Егер осыдан жиырма шақты жыл бұрын әлдекім Германияның федералды канцлері лауазымына енді әйел сайланады, онда да коммунистік ГДР-де өскен қыздың бағы жанады деген сәуегейлік білдірсе, былайғы жұрттың бәрі дерлік соны айтқан адамға қатты күмән келтірген болар еді. Әйткенмен, неміс нәсілінің басым бөлігі күтпеген бұл жағдай 2005 жылдың қоңыр күзіне қарай шын мәнінде жүзеге асты.
Сол кездегі сәнге оншалықты келе бермейтін дөңгелек шеңберлі шашы мен сұрғылт сырт киімдерін заматында әдемі тігілген қою түсті кәстөмдерге айырбастай қойған Ангела Меркель ежелгі тарихи Саксония жерінің, қазіргі заманғы өркениетті Германияның сегізінші канцлері болып шыға келді.
Сол 2005 жылдың 22 желтоқсаны күні бұл елдің тарихындағы тұңғыш әйел канцлер жаңа лауазымын адал атқаратыны жөнінде ант берді. Ол өзінің осы сөзінде: “Өзімнің барлық күш-жігерімді неміс халқының игілігіне арнауға, оның әл-ауқатын көбейтуге, оны барлық жаманшылықтан қорғауға, конституция мен федерация заңдарын сақтауға және қорғауға, әрбір адамға әділ болуға ант етемін”, – деді. Ал соңында: “Құдайдың өзі маған жар болсын”, – дегенді қосып қойды. Діндарлар отбасында өскен оған бұл сөз шынында жарасып тұрды.
Біздің елімізге ресми сапары басталып жатқан күндері тура 56 жасқа толатын Ангела Доротея Меркель (қыз кезіндегі тегі – Каснер) 1954 жылғы 17 шілдеде ГФР-дің Гамбург қаласында дүниеге келді. Оның әкесі Хорст Каснер Гейдельберг пен Гамбург университеттерінде теологиядан дәріс оқыса, анасы Герлинда латын және ағылшын пәндерінің мұғалімі болатын. Ал Ангела өмірге келгеннен кейін бірнеше апта өткесін оның лютеран пасторы болып саналатын әкесі отбасын алып ГДР-ге көшеді. Мұнда Темплин деген шағын қалашыққа қоныс тепкен ол семинария ашып, мүгедектер үйін басқарады. Мұнда көп ұзамай Германия лютерандарының екіге жарылып, ГДР-дің жеке шіркеуі болуы жолындағы белсенді күрескерлердің біріне айналады. Саясатты бір кісідей түсінген Хорст коммунистік Германиядағы тәртіпті ешқашан сынға алмайды, қайта оның артықшылықтарын айта жүреді. Соның арқасында өкімет тарапынан өзі де көптеген жеңілдіктерге қол жеткізеді. Айталық, екі бірдей автокөлікке егелік етіп, Батыс жаққа қалаған уақытында барып-келіп жүреді. Сондықтан пастор әкесінің діліне берік коммунист екеніне сенген Ангела да өзіне сенімді болады. Дегенмен, ол өзінің балалық шағы туралы айтқанда, бірер ауыз сөзбен ғана шектеліп, көсіліп сөйлегенді оншалықты ұната бермейтін көрінеді. Мұның себебін журналистермен болған бір сұхбаты барысында ол: “Сол кездегі жүйемен мен кикілжіңге көп келіп қала бердім. Бірақ бұл менің балалық шағымның жақсы жақтары болмады дегенді білдірмейді”, – дегенді тілге тиек еткені де бар. Расында да өзіне сенген қыз мектепте өте жақсы оқыпты. Ол математика олимпиадаларында бірнеше рет тамаша жеңіске жетеді. Тіпті 1970 жылы орыс тілі пәні бойынша өткен олимпиадада үздік шыққан ол жүлде ретінде Мәскеуге сапар шегіп қайту құрметіне де ие болады. Білім ошағында алдымен пионер ұйымының, сосын ерікті неміс жастары одағының қатарында есепте тұрады.
