­тіктері қаншама. Биыл науырыз айында мектебіміз бес жылда бір болатын кешенді тексеруден өтіп, соның нәтижесінде гимназия мәртебесіне ие болды. Мектебімізге Мұстафа Шоқай аты берілмек. Осы жағдай­лардың барлығы мектеп директоры Күлімхан Дүйсенова бастаған біздің ұстаздар қауымын жаңа жетістіктерге құлшындырып отыр. Қазіргі білім мазмұны деп жүргеніміз – мектепті жаңалау, білімді, тәрбиені әлемдік білім беру жүйесіне қарай ыңғай­ластыру. Бұл міндетті өмірге ен­діріп, жүзеге асырушы – мектеп мұғалімі, ұстаз. Сондықтан да үздіксіз білім жүйесі қазіргі таңда да сол мемлекеттің тия­нақтылығын қамтамасыз ететін стратегия мен үлкен саясатқа айналып отыр. Елдің іргетасын бекітетін де, экономикасын нығайтатын да, рухани қауіп­сіздігін толық қамтамасыз ететін де жүйелі жұмыс істейтін мектеп пен білікті маман көмегімен берілетін терең білім. Қалыптасқан жаңа жағдайда, мемлекеттің білім беру саласындағы саясаты тәрбиелі де өнегелі, парасатты да салмақ­ты, ішкі жан дүниесі бай, адамгершілік түсінігі мол әрі ұлттық және дүниежүзілік жетістіктерді қоғамдық өмірдің кез келген саласында дамытуға қабілетті жеке тұлғаның қалып­тасуына бағытталуы тиіс. Өйт­кені, ұлтымыздың кемелді келе­ше­гінің ең басты кепілі – сапа­лы, әрі жаңа заманның талап­тарына сай білім беру жүйесі. XX ғасырдың ірі өкілі, бел­гілі ағартушы Жүсіпбек Ай­мауытов ұстаз қызметін былай сипаттайды: “Балаларға білім берумен, тәрбиелеумен мұғалім­нің қызметі тәмам болмайды. Ол балаларды тәрбиелеуге, үгіт­теуге міндетті, басқаша айт­қанда, мұғалім қарапайым қыз­мет­кер емес, ол шәкірт­терінің алдағы өмірін өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, оларға келешекте өмірден аяғын шалыс басып, соққы жеп өкін­беске күні бұрын сақтанды­ратын қорғаушысы, қамқоршы­сы”. Ұлы Абайдың да “ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деген нақыл сөзі педаго­гикалық ғылымды таңдаған адамның өз маман­дығынан шаршамайтынын, қайта кері­сінше баланы оқыту арқылы нәр алатынын айтады. Ұстаздың бүгін қиын еңбекпен оқытқан шәкірті ертең егеменді елінің үлкен бір азаматы болғанда біз мұны ұстаз бен мемлекеттің, ата-ана мен қоғамның ортақ жемісі деп айтамыз. Перизат ШОЙБЕКОВА, № 51 қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі. Астана. “ҚАУІПСІЗДІК ӘЛІППЕСІ” БАЛАЛАР ОЙЫНЫНЫҢ ҮЗДІК СЦЕНАРИІНЕ КОНКУРС ЖАРИЯЛАДЫ Жыл сайын республикада жол-көлік оқиғаларында 180-нен артық балалар қаза табады және тағы 2 мыңға жуығы – түрлі дәрежелі жарақаттар алады. Жол поли­циясы осындай қайғылы оқиғалар­ды болдыр­мау үшін бірқатар шараларды қолға алуда, соның ішінде балалар мен жасөс­пірімдердің Жол қозғалысы ере­желерін білу және сақтауға насихаттау жолы, деп хабарлайды ЖПК баспасөз қызметі. Жалпыға мәлім, тек лекция және шақырулармен бұл мақсатқа жету мүм­кін емес. Сондықтан Жол поли­циясы комитетінің ресми сайтында балаларға арналған балалар қатысуымен ЖКО-ды алдын алу және ЖҚЕ-ді үйренуге бағытталған “Қауіпсіздік әліппесі” (онлайн режимінде) ойынын