Бұл күндері Алматы метросының құрылысы 90 пайызға аяқталып, енді оны техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету басталды. Сәрсенбінің сәтінде оңтүстік астанаға метроның алғашқы электр пойыздары жеткізіліп, қос рельске түсті.
Жиырма жылдан астам уақыттан бері тынымсыз қазылып-салынып келе жатқан метрополитен келер жылы, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қалалықтардың игілігіне берілуі тиіс. Алматы метросын жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді оңтүстікореялық “Hyundaі” корпорациясы қолға алып отыр.
Алматылықтар үшін айтарлықтай оқиға болып табылатын осынау салтанатты оқиғаға қала әкімі Ахметжан Есімов, “Hyundaі” корпорациясының президенті Ким ´нг Нам, метро құрылысының жұмысын үздіксіз басқарып келе жатқан “Метрополитен” ҚММ директоры Мұрат Үкшебаев, “Алматыметроқұрылыс” АҚ бас директоры Исабек Ақатов пен БАҚ өкілдері қатысты.
Дизайны еліміздің көк байрағымен үндес жасалынған вагондар – отандық техникалық талаптарға ғана емес, әлемдегі заманауи метро пойыздарына қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Мұнда жолаушылар үшін жайлылық, қауіпсіздік мәселелері түгел ескерілген. Жолаушылар вагондардан вагондарға емін-еркін өте алады. Ең бастысы, жылжымалы құрамдардың тежегіші ескі әдіспен емес, диск арқылы жұмыс істейді. Жоғары жылдамдықпен жүретін пойызды диск арқылы тежеу оның дөңгелектерін тез ескіртпейді әрі шуды азайтып, жөндеуге кететін шығындарды да айтарлықтай үнемдейді екен. Яғни, бұрын колодкалық тежегіштерге тән фрикциялық шаң жаңа пойыздарда жоқ. Бұл да экологиялық тұрғыдан өте тиімді екені айтылуда.
Салтанатты оқиға барысында сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов:
– Елбасының Жолдауына сәйкес, біз Қазақстандағы тұңғыш метроның – Алматы метросын қолданысқа енгізу жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарып отырмыз. Бүгінгі оқиғаны осы тапсырманы орындау барысындағы басты кезеңдердің біріне жатқызуға болады. Екі ай бұрын Елбасы осы жерде болып, жұмыс барысымен танысқан. Метро құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Келесі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы пайдалануға беріледі деген сенімдеміз. Ал бүгін біз қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін метроның алғашқы төрт құрамын таныстырып отырмыз. Төрт вагоннан тұратын 4 құрам, бұл – 16 вагон. Тағы үш құрам – 12 вагон тамыз-қыркүйек айларында жеткізіледі, – деді.
Қала әкімі тапсырыспен жасалған вагондар оңтүстік астанаға дер кезінде жеткізілгенін, аталмыш корпорация метро вагондарын жасауда әлемдегі жетекші компаниялардың қатарына енетіндігін атап өтті. Алматы әкімі оңтүстікореялық компанияға таңдау тегін түспегендігін, оның тәжірибесі мен вагондардың жайлылығы, сапасы зерттелгендігін айтады.
– Бүгінде әлемдегі ірі қалалардың бәрі экологиялық тұрғыдан таза көлік түрлеріне көшуде. Сондықтан да таңдау көбіне темір жолдармен жүретін электр пойыздарына түседі. Қауіпсіз технологиялар мен қауіпсіз материалдардан жасалынған вагондар Алматының экологиялық ахуалын жақсартуға септеседі деп сенеміз. Келешекте бұл қалада метро желілері кеңейе береді деп ойлаймыз. Сондықтан біздің компания осынау жобаға үлкен мән беріп отыр, – деді “Hyundaі Rotem” компаниясының өкілі Ли ´ Сонг мырза.
Сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен жүретін жылжымалы құрам бір мезетте 940 жолаушы тасымалдайды. Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда вагондардан вагондарға өту оңай және пойыздар кондиционерлермен жабдықталған, арнаулы бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызды нысан болып табылатын Алматы метрополитенінің 4 стансасы толық абаттандырылған, қалған үш стансада әрлендіру жұмыстары жалғасуда. Қазір жер асты жолдарында рельс салу жұмыстары қызу қарқын алған.
Күн сайын өсіп келе жатқан мегаполистегі алғашқы кезеңнің 7 бекетімен Алматының көлік кептелісі, жолаушы тасымалы мәселесін шешу мүмкін емес. Сондықтан метро құрылысын әрі қарай дамыту мақсатында қазір Абай даңғылынан бастап Қалқаман-3 шағын ауданына дейін және “Райымбек батыр” стансасынан бастап “Алматы-1” вокзалына дейін жер асты жолын салу қарастырылуда.
Сондай-ақ келешекте метроның екінші кезегін “Думан” шағын ауданынан бастап Орталық саябаққа дейін салу жоспарлануда.
Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Самат ҚҰСАЙЫНОВ.