Ангела Каснер мектепте оқып жүрген кездерінің өзінде-ақ Лейпцигтегі Карл Маркс атындағы университеттің физика факультетіне түсіп, оқуды аңсап еді. Ол 1973 жылы орта мектепті тәмамдаған бойда сол армандаған қаласына көшіп барады. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде оппозициялық бағыттағы жастардың тобына қосылған жоқ. Алайда, осы жылдары ол өзінің сүйікті жазушысы саналатын диссидент қаламгер Райнер Кунцемен танысқанын көпке дейін мақтаныш етіп жүрді. Ал оқып жүргенінде, 1974 жылы Мәскеу мен Ленинград студент-физиктерімен болған тәжірибе алмасу кезінде тағдыр оны болашақ күйеуі, Фогтланд университетінің студенті Ульрих Меркельмен жолықтырды. Бұлардың бірлесіп отау тігіп, шаңырақ құрғанын білдіретін некелесу рәсімі 1977 жылғы 3 қыркүйекте Темплин қаласының шіркеуінде өтті. Бірақ бұл отаудың ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Арада бес жыл өткесін Ангела араларындағы қарым-қатынастың түгел біткенін жариялайды. Жариялап қана қоймай, барлық жиған-терген мүкәмалдарын өзі алып қалады. Оның сол кездегі құрбысы Габриелла Отто бұл жылдарды былай еске түсіреді: “Мен оған Ульрихқа да бірдеңе қалдыру керек екенін айтып едім, ол сөзімді бірден үзіп тастап, оның тегін сақтап қалғанының өзі жететінін мәлімдеді”. Расында Ангела бұдан кейін де күйеуге шыққанымен, сол алғашқы зайыбының тегін сақтап қалды.
Лейпциг университетін 1978 жылы үздік бітірген Ангела Меркель, өзінің айтуынша, Штазимен (ГДР-дің ұлттық қауіпсіздік комитеті) қызмет жасасуға келісім бермегені себепті бірден жұмысқа орналаса алмайды. Әйткенмен, бұл дағдарыс ұзаққа созылмайды, сол оқу бітірген жылы ол анау-мынау емес, ГДР Ғылым академиясы Физика химиясы орталық институтына ғылыми қызметкер ретінде қызметке қабылданады. Мұнда сонымен қатар комсомол ұйымының идеология жөніндегі хатшысы болып та сайланады. Институтта ол квант физикасы жөніндегі ғылыми жұмыстармен айналысты. Оның ғылымдағы мансабы да сәтті басталды. Соның айғағы ретінде 1986 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Сонымен бір мезгілде “Неміс ерікті жастар одағында” жетекшілік қызметте жүрген Ангела бұл сатыда да тез ілгері өрлеуге бет алады. Ол алдымен елдің Үгіт және насихат департаментінің хатшысы деген лауазымға қол жеткізеді. Осылайша ГДР-дің саяси коммуникация жөніндегі бас сарапшыларының біріне айналған ханым ғылыми және саяси қызмет жағдайларымен кеңестік блок жағындағы елдерге жиі сапарға шығып тұратын болады. Соның ішінде сол жылдары Мәскеуге де бірнеше мәрте келіп қайтады.
1989 жылдың 10 қарашасы күні түнде 155 шақырымдық Берлин қабырғасының құлатылуы әлем жұртшылығының көптен күткен оқиғасы болғанымен, оның талайларды естен тандырып тастағаны да шындық. Осы әрі-сәрі ахуалды өзінің пайдасына қарай шешуге тез жұмылған Орталық Барлау Басқармасы ескі тәртіптегі адамдар арасынан бұрын КСРО-ға қызмет еткендей АҚШ-қа да адал болатындарды тауып, жаңа саяси күштерді қалыптастыруға ұмтылды. Ал арада бір айдай мерзім өткесін Ангела Меркель өзінің бұрынғы саяси лагерін ауыстырып, батыс германиялық христиан демократиясының “Демократиялық дүмпу” атты жаңа қозғалысы қатарына қосылады. Жаңа ұйымға мүше болғаннан бастап коммунистік тәртіптің көлеңкелі жақтарын ашып көрсетуге белсене кіріседі. Ол енді ГДР-дегі коммунист емес, ең бірінші басшы – Премьер-министр Лотар де Мезьердің үкіметі құрамынан табылып, мұнда да бұрынғы атқарған қызметіне сай лауазым алады. Бұл жолы ол тек батысгермандық мәнермен “баспасөз хатшысы” деп аталады. Әлбетте, осыдан кейін Ангеланың ғылымды біржола жылы жауып қоюына тура келеді.