жасауға шешім қабылданған. Осыған байланысты ІІМ Жол поли­циясы комитеті өзінің ресми сайтының (www.zholpolіce.kz) тұтынушылары ара­сында жол қауіпсіздігі бойынша балалар ойынының ең жақсы сценариіне конкурс жариялайды. Жұмыстарға қойылатын негізгі талаптар: Біріншіден, балалар ойыны flesh-технологияларда және онлайн режимін­де жүзеге асырылады. Екіншіден, ойын 6 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға қызықты және түсінікті болу керек, қиындықтың 3-5 деңгейі болуы керек. Үшіншіден, ойында балалардың білімі ЖҚЕ-нің жаяу жүргіншілер ережесі, жолаушылар ережесі, велоси­педшілердің ережесі, мектеп бағдарла­масы көлеміндегі жол белгілері (оны сайттың “Балалар жарақаты – Мұға­лімдер үшін” бөлімінде қарауға болады) бөлімдері бойынша тексеріледі. Конкурстың қорытындылары 2010 жылдың тамызында шығарылады. Ең жақсы сценарий (сценарийлер) “Қауіпсіздік әліппесі” балалар ойынын жасағанда пайдаланылады. Жеңімпаз­дар­дың есімдері Жол полициясы коми­тетінің ресми сайтында жарияланады. ТОҚТАУСЫЗ ЖҮРЕТІН БОЛДЫ “Омбы-пригород” ААҚ-тың бас директоры Р.Бикбауов солтүстік­қазақстандықтарға жағымды хабар жеткізіп, бір қуантып тас­тады. Ол қала маңына қаты­найтын электр пойыздарының жұ­мыс кестесі сақталып, одан әрі де тоқтаусыз жүретінін жеткізді. Бұл міндетті Батыс-Сібір темір жолы басқармасына қарасты “Омбы-пригород” компаниясы атқарады. Арзан әрі тиімді көлік Солтүстік Қазақстан облысы және Ресеймен шекаралас өңір жолау­шыларының қолайына жағып, алты жыл бойы үзіліссіз жүріп тұрды. Новосібір, Түмен, Петропавл бағыттары бойынша да жолаушылар қатынасы ұйымдастырылды. Ком­пания қала маңына қатынайтын бағыттарды дамыту мақсатымен 1,5 миллиард рубль қаржы жұмсады. Алғашқыда шығынсыз жұмыс істегенімен, кейін қаржы дағдарысы салдарынан пойыздар қатынасы 22 пайызға дейін азайды. Оның салқыны Омбы-Петропавл бағы­тын­дағы электр пойызы қатынасына да тиіп, адамдардың саяжайларға, разъездерге жетуі үлкен машақатқа айналды. Жүргіншілер тарапынан пойыздардың жүруін тоқтатпау жөнінде арыз-шағымдар көптеп түскеніне қарамастан мәселе шешіле қоймады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов пен Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаевтың қолдауы арқасында “Петропавл-Омбы” бағытындағы пойыз өз жұмысын тоқтатпайтын болды. Алайда, көп нәрсе жолау­шылардың өздеріне де байланысты екенін атап көрсеткен жөн. Себебі, билет алмай, тығылып жүру, баратын жерін жасырып, қашық­тықты қысқартып көрсету секілді жайттар жиі кездеседі. Жағдай осы­лай жалғаса берсе, келер жылы проблеманың қайталанбасына ешкім кепілдік бермесі анық. Олай болса, электр пойыздарының қызметін жақсартып, шығынсыз жұмыс істе­уіне жүргіншілердің өздері де мүдделі болғаны абзал. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі                                                           www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі   www.mіt.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі      www.auzr.kz