Бірақ көп ұзамай Ангела Меркель өзі жаңадан кірген партиясының да құрамынан шығып, “Христиан-демократиялық одағына” саналы түрде өтеді. Бұл кезде оның осы партияның жетекшісі тізгінін ұстауы үшін арада бар-жоғы он жылдай уақыт бар еді. Қазір сарапшылар Ангеланың осыншалықты бас айналдыратындай зор табысқа жетуінің қандай құпия сыры бар екенін зерттей келіп, оның бәрі аталмыш ханымның барлық маңызды мәселені барынша ақылға салып, байыпты шешетіндігімен байланыстырады. Қызмет баспалдағы бойымен жылдам өсе бастаған ол арада тағы бір жыл өткесін, 1990 жылдың желтоқсан айында Бундестагтың депутаты болып сайланды. “Ол барлық уақытта да уәде берумен болды, – деді кейін оның сайлаушыларының бірі. – Сол үшін біз оған дауыс бердік. Уәделер орындалмаған күйі қалды. Бірақ біз оған сендік. Өйткені бұл кезде ешкімге де сенуге болмайтын, ал ол болса тым құрығанда бізді жақсылап тыңдай алды ғой”. Жоғарыдағы Христиан-демократиялық партиясының бас хатшысы және канцлер Гельмут Коль де оған сенді. Сенгендіктен де А.Меркельді 1991 жылы әйелдер мен жастар ісі жөніндегі министр етіп тағайындады. Алайда, осы қызметті атқарған үш жылы ішінде ол өзін айрықша бір қырынан таныта алмады. Соған қарамастан канцлер мұны тәжірибесіздіктен көріп, “балапан” деп атады. Осыдан бастап журналистер Ангеланы “Гельмут Кольдің қызы” атандырып жіберді. Ал 1994 жылы қырық жастағы “қыз” ГФР-дің қоршаған орта мен табиғатты қорғау, ядролық реакторлар қауіпсіздігі министрі деген кезекті лауазымының тұғырына қонды.
Өмірдің бұдан кейінгі ағымы жағдайды бұдан да қатты өзгертіп, оның А.Меркель үшін пайдалы жақтары аз болмады. Христиан-демократтар 1998 жылғы сайлауда жеңіліп қалып, Ангела алдымен өзінің министрлік орынтағын босатуға мәжбүр болды. Осыдан кейін “Франкфурт альгемайне” газетінде Гельмут Кольді сынға алған мақала жарияланды. Дегенмен, бұл сын өзінің діттеген жеріне жетпеді, партияның көшбасшысы орнында қала берді. Бірақ арада бір жыл өткесін, бұқаралық ақпарат құралдарында Г.Кольдің 1993-1998 жылдар аралығында қайдан шыққаны белгісіз екі миллион маркаға жуық ақшаны ХДС-ның құпия есепшотына аударғанын куәландыратын құжаттар басылып, дау қайта өршіп кетті. Осыдан кейін Ангела Меркель ХДС бас хатшысының тез арада орнынан кетуі керектігі туралы жалынды сөз сөйледі. Бұл сөз шынында да Гельмут Кольдің партия жетекшісі міндетін тастап кетуін жеделдетті. Ал сол орын босағасын лауазым Ангелаға бұйырды. Рас, бұл кезде партияның төрағасы Вольфганг Шойбле болып қала берген. Арада тағы бір жыл өткесін оның да былықтарын ашып көрсеткен материалдар пайда болды да, Ангела Меркель тағы “адасқан адамның табанын жалтыратуын” талап етті. Мұның соңы өжет ханымның партия жетекшісі болып сайлануына апарып жеткізді.
1998 жылы Ангела Меркель екінші рет тұрмысқа шықты. Бұл жолы оның таңдауы профессор Йоахим Зауэрге түсті. Көре алмайтын көп жұрт Ангела мұндай қадамға өз имиджін қалпына келтіру үшін барды дегенді де айтты. Бірақ қалай дегенде де, оның ендігі тапқан қосағы әлемдік атағы бар химик ғалым, белгілі азамат еді. Ол бұл екеуі жақын танысқан 1984 жылға дейін өзіне екі бала туып берген әйелінен ажырасып үлгерген-ді. Алайда, Германияның сегізінші федералды канцлері болып отырған ханымның екі күйеуінен де баласы болмады. “Мен мұндай мүмкіндікті жоққа шығарғаным жоқ, – дейді А.Меркель қазір. – Бірақ ыңғайы келмеді. Мен саясатпен шұғылдануға кіріскенімде, 35 жаста едім, сондықтан өзіме бұл сұрақты қоймайтын да болдым”. Журналистердің сауалдарына жауап бере келе, Ангела тұйықтан осылай әдемі шығып кетті. Сонымен бірге ол өзін нағыз шынайы адам ретінде де көрсете білді.
Мұндай шынайылықтың нышанын ол 2005 жылғы сайлау барысында өз қарсыласы социал-демократ Герхард Шредермен болған теледебатта да байқатты. Осы пікірталаста өзін “телевизия канцлері” ретінде танытып қалған қызыл сөзі көп Г.Шредерге қарағанда, студияда қысылыңқырап отырған тілі қасаң Ангела жалпылама сөздермен ештеңеге негізделмеген көптеген уәделер беріп тоқталды. Алайда, мұның есебі дұрыс еді, шоумен Шредердің қасында ол елдің тағдыры үшін нағыз алаңдайтын тұлға болып көрінді. Ең бастысы, Ангела осы сайыста өзін шынайы саясаткер ретінде аңдатып шықты.
Шынында да Ангела Меркельдің басқа саясаткерлерге ұқсай қоймайтын жақтары көп. Соның бірі – жақында Оңтүстік Африка Республикасында өткен футболдан әлем чемпионаты кезінде оның ширек финалдан бастап, Германия құрамасының ойындарын тамашалағанын бәріміз көрдік. Ол ойындарда жай тамашалап қоя салған жоқ, өз елі футболшыларының әрбір қимылына баға бере қарады. Тіпті бәстескенде неміс аяқдоп шеберлерінің Аргентина құрамасын ұтатынын да дәл болжапты. Осы Кейптаунда күйеуіне қарағанда футболға көбірек қызығатынын айтып салды. Бұдан басқа, ол ағылшын және орыс тілдерін өте жетік біледі. Қолы боста бағбандықпен айналысқанды, кітап оқығанды және саяхатқа шығып тұрғанды ұнатады.
Американың Forbes журналы жақында Ангела Меркельді “әлемдегі ең қуатты әйел” деп атады. Ал Меркель ханым шынында “Үлкен сегіздік” елдерінің ішінде мемлекет тізгінін ұстап отырған бірден-бір әйел болып табылады. Алайда, “Германияның канцлері” деген қызмет орны оған барлық өкілдіктерді бере бермейтінін де айтады сарапшылар. Бір жағынан неміс сайлаушылары Меркель ханымды үкімет құрамына өзінің саяси қарсыластарын да енгізуге мәжбүрлесе, екінші жағынан оның Христиан-демократиялық одағының тізгінін қалай алғанын білетін әріптестері аяқтарын тартып қалған сияқты. Осылайша ұдайы көпшіліктің бақылауында жүрген Меркель іс жүзінде өзінің саяси көзқарастарын толығымен жүзеге асыра алмай келе жатқан сыңайы бар. Сондықтан оған үнемі ымыраға баруға тура келеді. Бәлкім, осының өзі жақсы шығар...
Серік ПІРНАЗАР, АСТАНА.